Accessibility links

Бас прокуратура азаматтарды "заңсыз митингіге шықпауға" үндеді


Оппозиция митингісі өтеді деген орында полиция сәкіде отырған азаматтарды "тергеп-тексеріп" жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.
Оппозиция митингісі өтеді деген орында полиция сәкіде отырған азаматтарды "тергеп-тексеріп" жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.

Бас прокуратура халықты "заңсыз митингіге" шықпауға үндеді. 23 қазанда таратқан хабарламасында ведомство әлеуметтік желілерде 24-25 қазанда орталық алаңдарда рұқсат етілген митингілер өтетіні жайлы "жалған хабарламалар мен арандату сипатындағы үндеулер" тарап жатқанын жазып, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

"Жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сонымен бірге оларға шақыру заңсыз" деген прокуратура бейбіт жиын өткізу тәртібі "бірнеше рет түсіндірілсе де" оны "бұзу" жайттары жалғасып жатқанын айтты. Мысалы, Алматы қаласы мен облысында "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" қамалған екі А. және Д. есімді азаматтардың әкімшілік қамауға алынғанын еске салды.

Ведомство халықты "заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға", "арандатушыларға ермеуге" және "заңсыз акцияларға қатыспауға", "шақырмауға" үндеген.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігі азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін ашық айту еркіндігін бұзып отырғанын жиі сынайды. Жергілікті атқару органдары белсенділердің "митинг өткізу туралы" өтінішін көп жағдайда орындамайды. "Заңсыз митингілерге" келгендер ұсталып, әкімшілік жазаға тартылып жүр.

Осы аптада Алматы әкімдігі тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдерінің "митинг өткізу туралы өтініштерін" кезекті рет қанағаттандырмады. Белсенділер кезектен тыс президент сайлауы, Қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мәселесі жөнінде пікірлерін айтпақ болған. Ал Алматы әкімдігі белсенділерге қаладағы Уәлиханов алаңында 24-25 қазан күндері "қоғамдық-мәдени шара өтетінін", бос болмайтынын айтқан.

Белсенді Бибігүл Иманғалиева 21 қазанда Азаттыққа "қоғамға митингіге деген сұраныс қатты өршіп тұр, соған қарамастан билік митинг өткізуге рұқсат бермей, екі миллионнан астам халқы бар Алматыда митинг өткізетін небәрі үш орынды ылғи керексіз мәдени шараларға бөледі" деген еді.

12 қазанда Алматы облысының соты "халықты 25 қазанға митингіге шақырып, бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді 15 күнге қамаған. Бірнеше жыл мемлекеттік арнада жұмыс істеген Думан Мұхаммедкәрім кейінгі жылдары ютубтегі ND арнасының авторы ретінде қоғамдық саяси мәселелерге байланысты хабарларымен танылған.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG