Иран астанасы Тегеранда Эвин түрмесінде 16 қазанға қараған түні ірі өрт болды. Түрменің саяси себеппен сотталған азаматтық белсенділер, журналистер, сонымен бірге шетел азаматтары отыратын мекеме ретінде аты шыққан.
Өрттің неден шыққаны белгісіз. Иран ақпарат құралдары жағдай бақылауда екенін хабарлады. Алайда әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда өрт дабылы ғана емес, атылған оқ дыбысы да естіледі.
Билікшіл журналистердің хабарлауынша, өрт тұтқындар наразылығынан кейін туындаған. Олардың айтуынша, бүлікті саяси тұтқындар емес, ұсақ қылмыс бойынша сотталғандар шығарған. Сегіз адам зардап шеккен.
Әлеуметтік желілерде жарияланған суреттерде өрттен қашқан тұтқындардың түрме шатырына шығып алғаны көрінеді. Түрмеге тек өрт сөндірушілер ғана емес, арнайы жасақ та жіберілгені хабарланды.
Тегерандағы Эвин түрмесі БҰҰ мен құқық қорғаушылар баяндамаларында саяси белсенділер мен Иран билігі "тыңшылық" үшін айыптаған шетел азаматтарын жазалап, күшпен ұстап отырған орын ретінде аталады. Түрме әкімшілігінің тұтқындармен дөрекі қатынасы жөнінде де ақпарат болған.
Қыркүйектен бері Иранда аятолла Әли Хаменеи диктатурасына қарсы наразылықтар өтіп жатыр. Полициямен қақтығыста кемінде 144 адам қаза болған, арасында 23 бала бар. Жүздеген Иран азаматы ұсталған, көбі Эвин түрмесіне қамалған.
Қыркүйек ортасында 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Аминидің қазасы да Иран қоғамын дүр сілкіндіріп, наразылықты күшейткен. Махса Аминиді полиция "хиджаб кию нормасын сақтамағаны үшін" ұстап, ұрып-соққан. Ізінше құқық қорғаушы ауруханада қайтыс болды. Бір аптадан соң Иранның отыздан қаласында наразылық тұтанып, наразылар әйел құқығын қорғауды, полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкімет отставкасын талап еткен.