Accessibility links

Ресейдегі мобилизацияға қарсылық: әскери комиссариат өкілін атты, өңірлерде наразылық күшейді


Ресейдің Усть-Илимск қаласында әскери комиссариатта болған оқиға туралы видеодан скриншот. Иркутск облысы, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейдің Усть-Илимск қаласында әскери комиссариатта болған оқиға туралы видеодан скриншот. Иркутск облысы, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейде Кремль жариялаған "ішінара мобилизацияға" наразылық күшейіп барады. Дағыстан, Бурятия, Қабардин-Балқар аймақтары, Краснодар мен Волгоград облыстарында жұрт жақын-туғанын Украинаға соғысқа жіберуге жаппай қарсылық танытып көшеге шықты. Иркутск өңірінде әскери комиссариат өкіліне оқ атқан.

ТҰТҚИЫЛДАН АТЫЛҒАН ОҚ

26 қыркүйек күні Ресейдің Иркутск облысында әскери комиссариат өкіліне қарудан оқ атылды. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оқиға Кремль ел азаматтарын Украинадағы соғысқа жіберу үшін жариялаған "ішінара мобилизацияға" сай, Усть-Илимск қаласында армия қатарына шақырылған адамдар жиналған орында болған.

Әлеуметтік желіде тараған видеода мәжіліс залына ұқсас кеңдеу бөлменің төріндегі мінберде тұрған адамға біреу қолындағыны кезеп, іле-шала тарс етіп атылған қару дыбысына ұқсас дауыс естіліп, залда отырған адамдардың жапа-тармағай сыртқы есікке ұмтылғаны көрінеді. Әлдебір әйелдің шыңғырып айғайлағаны естіледі.

Келесі бір видеода бірнеше адам бір кісіні көтеріп әкеліп зембілге жатқызып, жедел жәрдем көлігіне тиегені, арнаулы жасақ киіміндегі екі адам белгісіз біреуді екі қолын артына қайыра көтеріп, басын тұқырта ұстап әкетіп бара жатқаны байқалады.

Оқ тиген әскери комиссариат өкілі аурухананың жансақтау бөліміне түскен, оның жағдайы өте ауыр деп хабарланды. Оқ атқан деген күдікпен полиция ұстаған жігіт өзін Руслан Зинин деп атап, жасы 25-те, жұмыссыз екенін айтады. Baza ақпаратына қарағанда, оны дүйсенбіде әскерге әкетпек болған. Күдіктінің әскери комиссариатқа қаруды қалай алып кіргені белгісіз. Желіде тарап жатқан ақпаратта әскери комиссарға оқ атар алдында күдіктінің "қазір бәріміз үйімізге кетеміз" деп айқайлағаны айтылады.

ПУТИН ЖАРЛЫҒЫНАН КЕЙІНГІ ДҮРБЕЛЕҢ

21 қыркүйекте Ресей билігі Украинаға соғысқа қосымша күш аттандыру мақсатында елде "ішінара мобилизация" жариялап, 300 мың адам (БАҚ олардың саны бұдан да көп дейді) әскерге алынатынын хабарлағаннан кейін Ресей қоғамында аласапыран басталып кетті.

Әскерге шақыртылатын жастағы адамдар, әсіресе ер азаматтар жаппай елден қаша бастады. Билеттің бірнеше есе күрт қымбаттағанына қарамастан жұрт ұшақпен, автокөлікпен, болмаса жаяу-жалпылап Ресейден үдере кетіп қалуға асықты. Ресейдің Грузия, Қазақстан, Финляндия, Моңғолиямен шекарасында ұзын-сонар кезекте бәленбай сағаттап, тіпті күні-түні тұрған адамдар туралы видеолар әлеуметтік желіде көптеп тарады.

Ресей президенті Владимир Путин "ішінара мобилизация" туралы жарлық шығарысымен көп ұзамай Мәскеу мен Санкт-Петербугте және елдің өзге де аймақтарында соғысқа қарсылық акциялары басталған. Билік наразы азаматтарға күш қолданып, бейбіт шеруді қуып таратты. Наразылық басталғалы бері екі жарым мыңнан астам адам ұсталды деп хабарлады құқық қорғаушылар.

"МЕНІ АТЫП ТАСТАСА ДА, КҮЙЕУІМДІ СОҒЫСҚА ЖІБЕРМЕЙМІН!"

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы республикаларда да адамдар соғысқа қарсылық білдіріп, Мәскеудің шешімін сынады. Көп адам қатысқан наразылық акциясы Дағыстанда өтті.

22 қыркүйекте Дағыстанның Бабаюрт ауданында әскери мобилизацияға наразылар федералдық маңызы бар көлік жолын жапқан.

Армия қатарына шақырылғандар жиналатын мекеменің қасында тұрған адамдар. Махачқала, Дағыстан, 22 қыркүйек 2022 жыл.
Армия қатарына шақырылғандар жиналатын мекеменің қасында тұрған адамдар. Махачқала, Дағыстан, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Аймақ орталығы Махачкалада 25 қыркүйекте жүздеген адам көшеге наразылық білдіріп шыққан. "25 қыркүйекте мобилизацияға қарсылық акциясына 300-ден астам шығып, Махачкаладағы қуыршақ театрының алдына жиналған" дейді Кавказ. Реалии сайты.

Олар "Мобилизацияға қарсымыз!", "Соғыс болмасын!" деп ұрандаған. Олармен сөз таластырмақ болған полиция қызметкерін әйелдер: "Ұлдарымызды неге әкеткелі жатырсыңдар?", "Кімге жау шапты? Ресейге ме? Украинаға өзіміз шабуыл жасадық емес пе?" деп сұрақтың астына алған. Полиция жауап бере алмай кері бұрылып, кетіп қалған.

Дағыстанның "Черновик" басылымының мәліметінше, полиция қызметкерлері бірнеше ер адамды ұстағанда әйелдер акцияға араласқан. Оған қарамастан ер адамдарды алып кеткен. "Әйелдер алып қала алмады. Оларды полиция балағаттап қуды" дейді басылым.

Махачкала мэрі Салман Дадаев наразылыққа шыққандарды "қаланың 165 жылдығына арналған іс-шараны бұзуға талпынғандар мен мемлекетке қарсы әрекетке шақырып, арандатушылар" деп атаған.

Құмықтардың Эндирей ауылында әскери мобилизацияға қарсылық білдіріп жолды жабуға шыққан наразы халықты таратпақ болған полиция аспанға оқ атып тұр. Әлеуметтік желідегі видеодан скриншот.
Құмықтардың Эндирей ауылында әскери мобилизацияға қарсылық білдіріп жолды жабуға шыққан наразы халықты таратпақ болған полиция аспанға оқ атып тұр. Әлеуметтік желідегі видеодан скриншот.

Жексенбіде Дағыстанның Хасавюрт ауданындағы түркі тілдес халық – құмықтардың Эндирей ауылында жергілікті жүз шақты тұрғын мобилизацияға қарсылық білдіріп, "Кавказ" тасжолын жапқан. Оларды таратпақ болған полиция аспанға оқ атып, наразыларды жол шетіне ығыстырған. Баспасөз құралдарының хабарлауынша, 8 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдан мобилизацияға байланысты әскер қатарына 110 адамға шақырту жіберген.

25 қыркүйекте Қабардин-Балқар республикасының орталығы Нальчик қаласында Үкімет үйі алдына да екі жүзге жуық әйел жиналып, ер-азаматтарын Украинадағы соғысқа жіберуге қарсылық білдірген.

"Мені атып тастаса да мейлі, бірақ күйеуімді соғысқа жібермеймін", "Сендер біздің ақшамызға соғысып жатырсыңдар, бізден салық талап етесіңдер", "Бізге біреу шабуыл жасап па? Украина бізге шабуылдаған жоқ", "Бұл сұмдықтан ұлдарын қорғай алмағандар, юбка киіп алыңдар" деп айқайлады әкімшілік өкілдеріне наразылық акциясына қатысушы әйелдер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG