Accessibility links

БАҚ: Журналист Ксения Собчак Ресейден кетті. Полиция үйін тінтті


Ксения Собчак
Ксения Собчак

Ресейлік журналист, медиаменеджер, 2018 жылғы сайлауда президенттіктен үміткер болған Ксения Собчак Ресейден кетті. Бұл жөнінде анонимді дереккөздерге сүйенген Ресей ақпарат құралдары жазды.

Ақпаратқа қарағанда, 26 қазанда таңертең Собчактың қала шетіндегі үйінде тінту болған. Оны Ресей ІІМ бас басқармасы тергеушілері арнайы жасақ пен жедел қызметкерлердің қатысуымен жүргізген.

Тінту Собчактың әріптесі жуырда ұсталған Кирилл Сухановқа қозғалған қылмыстық іспен байланысты деп айтылады. Суханов Ксения Собчактың "Oсторожно: media" медиахолдингісінің коммерциялық директоры.

Собчак жаңалық шыққанға дейін түсініктеме бермеді. Шенеуніктерге сүйенген БАҚ-тың хабарлауынша, Собчакқа іс қозғалмаған. Бұған дейін ол Сухановтың ұсталуын "журналистерге қысым" деп бағалаған.

Ресей президенті Владимир Путиннің саяси ұстазы, 2000 жылы қайтыс болған Санкт-Петербургтің бұрынғы мэрі Анатолий Собчактың қызы 40 жастағы Ксения Собчак Ресейде көп жылдан бері өзін оппозиция өкілі ретінде көрсетіп жүр. Ол 2018 жылы президент сайлауына үміткер ретінде қатысқанмен көп сарапшы оны Путинге жақын жүретін адамдардың бірі ретінде атайды.

XS
SM
MD
LG