Accessibility links

Путин: Мобилизация екі аптаның ішінде аяқталуы мүмкін


Владимир Путин Астанадағы ТМД саммитінде. 14 қазан 2022 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин шамамен алдағы екі аптада мобилизация шаралары аяқталуы мүмкін деп мәлімдеді. Ол бұл туралы Астанадағы ТМД саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында айтты.

Оның сөзінше, қазір мобилизация бойынша 220 мың адам әскерге алынған. Путин Ресей мобилизация арқылы әскерге шақырылатындар санын көбейтпейді деді. Бұған дейін Кремль мобилизация кезінде 300 мың адам әскерге алынатынын айтқан.

Путиннің сөзінше, мобилизация арқылы әскерге алынған 16 мың адам қазір майданда жүр. Ресей президенті Украинаның өзін және мәдениетін жою жоспарымызда жоқ деп мәлімдеді. Ал Ресейдің Украинаның оңтүстігіндегі жерлерді аннексиялап алғаны жайлы сұраққа "Қырымды су құбырымен қамтамасыз ету үшін" деп жауап берді, бірақ референдум жайлы ештеңе айтпады.

Путин қазір Украинаға жаппай ракеталық шабуыл жасаудың қажеті жоқ деп мәлімдеді. Бұған қоса, ол НАТО әскерінің Украинадағы қақтығысқа араласуы "ғаламдық апатқа алып келеді" деді. Путин қазір АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөз жүргізудің мәні жоқ дегенді де меңзеді.

Кремль 24 ақпанда ресейлік сепаратистер бақылауындағы "ДХР" мен "ЛХР" аумағын қорғаймыз деп және Украинаны "демилитаризация және денацификация жасаймыз" деп Украинаға соғыс ашқан. Путин Астанадағы баспасөз мәслихатында аннексияланған Қырымды су құбырымен қамтамасыз ету мақсаты жайлы алғаш рет айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG