Accessibility links

ЕҚЫҰ институты Қазақстандағы мерзімінен бұрын президент сайлауын бақылайды


19 қазанда Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) 20 қарашада өтетін президент сайлауын бақылау миссиясын бастады. Миссияны Еуропа парламентінің бұрынғы мүшесі Урщула Гацек басқарады.

Миссия таратқан мәліметке сәйкес, 11 халықаралық сарапшы және 30 ұзақ мерзімді бақылаушыдан тұратын топ елдің барлық аймақтарында жұмыс істейді. Бұдан бөлек ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-қа мүше елдерден 300 қысқа мерзімді бақылаушы келеді.

Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және демократиялық сайлау талаптары мен ұлттық заңдарға сәйкес келуін бағалайды.

2019 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауында ЕҚЫҰ миссиясы сайлау нәтижесіне "сөз бостандығы бұзылды", "сыни дауыстарға қысым жасалды", "бейбіт жиындарға шектеу қойылды" және "саяси плюрализмге кедергі келтірілді" деп баға берген.

Сонымен бірге бақылаушылар сайлау кезінде бір адамның бірнеше бюллетенді лақтырғанын байқаған.

2019 жылдың наурыз айында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, орнына парламент сенатының спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Сол жылдың маусым айында кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл мерзімге сайланған. Енді Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 20 қарашада өтетін сайлауда президент жеті жылға сайланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG