Accessibility links

Алматы әкімі Қаңтар кезінде өртенген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жөнінде айтты


Дүрбелең кезінде өртенген қала әкімдігі ғимаратын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алматы, 27 қаңтар 2022 жыл.
Дүрбелең кезінде өртенген қала әкімдігі ғимаратын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алматы, 27 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың наурыз айының соңында аяқталуы мүмкін. 20 қазанда Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен Информбюро сайты үзінді келтіреді. Досаев Қаңтар кезінде бүлінген қаладағы өзге ғимараттар жөнінде айтып, қала ортасындағы президент резиденциясы сүріліп болғанын жеткізген. Бұған дейін ол жерде саябақ ашылатыны хабарланған еді.

"Дүйсенбі күні президентке қалалық саябақтың жаңа концепциясын таныстырдым. Ол мақұлдады. Жақсы саябақ жасаймыз. Әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын Наурыз соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенеміз. Сол кезде қаланың түрлі бөлігіндегі әкімдіктерді жинай аламыз. Қазір [әкімдік] басқармалары қаланың түрлі бөлігіне шашыраңқы орналасқан. 1 ақпаннан бері бірге жұмыс істеген жоқпыз" деді әкім.

Бейсенбі күні кездесу кезінде Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысындағы ғимараттардың сырттарына жөндеу жұмыстары басталмағаны туралы да сөз болған. Әкімнің айтуынша, оған жеке тұлғалар иелік етеді.

"Сол ғимараттардың иелері қаладағы өзге ғимараттардың иелері тәрізді жөндеуге қашан күш салатынын күтіп отырмыз. Ішінде қандай да бір жұмыстар басталғанын білеміз. Ғимараттың сыртындағы жұмыстар бойынша олардан сұрай аламыз, бірақ ғимарат иелері активтерімен байланысты мәселелерді өздері шеше алады деп ойлаймын" деді әкім.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны кезінде Алматыда қала әкімдігі мен президент резиденциясынан бөлек, мемлекеттік арна ғимараттары мен кеңселері, дүкендер мен сауда орындары бүлініп, кейбірі өртенген еді. Дүкендер, банкоматтар тоналған. Көліктер өртенген. Билік қаңтар оқиғасы кезінде жалпы келген шығын көлемі 100 млрд теңгеден асады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG