Accessibility links

Алматы полициясы кейбір белсенділерді үш сағаттан астам кідіртіп босатқан


Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл
Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл

Бүгін, 25 қазанда полиция әкеткен Алматы белсенділері босатыла бастады.

Белсенді Бибігүл Иманғалиеваны полиция күштеп әкетіп, Әуезов аудандық полиция бөлімінде екі сағат жауап алып босатқан. Бұл туралы белсендінің өзі хабарлады. Мұның алдында белсенді полиция әкетуі мүмкін деп үйінен шыға алмай отырғанын айтқан еді.

- Екі сағаттан аса кідіртті. Кешкі пойызға билетім бар екенін, "Алға, Қазақстан" партиясының құжаттары бойынша Астанаға баратынымды айттым. Астанадан келген соң тағы шақырамыз деп босатты,- деді Иманғалиева.

Бүгін Жетісу аудандық полиция бөліміне жеткізілген Әсет Әбішев те босап шыққанын хабарлады. Бірақ ол өзін не үшін әкетіп, не үшін босатқанын түсіндірмегенін айтты.

- Ештеңе түсіндірген жоқ, 5 сағат дәлізде отырғызып қойды. Учаскелік полицейлер ғана жүрді, бірде-бір басшы болған жоқ. Бізді алып кеткендер шақырту қағазын да көрсетпеді, өздерін де таныстырмады. Көшеден ұстап әкетті. Айдар Сыздықов екеумізді шығарды. Қанатхан Әмреновтың қайда екенін білмеймін, - дейді Әсет Әбішев.

Бүгін түске дейін, сағат он бір шамасында Алматыдағы тәуелсіз бақылаушылар ұйымының жетекшісі Арайлым Назарованы да үйінен шыққан кезде полиция әкетіп, Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Көп ұзамай ол жерге Назарованың жақтастары жиналған. Түстен кейін Назарованы да шығарды.

- Бүгінгі күн жөнінде, "ҚДТ", "Көше партиясы" туралы сұрады. Одан кейін еш себепсіз бес сағаттай отырдық. Бөлімшеде тағы үш-төрт белсенді азамат отыр. Билік бүгін үлкен митинг болады деп сескенген сияқты, сол үшін белсенділерді осылай ұстаған болар, - деді Арайлым Назарова.

Бүгін мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қарсы акция өтеді деген орында Астананың кемі екі адамы қамауға алынған.

Бұған дейін Астана және Алматы белсенділері 25 қазанда Астанадағы Жеңіс даңғылының бойындағы қаржы министрлігінің алдында және Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің қарсы бетінде түскі 12-14 аралығында митингі өтетінін хабарлаған.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенділері мерзімінен бұрын өтетін сайлауды тоқтатуды және жаңа саяси партияларды тіркеуді талап етіп митинг өткізетіні жайлы мәлімдеген. Екі қала әкімдігі де рұқсат бермеген.

Бүгін Ақмола облысы Шортанды кентінің белсендісі Амангелді Жахинді Астанаға "митингіге бара жатқан" кезде полиция тоқтатқан.

Құқық қорғаушылар Ақсай, Павлодар, Өскемен белсенділеріне де осыған ұқсас кедергілер жасалып жатқанын айтады.

Алматыдағы Республика алаңын да қауіпсіздік күштері қоршап тұрды. Қаланың орталық көшелері полиция бақылауында екені байқалды.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда кез келген акция биліктің рұқсатымен өтетінін бұған дейін де әлденеше рет сынға алған. 2020 жылы "Бейбіт жиындар" туралы заңға өзгеріс енгізіліп, "мұнан былай әкімдік рұқсатын сұрамай-ақ, әкімдікке хабар берсе жеткілікті" екені айтылған. Алайда белсенділер шын мәнінде билік қолында бейбіт жиынға кедергі келтірудің түрлі жолы бар екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG