Accessibility links

Путин Қырым көпіріндегі жарылысқа Украинаны айыптады, Киев мойнына алған жоқ


Жарылыс салдарынан автокөлік жолы бар бөлігі опырылып түсіп, теміржол өтетін бөлігінде жүк пойызы өртеніп жатқан Қырым көпірі. 8 қазан 2022 жыл.
Жарылыс салдарынан автокөлік жолы бар бөлігі опырылып түсіп, теміржол өтетін бөлігінде жүк пойызы өртеніп жатқан Қырым көпірі. 8 қазан 2022 жыл.

10 қазанда Киевте бірнеше жарылыс болды, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұл шабуыл Ресей президенті Владимир Путин Қырымды Ресеймен жалғайтын көпірде болған жарылысқа Украинаны айыптаған күннің ертесіне жасалды.

Бұған дейін Ресей күштері Украина астанасын маусымның аяғында зымыранмен атқылаған. Ал бүгінгі шабуыл Ресей президенті Владимир Путин Украина арнаулы қызметін Керчь бұғазындағы көпірде болған жарылысты ұйымдастырды деп айыптаған күннің ертесіне жасалды.

8 қазанда Мәскеу 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегі мен Ресейді жалғайтын көпірде жарылыс болған. Оқиға болған жерден түсірілген видеолар мен суреттерде көпірдің автокөлік жолы бар бөлігі опырылып түсіп, теміржол өтетін бөлігінде жанармай тиелген жүк пойызы өртеніп жатқаны байқалады.

КРЕМЛЬ ЖАРЫЛЫСҚА УКРАИНАНЫ АЙЫПТАДЫ

Жексенбі, 9 қазан кешке ресейлік телеарналар Путиннің Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинді қабылдаған сәтін көрсетті.

Ресей президенті Владимир Путин Ресей тергеу комитеті басшысы Александр Бастрыкинмен кездесіп отыр. Санкт-Петербург, 9 қазан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Ресей тергеу комитеті басшысы Александр Бастрыкинмен кездесіп отыр. Санкт-Петербург, 9 қазан 2022 жыл.

Бастрыкин жарылысқа Украина арнаулы қызметтерімен қоса Ресейдің әлдебір азаматтары мен шет мемлекеттердің қатысы бар деп мәлімдеді. Ол "терроризм" бабы бойынша іс қозғалғанын және Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) жарылысты кім жасағанын анықтаған айтты. Путин Қырым көпіріндегі жарылысты "аса маңызды азаматтық инфрақұрылымды бүлдіру мақсатында жасалған теракт" деп атады.

"Мұны жоспарлап, іске асырған және тапсырыс берген – Украина арнаулы қызметі" деді Путин.

Путин дүйсенбі, 10 қазанда Ресей федерациясы қауіпсіздік кеңесін жинап, кеңеседі деген ақпарат тарады.

Жарылыс болған көпірге алыстан қарап тұрған адамдар. Қырым, 8 қазан 2022 жыл.
Жарылыс болған көпірге алыстан қарап тұрған адамдар. Қырым, 8 қазан 2022 жыл.

Жексенбі кешке Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев Қырым көпіріндегі жарылыс үшін жауап беретін "террористердің көзін құрту керек" деп мәлімдеді. "Әлемде сөйтеді" деген уәж келтірген Медведев "Ресей азаматтарының күтетіні де сол" деді. Ол Украинаның "мемлекет бола алмағанын" айтып, бұл елдің билігін "қылмыскер режим" деп атады.

Путин жарылыстан соң Қырым көпірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ФСБ-ға жүктеді.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің ядролық қару қолдану доктринасында айтылған нысандарға Қырым көпірі де кіре ме деген сауалға қатысты РИА Новости агенттігіне "мүлде қате қойылған сұрақ" деп жауап берген. Ол доктринада елдің аса маңызды инфрақұрылым нысандарын бүлдірген жағдайда ғана, егер ол нысандар ядролық шабуылға жауап ретінде соққы беру мүмкіндігін қамтамасыз етумен байланысты болса, Ресей ядролық қару қолдануы ықтимал деп жазылған. Кейінгі кезде бірқатар шет мемлекеттің өкілдері, соның ішінде АҚШ президент Джо Байден де Ресей Украинаға қарсы ядролық қару қолдануы мүмкін бе деген мәселе жөнінде ондай қауіп барын түбегейлі жоққа шығармаған.

Қырым көпірінің жарылыстан кейінгі көрінісі. Спутниктен түсірілген сурет. 8 қазан 2022 жыл.
Қырым көпірінің жарылыстан кейінгі көрінісі. Спутниктен түсірілген сурет. 8 қазан 2022 жыл.

Қырым көпірінде 8 қазанда таңертең болған жарылыс салдарынан автокөлік жолы бар бөлігі опырылып түсіп, теміржол өтетін бөлігінде жанармай тиелген жүк пойызы өртенді. Кемінде үш адам қаза тапқан.

Ресей тергеу орындарының хабарлауынша, Ресейден Қырым қарай жүк апара жатқан автокөлік көпір үстінде жарылған. Салдарынан көпірдің автокөлік жолының екі бөлігі опырылып, теңізге құлаған. Көпірдің теміржол өтетін бөлігінде жүк пойызы өртенген. Бастрыкин жүк көлігі Болгариядан Грузия мен Армения арқылы Солтүстік Осетияға, одан ары Краснодар өлкесіне бара жатқан деп хабарлады. Расымен солай болса, бұл көлік түсініксіз бағытпен жүрген болып көрінеді, себебі Ресеймен ортақ шекарасы жоқ Армениядан Ресей федерациясы құрамындағы Солтүстік Осетияға қалай бармақ болды деген сұрақ туындайды. Бұған дейін баспасөз құралдары жүк көлігінің иесі – Краснодарда тұратын кәсіпкер, көлікті оның туысы айдаған деп хабарлаған.

Құны 3,7 миллиард доллар болатын Қырым көпірінің құрылысы 2016 жылы басталып, 2018 жылы мамырда ашылған. Оның жалпы ұзындығы – 19 километр.

"РЕСЕЙ БИЛІГІНДЕГІ ӨЗАРА ҚЫРҚЫСТЫҢ КӨРІНІСІ"

Киев бұл жарылысқа қатысы бар-жоғын ресми түрде айтқан жоқ. 8 қазандағы мәлімдемесінде Украина президенті Владимир Зеленский Қырым көпірінде болған оқиғаға тоқталған жоқ, бірақ сөз арасында "бүгін ел аумағында күн жарқырап тұр, алайда Қырымға бұлт үйірілді" деді.

Ал президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк сенбі күні таңертең Twitter-парақшасына "ұрланған нәрсенің барлығы қайтарылуы" және "кез келген заңсыз нәрсе жойылуы тиіс" деп жазды. Кейінірек ол бұл жарылысқа "өзара тайталасып, жүгенсіз кеткен" ресейлік күш құрылымдары жауапты деп қосты. Көпірге Ресей жақтан барған жүк көлігі жарылғанын айтқан Подоляк, Ресейде Вагнер жеке меншік әскери компаниясы (ЧВК) мен ФСБ бір жақ, ал Ресей бас штабы мен қорғаныс министрлігі екінші жақ болып қырқысып жатыр деп түсіндірген.

"Ресей басшылығында отырғандар майдандағы жеңіліске кінәні өзгеге артқысы келеді. ФСБ мен ЧВК иелерінің көксегені – министр Шойгу мен бас штаб бастығы Герасимовты орнынан тайдыру" дейді Подоляк.

Бұған қоса Подоляк Ресейді Украинаның азаматтық нысандарын атқылайтын "терроршы мемлекет" деп атады. Президент Зеленский де жексенбі күні дәстүрлі кешкі видеоүндеуінде Ресейді "бейбіт халықты жаппай өлтіріп жатыр" деп айыптады. Бір ғана Запорожьеде бір аптада 40-тан астам бейбіт тұрғын қаза тапты деді ол.

ӨЗГЕ ЕЛДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Британ барлау қызметі жексенбі күнгі есебінде Қырым көпіріндегі жарылыс Ресей президентіне "ауыр тигенін" жазды.

"Бұл оқиға президент Путинге қатты тиеді. Оқиға ол 70 жасқа толғаннан кейін бірнеше сағат өткенде болды. Путиннің жеке өзі көпірді ашып, қолдады, құрылыс мердігері оның бала кезден бергі досы Аркадий Ротенберг болды. Кейінгі айларда Путиннің бұрынғы күзетшісі, қазір Росгвардия басшылығындағы Виктор Золотов көптің алдында көпір қауіпсіз деп сендірген болатын" деп жазылған Ұлыбритания қорғаныс министрлігі жариялаған хабарламада.

Британ барлау қызметінің мәлімдеуінше, 8 қазанда таңертең болған жарылыс салдарынан жолдың бір бөлігі - шамамен 250 метр жері опырылып түскен. Жол қозғалысы ішінара қалпына келгенімен, көліктер бұрынғыша көп өте алмайды.

"Темір жолдың қаншалықты бүлінгені белгісіз, бірақ кез келген ақау оның тасымалдау мүмкіндігіне кері әсер етеді. Ресейдің Украина оңтүстігіндегі күштерін қолдауы қиындай түседі" деп жазылған есепте.

Британ барлаушылары Қырым көпіріндегі жүк тасымалдауға арналған теміржол өткелі 2020 жылы маусымда ашылғанын, осы бағыт Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін әскери техниканы оңтүстікке қарай жеткізуде негізгі рөл атқарып келгенін айтады.

АҚШ ресми өкілдері Қырым көпіріндегі жарылысқа байланысты әзірге ешқандай комментарий берген жоқ. Тек Украинадағы соғыс үшін Ресей жауапты екенін айтты. Американың жетекші басылымдары Украина басшылығындағы дерек көздерінің сөзіне сүйеніп, Қырым көпіріндегі жарылыс украин арнаулы қызметінің операциясы болуы мүмкін деген болжам айтады.

  • АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольц 9 қазанда телефонмен сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылаған. Ресми ақпаратқа қарағанда, екі елдің басшылары Ресей президенті Путиннің 21 қыркүйекте сөйлеген сөзінде ядролық қару қолдану мүмкіндігі туралы айтқанын "жауапсыздық", Ресей азаматтарын мобилизациялағанын "қателік" деп атаған. Байден мен Шольц Ресейдің Украинадан аннексиялаған жерлерін ешуақытта мойындамауға келіскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG