Accessibility links

"Баласы табытпен орала ма деп қорқады". Ресейде мобилизация қалай жүріп жатыр?


Әскерге кеткендерді шығарып салуға келгендер. Санкт-Петербург.
Әскерге кеткендерді шығарып салуға келгендер. Санкт-Петербург.

Владимир Путин жариялаған мобилизация іс жүзінде "ішінара" деуге келмейді. Ресейде 50 жастан асқандар да, бұрын әскерде болмағандар да, студенттер де шақырту алған. Ресейліктердің басым бөлігі қолына қару алмаудың жолын іздеп жатыр. Дегенмен шақырту алғандардың ішінде әскери бөлімшеге келгендер де бар. Азаттықтың Север.Реалии жобасының тілшілері 26 қыркүйекте әскери комисариаттар мен мобилизациялық пунктерге барып, мобилизация қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.

Калининградтағы әскери коммисариат алдында он шақты адам жиналған. Жартысы – орта жастағы әйелдер. Көбі мобилизацияға қатысты сұрақтарға жауап алғысы келеді.

- Кім қашан шақырту алатынын түсінбедік. Біздің күйеулеріміз, балаларымыз бар, ештеңе түсініксіз. Менің күйеуім шақырту алмады, жасына байланысты шақырту алмауы тиіс, бірақ нақтылап алғым келіп тұр. Қазір бәрі де мүмкін, - деді 40 жас шамасындағы әйел.

Ал әскерге шақырту алған 30 жас шамасындағы жігіт абдырап "түсінгенім, медкомиссиядан өтуім керек. Құрылыста жұмыс істеймін, бүгін жұмыстан сұранып келдім. Жұмысымды жалғастырамын ба әлде соғысқа жібере ме білмеймін. Соғысқым келмейді" дейді.

Жиналғандардың көбі үнсіз әрі көңілсіз. Көңіл күйлері күздің ауа райындай. Көбі тілшілердің сұрағына жауап бермейді.

Калининградтың 36 жастағы тұрғыны Михаил әскерде қызмет етпеген. Үш баланың әкесі шақырту алмайтын шығармын деп үміттенгенімен, күдігі де бар.

– Белгілі бір адамдар ғана әскерге барады деп жатыр ғой, бірақ мен сенбеймін. Қазір бүгін былай айтып, ертең басқадай айтуы мүмкін, - дейді ол.

Калининградтағы әскери комиссариат.
Калининградтағы әскери комиссариат.

Калиниград облысы тұрғыны Александраның құрбысының 21 жастағы ұлы шақырту алған.

– Жалғыз өзі өсірген жалғыз ұлы. Құрбымның жағдайы қиын. Ұлым өмірімдегі барым деп отыр. Ұлы соғыстан табытпен орала ма деп қорқады, - дейді Александра.

Север.Реалии тілшісі мобилизацияға шақырту алған 21 жастағы жігіттің анасымен де тілдесті.

– Ұлым әскери комиссариатқа барған жоқ, шақырту тұрғылықты мекенжайына келген, бірақ қолына алған жоқ. Қазір бізге көмектесіп жатыр, біз бір-біріміздің қайда екенімізді білмейміз деп айтпақпыз, - дейді жігіттің анасы.

"АРАҚ ҚОЙҒАН ЕДІМ, ҚАЙТА ІШІП КЕТЕМІН БЕ ДЕП ҚОРҚАМЫН"

Калининградтық Дмитрий Золотарев он жыл бұрын шекара әскерінде келісім-шартпен қызмет еткен. Бес жылдық келісім-шарты аяқталған соң әскери қызметін аяқтаған.

Калининград әскери комиссариатында жиналған адамдар.
Калининград әскери комиссариатында жиналған адамдар.

- Адамдардан ештеңе сұрамастан соғысуға мәжбүрлеп жатқаны ұнамайды. Әскери жүйе ұнамағандықтан келісім-шартты созбадым ғой... Елден кетейін десем ақшам жоқ. Қашанғы тығыламын? Отбасым бар, жұмыс істеуім керек. Егер тығылсам орманнан саңырауқұлақ теремін бе? – дейді ол.

Дмитрий Север.Реалии тілшілерімен әңгімеден кейін ертеңінде шақырту алған. Ол сол күні араққа бас қойды.

Кирилл Авдеевтің де көңілі алаң. 15 жыл бұрын әскерде болған жігіт қазір отбасын асырау үшін күні бойы жұмыс істеп жүр.

– Ештеңеге қарамай бәрін шақырып жатыр. Ешқашан әскерде болмаған 35 жастағы әріптесіме шақырту келді. Бұл қалай? Ақша төлейміз дейді, Бұл ақшаның керегі шамалы... Он жылдан бері арақ қойған едім, қайта ішіп кетемін бе деп қорқам. Директор жиналыста бөтен нөмер хабарласса жауап беріңдер деп тапсырды. Енді не істерімді білмеймін, - дейді Кирилл.

46 жастағы Сергей Цурко Калининградтағы аймақтық киберқылмысқа қарсы орталықтың жетекшісі болып жұмыс істейді. Оған да әскери комиссариаттан хабарласып, мобилизация пунктіне шақырған.

- Ақылынан адасты ма? 45 жасқа дейінгілер дейтін екінші топқа да кірмеймін. Жедел жәрдемде жұмыс істеп, балалар арасында суицидтің алдын алумен айналысамын. Төрт балам бар, денсаулығым да келмейді. Осының бәрін айтып едім, "таңертең 9-да әскери бөлімшеге келіңіз, сол жерде шешесіз" деді. Бармаймын! – дейді ол ашуланып.

Калининградтағы әскери комисарриат Север.Реалии тілшісінің "мобилизацияға адамдарды шақыру қалай жүріп жатыр?" деген сауалына "құпия ақпарат" деп жауап бермеді.

Санкт-Петербургтегі Адмиралтейск және Киров ауданының комиссариатының маңында сөмке асынған бір топ ер адам темекі тартып тұр. Ғимараттың маңында Росгвардияның Z белгісі жазылған машиналары қойылған. Бұл маңда ұялы телефон ұстамайды.

Ер адамдардың көбі екінші қабаттағы кабинетке кезекте тұр, қолдарында құжат, қабақтары қатулы. Көбі - жасы келіп қалғандар, жастар аз. 50 жас шамасындағы мұртты ер адам терезе жақтауына шығып алып, аяғын салбыратып отыр. Ешкімнің тілшілермен тілдескісі жоқ. Камуфляж киген толықтау ер адам журналиске "сұрағыңмен қоса жоғалшы!" деп айғай салды.

Петербургтегі әскери комиссариатта кезекте тұрғандар.
Петербургтегі әскери комиссариатта кезекте тұрғандар.

Бір топ еркектің ішінен отыздар шамасындағы бір адам "мен ерікті түрде келдім, қайда баруым керек?" деп атып шықты. Оны комиссариат қызметкерлері коридор арқылы арықарай алып кетті.

Әскери комиссариат маңынан бір топ студент өтіп бара жатыр. Олардың бірі мобилизациядан қашқандардың жазасы адам өлтіргеннің жазасынан ауыр екенін айтып қалды. Комиссариат маңында шылым шегіп тұрған еркектер оларға көз тастап, бірақ ештеңе демеді.

"ҚАШУҒА КЕШ, ТЫҒЫЛУДЫҢ МӘНІ ЖОҚ"

Петербургтегі Фонтанка жағалауында мобилизация пункті орналасқан. 54 жастағы Владимир соғысқа өз еркімен бару үшін келген. "Қарызым бар" деп қысқа қайырды ол.

Осы маңдағы орындықта ер адам отыр, оның жанында бір әйел айналшықтап жүр. Екеуі қырықтар шамасында.

‒ Ұлымызды шақырды, қашуға кеш, тығылудың мәні жоқ, - дейді қолы дірілдей сөйлеген әйел.

Кейін ұлдары да сыртқа шықты. 24 жастағы Фарид бірнеше жыл бұрын әскери борышын өтеп келген. Шақыртуды күтпей келісім-шартқа қол қойып, майданға аттанбақ. Бұл жерге Фаридтің әйелі де келген. Ол аяғы ауыр әйелінің ішін сипап, бір айдан соң баламыз дүниеге келеді дейді. Әйелі Фаридті соғысқа бармауға көндіргенімен нәтиже шықпаған.

‒ Қорқасың ғой, бірақ таңдау жоқ. Бару керек. шақырып жатса, демек көмек керек болғаны, - деді Фарид.

Санкт-Петербургтегі Москва даңғылындағы әскери комиссариатта отыздай адам жиналған. Ер адамдардың бірі әйеліне "сені қорғау үшін барамын" дейді. Ал күйеуін шығарып салуға келген әйел дірілдей шылым шегіп тұр.

Тағы бір әйел телефон арқылы "не қағаз, не қалам, не басшылық жоқ! Ешкім ештеңе түсінбейді, тек біздің ерлерімізді әкетіп жатыр!" деп айғайлай сөйлесіп жатыр.

Москва даңғылындағы пункт
Москва даңғылындағы пункт

Комиссариаттың маңынан интернетті өшіріп тастаған. Росгвардия мен полиция күзеті күшті.

Бұрышта бір жігіт жылап тұрған сүйікті қызын жұбатады. Соғысты қолдамайтынын айтқан жігіт "адамдарды өлтіруге жібермес" деп үміттенеді.

"ҚАЗАҚСТАН ДА БІЗДІ КІРГІЗЕЙІН ДЕП ТҰРҒАН ЖОҚ"

Петербургтегі Василеостровск ауданындағы комиссариатта әскерге кететіндерді шығарып салып жатыр. Бір топ адам 32 жастағы достарын шығарып салуға келген. Олөткен аптада шақырту қағазын алған.

– Қайда қашады? Кейін тауып алып, он жылға соттайды ғой. Қазақстан да бізді кіргізейін деп тұрған жоқ, - деді оның әйелі.

Осы маңда тұрған тағы бір әйел "бірдеңе дәлелдеу қиын, адамдарды ештеңеге қарамай соғысқа жіберіп жатыр. Менің туысым астмамен ауырады, әйелі екінші топтағы мүгедек. Ақылы клиникаға барып, әскери комиссариатқа анықтама алып келген. Анықтамаға қарамастан әскерге жарамды депті. Қазір заттарын жинап жатыр" деді.

Василеостровск ауданында әскерге кеткендерді шығарып салған сәт.
Василеостровск ауданында әскерге кеткендерді шығарып салған сәт.

Комиссариат жанындағы орындықта әскерге кетіп бара жатқан жігіт қалыңдығын жұбатып отыр. "Әскерге барма деп жалынып едім, болмады. Оның басқа амалы жоқ, оған қоса ол идеологияға сенеді" деді қалыңдығы.

Түскі үш шамасында әскери комиссар шығып, ер адамдарды фамилиясымен шақыра бастады. Оларды Ленинград облысы Каменка кентіндегі әскери бөлімге әкетпек. Он минуттан соң жиналғандар автобусқа беттеді.

- Қоштаспаймыз, келесі кездескенше дейміз, - деді әскери комиссар. Жиналғандардың бірі "кездескенше, менің саған деген махаббатым мәңгі" деп әндете бастады. Әйелдер жылап тұр.

- Мен ораламын! – деп айғайлады "идеологияға сенетін" жігіт қалыңдығына.

Автобус жылжып кете барды. Қол бұлғап қалған әйелдердің көбінің көзі ісіп кеткен…

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде Украинадағы соғысқа әскер жинау үшін "ішінара мобилизация" жариялаған. Бірақ ресейліктер "ішінара" емес толыққанды мобилизация жүріп жатқанын айтады. Елде 21 қыркүйектен бері бірнеше аймақта бұл науқанға қарсы наразылық өтті. Соғысқа барғысы келмеген мыңдаған ресейлік көрші елдерге қашып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG