Accessibility links

Шымкенттегі Наурыз тойынан шыққан дау: Есепшілер ұзақ жылға сотталды, Майғазиев "бәрін органдарға сілтеді"


Шымкенттегі 2021 жылғы Наурыз тойына жарты миллион теңгеден аса қаржы бөлінгені дауға ұласып, мәдениет үйінің қызметкерлері қамауға алынған еді.
Шымкенттегі 2021 жылғы Наурыз тойына жарты миллион теңгеден аса қаржы бөлінгені дауға ұласып, мәдениет үйінің қызметкерлері қамауға алынған еді.

12 қазанда Шымкент соты қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері мен жеке кәсіпкерді "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырды", "аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды" деген айыппен ұзақ жылға соттады. Олар 2021 жылы Шымкент мәдениет басқармасы Наурыз тойына бөлген қаржысы қоғамда дау тудырған соң қамауға алынған. Наурыз тойына бөлінген ақшадан дау шыққанда Шымкенттегі мәдениет үйін белгілі әнші Сәкен Майғазиев басқарған еді. Сотталғандардың жақындары Майғазиевтің жауапқа тартылмағанына наразы. Азаттық Наурыз тойынан шыққан даулы істің мән-жайына үңілді.

СОТ ҮКІМІ

Шымкент соты қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бас есепшісі Камила Асанбекованы "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырды", "аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды" деген айыппен 8 жыл түрме жазасына кесті. Сотта Асанбекова "ақша жымқыруды ұйымдастырушы" адам ретінде айтылған. Бірақ ол өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ, соттан өзін толық ақтауды сұрады.

Ал осы басқармаға қарайтын қалалық мәдениет үйінің бас есепшісі Нұрсұлу Баймашева – жеті жарым жылға, жеке кәсіпкер Ғазиза Әмірқұлова жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Баймашеваның көмекшісі Наргиза Дәуренова алты жыл шартты жаза алды.

Сотта Асанбекова, Баймашева, Әмірқұлова және Дәуренованың 2018-2021 жылдары мемлекеттің 609 млн теңге қаржысын "жымқырғаны" айтылды.

Сот Шымкент қалалық мәдениет үйінің бұрынғы директорлары – Самат Есболов (2019 жылы басқарған) пен Ғани Аманқұловты (2020 жылы басқарған) ақтады. Оларға "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырды" деген айып тағылған еді.

Ал сотталғандардың бірінің жақыны Азаттыққа "сот әділетсіз өтті" деген ойын айтты. Атын атамауды өтінген адам бұл іске мәдениет үйін 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін басқарған әнші Сәкен Майғазиевтің қатысы бар деп есептейді. Оның сөзінше, есепшілер бірінші басшының бұйрығынсыз ештеңе істей алмайды.

Сәкен Майғазиев (Сурет Шымкент қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).
Сәкен Майғазиев (Сурет Шымкент қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).

- Майғазиевтің сүттен ақ, судан таза болып шыққаны ақылға қонбайды. Менің сіңілім есепші ғана. Басшыға білдірмей миллиондаған ақшаны жымқырды дегенге кім сенеді? Ол бар болғаны аудар деген ақшаны аударып отырған. Сол үшін сотталып жатыр. Біз сот үкімімен келіспейміз. Қазір апелляциялық шағым түсіріп жатырмыз, – деді айыпталушылардың бірінің туысы.

Азаттық сот үкіміне байланысты Майғазиевке хабарласқанда ол "менен емес, құзырлы органдардан сұраңыздар" деп телефонды қоя салды.

НАУРЫЗ ТОЙЫНАН ШЫҚҚАН ДАУ

2021 жылы мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенген журналистер мен қоғам белсенділері Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен 595 млн теңге бөлінгенін жазған. Пандемия кезінде қаладағы Наурыз тойына осыншама көп қаржы бөлінгені қоғамда шу туғызып, белсенділер Шымкент әкімдігінен бюджеттен бөлінген қаржы есебін сұрай бастады. Ал әкімдік 595 млн теңге жайлы ақпаратты жоққа шығарып, Наурыздағы мерекелік іс-шараларға тек 213 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бірақ әкімдік мәліметі порталдағы ресми дерекке қайшы болды.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, Шымкент қалалық мәдениет үйі Наурыз мерекесіне орай түрлі компаниялармен жеті келісім-шарт жасасқан. Олардың жалпы құны – 595 млн теңге.

Шымкент әкімдігі Наурызды тойлауға жарты млрд теңге бөлген. Ал жұрт мереке лебін сезбеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

Наурыз бюджетін зерттеушілер келісімдердің кейбірі жаңадан тіркелген, мәдени іс-шаралар өткізуге рұқсаты жоқ компаниялармен жасалғанына назар аударған. Сондай-ақ сол кезде мәдениет үйінің директоры болған әнші Сәкен Майғазиевтің өзі ән айтатын "МузАрт" тобының концертіне "30 млн теңге бөлгені" де қоғам наразылығын тудырған.

Наурыз тойының бюджетінен шыққан шудан кейін ішкі аудит комитетінің Шымкенттегі департаменті қалалық мәдениет үйін тексеріп, 2018-2021 жылдар аралығында мәдениет үйі түрлі компанияларға 213 млн теңгеден астам қаржыны негізсіз аударғанын анықтаған. Кейін тергеу кезінде 609 млн теңге "жымқырылғаны" анықталды. 12 қазанда аяқталған сотта 609 млн теңгенің ішінде Наурыз тойына бөлінген қанша қаржы болғаны жайлы нақты айтылмады. Тек мәдениет үйі қызметкерлерінің 609 млн теңгені 2018-2021 жылдары "жымқырғаны" айтылды.

Бұл факт бойынша Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент тергеу жүргізіп жатқанда мәдениет үйінің есепшілері Баймашева, Асанбекова және жеке кәсіпкер Әмірқұлова істі жаптыру үшін жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлеріне "80 млн теңге пара бермек болды" деп қамауға алынды.

Осы кезде мәдениет үйінің директоры Сәкен Майғазиев жұмыстан "өз еркімен" кеткенін хабарлады. Шымкент қалалық мәдениет үйінің 2021 жылы Наурыз мерекесіне байланысты жасасқан келісім-шарттарға Сәкен Майғазиевтың қолы қойылған. Бірақ ол былтыр осы дау ушығып тұрғанда өзінің атынан қол қою құқығын түгелдей бас есепшісіне беріп қойғанын айтып, ақталған еді.

Сәкен Майғазиев 74,5 млн теңгенің "қайда кеткенін білмейді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:45 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG