Accessibility links

Ақпарат министрі тағы төрт жаңа қызметке ие болды. Бірі – "Назарбаев орталығында"


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі

Жуырда ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Дархан Қыдырәлі тағы төрт жаңа қызметке ие болды. Бұл жөнінде үкімет қаулысына сүйенген ҚазТАГ агенттігі жазды.

Үкімет Дархан Қыдырәліні "Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы" АҚ коммерциялық емес ұйымының директорлар кеңесінің құрамына енгізуді тапсырған. Бұл орталық 2019 жылы үкімет қаулысымен құрылған. Орталық бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орай аталған.

Министр сонымен бірге үкімет қаулысымен "Қоғамдық даму жөніндегі қазақстандық институт" директорлар кеңесінің құрамына енді. Тамызға дейін институт атауында "Рухани жаңғыру" деген тіркес болған. Үкімет қаулысымен аталған тіркес институт атауынан алынған.

Бұған қоса, министр "Қазмедиа орталығы" компаниясының бақылаушылар кеңесінің құрамына кірді. 22 қабаттық ғимаратта орналасқан бұл телеорталық "Қазақстандағы медиаконтент өндірісі мен ұлттық медианы сапалы таратуды қамтамасыз етуге" жауап береді.

Ақпарат министрі сонымен бірге мемлекеттік "Егемен Қазақстан" республикалық басылымының бақылаушылар кеңесінің құрамына енді. 1991 жылдан бері осы атпен шығып келе жатқан басылым негізінен мемлекет саясатын, президент сапарлары мен өзге де ресми шараларды қамтып, ақпарат таратады. Дархан Қыдырәлі 2016 жылдың шілде айы мен 2022 жылдың қыркүйегіне дейін осы басылымға жетекшілік еткен.

Үкімет қаулысында сонымен қатар министрді аталған ұйымның директорлар кеңесінің құрамына енгізу қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс және жекешелендіру комитетімен жүзеге асырылатыны жазылған.

Дархан Қыдырәлі қыркүйекте Ақорда жарлығына сәйкес, ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған. Ол өзіне дейін сол қызметті атқарған Асқар Омарды алмастырды.

Қазақстан халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" 180 елдің арасында 122-орында тұр. Құқық қорғаушылар елде сөз бостандығының ахуалын күрделі деп бағалайды.

XS
SM
MD
LG