Accessibility links

Жыл басынан бері Өзбекстанға 320 мыңға жуық Ресей азаматы барған


Самарқандағы туристер.
Самарқандағы туристер.

Өзбекстан ішкі істер министрлігі биыл елге келген ресейліктер туралы мәлімет жариялады. ІІМ дерегінше, қаңтар мен қыркүйек аралығында Өзбекстанға 318 156 Ресей азаматы барған. Басым бөлігі шілде мен қыркүйек аралығында келген.

Ресейдегі мобилизацияға байланысты қазанда Өзбекстанға барған ресейліктер артқан болуы мүмкін.

Өзбекстан мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Ресейден ағылған туристер саны қаңтар мен қыркүйек аралығында 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда 2,1 есеге артқан.

ІІМ ресейліктердің қаншасы елде қалғанын, қаншасы елден кеткенін нақтыламаған.

2022 жылы жаздағы мәлімет бойынша, Өзбекстан халқының саны шамамен 35,5 млн адам болған.

Қазан басында Forbes басылымы мобилизация басталғалы бері Ресейден кемінде 700 мың адам кеткенін жазған. Олардың көбі Грузия, Армения, Қазақстанға қоныс аударған. Біраз бөлігі Өзбекстан мен Моңғолияға да барған.

  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері жүздеген мың азамат елден кеткен. Алғашқы толқын Ресей басшысы Владимир Путин 24 ақпанда "арнайы әскери операция" жариялаған кезде кеткен. Екінші толқын 21 қыркүйекте резервистерді Украинадағы соғысқа ала бастаған кезде басталған. Еуроодақ елдері ресейліктердің кіруіне тыйым салып немесе кіруін шектегеннен кейін ресейліктер виза сұрамайтын елдерге, оның ішінде Қазақстанға ағылған.

XS
SM
MD
LG