Accessibility links

Билікті сынайтын саясаттанушы Димаш Әлжанов біреудің өз үстінен полицияға шағым түсіргенін айтты


Саясаттанушы Димаш Әлжанов. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов өзіне полиция қызметкерінің хабарласқанын айтты.

"Бүгін (21 қазанда) маған Әуезов ауданының учаскелік полицейі Серікбаев хабарласып, Петропавлдан Ғалымжан есімді адамның менің үстімнен алауыздық қоздыру бойынша шағым түсіргенін хабарлады" деп жазды саясаттанушы жұма күні кешке Инстаграмдағы парақшасында. Ол шақыру қағазын алмаған.

—Процедураға сәйкес, мәртебемді анықтап, адвокатпен бара алуым үшін маған шақыру жіберуі тиіс дедім. Заңды процедураларды сақтамай, олардың сұрақтарына жауап бере алмаймын. Осымен әңгіме аяқталды, – деді Әлжанов Азаттыққа.

Кейбір қолданушылар оқиғаны сайлау қарсаңында биліктің саясаттанушыға жолдаған қандай да бір "месседжі" болуы мүмкін деп топшылады. Әлжанов Қазақстан мен шетелде елдегі әлеуметтік, саяси процестер жөнінде пікірін ашық айтып, билікті сынаумен танылған.

Азаттық полицияның баспасөз қызметінен түсініктеме ала алмады.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов жұма күні полицияның қоңырауы жөнінде жазған постында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысында "жұртшылықпен кездесуі" кезінде айтқан сөзінен де үзінді келтірген. Тоқаев ол кезде "кейбір адамдар тіл мәселесін қоғамды ыдырату құралы ретінде пайдаланады" деп мәлімдеген еді.

Әлжанов Тоқаевтың бұл сөзі қоғамға бағытталған қандай да бір қоқан-лоқы немесе ескерту сияқты естілді дейді. Ол елде жоғары лауазымды тұлғаның "қоғамнан жау іздеуі" әдетке айналып барады дейді. Саясаттанушы кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында тәуелсіз журналистердің полицияға шақыртылуы немесе блогерлер мен белсенділердің ұсталуы тәрізді жуырда болған оқиғаларды санамалап өтті.

—Мұның барлығы бір қатардағы оқиғалар. Бұл саяси режимнің кезектен тыс сайлау қарсаңында билік сыншыларын қорқыту бойынша жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстары. Яғни, мұндағы басты мақсат – қоғамды қорқыту, тікелей Тоқаевты сынайтын адамдарды үрейде ұстау. Сол арқылы сайлауды Ақорда сценарийімен өткізгісі келеді, – дейді Әлжанов.

  • 12 қазанда Алматы соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" ND YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрімді 15 күнге қамаған. "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко қыркүйек ортасында Фейсбукта әлдекімдердің сайлау қарсаңында президент Тоқаевты сынамауды меңзегенін хабарлаған. Бұған дейін тележурналист Динара Егеубаева 20 жыл бұрын тұрған үйіне "мина қойылғаны" туралы түскен орай хабарға орай үйіне полицейлер келгенін хабарлаған. Полицияда тергеуші оған оқиғаның кәсіби қызметіне қатысы жоғын айтқан.

XS
SM
MD
LG