Accessibility links

Ресей Украинаның қалаларын ракетамен атқылады. Жағдайдың анық-қанығы


Киевтегі жарылыс. 10 қазан 2022 жыл.
Киевтегі жарылыс. 10 қазан 2022 жыл.

10 қазан таңертең Украинаның Киев, Хмельницкий, Житомир, Тернополь, Львов, Кременчуг, Кривой Рог, Харьков, Конотоп, Одесса, Ровно және Днепр қалалары ракетамен атқыланды. Украина қарулы күштерінің командирі Валерий Залужный бұл шабуылға Ресейді айыптады. Оның сөзінше, Ресей әскерилері Украинаға қарай 75 ракета атқылаған, оның ішінде 41 ракетаны украиналық зымыранға қарсы құрылғылары қағып түсірген.

"Қарулы күштеріміз азаматтарды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бірақ жаудың шабуылы толастар емес. Халықты жасырынуға шақырамын" деді ол телеграмда.

Бұл - Украинаға кейінгі жарты жылда жасалған ең ірі ракеталық шабуыл. Ресей Украина билігі шабуыл Ресей және Беларусь аумағынан Ту-95 және Су-24 ұшақтарынан; кемелер мен әмбебап ракета атқыштардан жасалды деп мәлімдеді.

Киев мэрі Виталий Кличко қаланың орталығындағы Шевченко мен Соломенский аудандарына шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Киев соңғы рет маусым айының соңында шабуылға ұшыраған. Басылымдар Украина астанасында кемі бес жарылыс дауысы естілгенін жазып жатыр.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Киевтегі жарылыстан жараланған тұрғындар. 10 қазан 2022 жыл.
Киевтегі жарылыстан жараланған тұрғындар. 10 қазан 2022 жыл.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Киевтегі жарылыстан жараланған тұрғындар. 10 қазан 2022 жыл.

Украина ұлттық полициясының хабарлауынша, Киевте кемі бес адам қаза тауып, 12 адам жараланған. Ал Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Ростислав Смирнов Шевченков ауданында сегіз адам қаза болып, 24 адам жараланғанын айтады. Киев қаласының метросы тоқтап, бомбадан жасырынатын жер болатыны хабарланды.

Запорожье қаласында кемі бір адам қаза тапқаны, Днепр қаласында да қаза болғандар бары айтылды. Украина президенті Владимир Зеленский де қаза тапқандар барын мәлімдеп, халықты сақ болуға шақырды.

"Соғыстың 229-күні. 229 күн бойы бізді жер бетінен жойып жіберуге тырысып жатыр. Запорожьеде ұйықтап жатқан адамдарды, Днепр мен Киевте жұмысқа кетіп бара жатқан адамдарымызды жоюды көздейді" деді ол.

Зеленский Ресей бұл шабуыл арқылы Украинаның энергетика нысандарын қиратпақ болды деді. Ал Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль зымыран 8 аймақтағы 11 инфрақұрылым нысанына тигенін хабарлады.

Львовтағы жарылыс. 10 қазан 2022 жыл.
Львовтағы жарылыс. 10 қазан 2022 жыл.

Снаряд Киев пен Хмельницкийдегі инфрақұрылым нысандарына; Львов, Харьков, Житомир облыстарында энергетика нысандарына түскені айтылды. Львов пен Харьковта жарық өшкен, Киевте интернет нашарлаған. "Украина теміржолдары" елдің батысында теміржол бүлінгенін хабарлады.

Украина мәдениет және ақпараттық саясат министрі Александр Ткаченко ракеталық шабуылдан филармония, Богдан мен Варвара Ханенко мұражайы, Тарас Шевченко мұражайы бүлінді деді.

Ал Ресей президенті Путин кейінірек мәлімдеме жасап, бұл шабуыл Қырым көпіріндегі шабуылға жауап дегенді меңзеді.

"Бүгін таңертең қорғаныс министрлігі ұсынысымен және Ресей бас штабының жоспарымен Украинаның әскери, энергетика және байланыс объектілеріне әуеден, теңізден және жерден жаппай соққы жасалды. Біздің аумағымызға теракт жасалатын болса Ресейдің жауабы қатаң болады" деді Путин.

Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков "шабуыл мақсатына жетті, көзделген нысаналардың барлығы бүлінді" деп мәлімдеді.

Екі күн бұрын, 8 қазанда Қырымдағы көпірде жүк көлігі жарылған еді. Ресей президенті Путин бұл жағдайды "теракт" деп атап, жарылысқа Украинаны айыптаған еді. Ал Ресей қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев Қырым көпіріндегі жарылысқа жауапты "террористерді тікелей жою керек" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG