Accessibility links

Архангельск облысында жалдамалы қызметкер жүк көлігімен сапты басып өткен. Екі адам қаза болып, 11 адам жараланды


Ресейдің Архангельск облысы Плесецк ауданындағы әскери полигонда жалдамалы әскери қызметкер КамАЗ-ды солдаттар сабына қарай айдап, қағып өткен. Екі адам опат болып, 11 адам жараланды. Бұл жөнінде ASTRA сайты жазды.

Оқиға 27 қазанда кешке 13973 әскери бөліміне қарасты жабық полигонда болған. Басылымның хабарлауынша, 22 жастағы жалдамалы әскери қызметкер Исрапил Абхердилаев КамАЗ-ға отырып, 20 адамнан құралған солдаттар сабын басып өткен. Біреуі оқиға орнында қаза болған, екіншісі ауруханада көз жұмды.

Оқиға кезінде сонымен бірге 11 әскери қызметкер зардап шекті, олардың барлығы Мирный қаласының әскери госпиталіне жатқызылған. 29.ru басылымының хабарлауынша, зардап шеккендер жеңіл дәрежедегі жарақат алған.

Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаның себебін түсіндірмеді. Мирный гарнизоны әскери прокуратурасы оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты.

Тергеу комитетінің Плесецк гарнизоны бойынша әскери тергеу бөлімі Азаттықтың Орыс қызметіне оқиғағаға түсініктеме бере алмайтынын, себебі "оқиға орнында өкілеті бар ешкім жоғын" айтты. Бас әскери тергеу басқармасының баспасөз қызметі телефонын көтермеді, ал Миный қаласы әкімшілігі ақпараттан хабарсыз екенін айтты.

Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бері әскери нысандарда болған алғашқы оқиға емес. Мобилизация басталғалы бері әскерге жақында шақырылғандар арасында зардап шегушілер саны артқан.

15 қазанда Белгород облысында еріктілерді соғысқа дайындайтын әскери полигондағы атыс ең ірі оқиғалардың бірі. Тәжікстанның екі әскери қызметкері әскери дайындықтан өтіп жатқан жеке құрам солдаттарына оқ атқан деп айтылады. Соның салдарынан кемінде 11 адам қаза болған. 15 әскери қызметкер түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұған дейін "Настоящее время" арнасы мерт болған 24 жастағы тәжік азаматы Эхсон Аминзоданың туыстары марқұмның сүйегін ала алмай отырғанын хабарлаған.

Арнаның хабарлауынша, Белгородтағы оқиғадан бес күн бұрын Эхсон Аминзода Мәскеуде із-түссіз жоғалған. Туыстары оны армияға мәжбүрлеп әкеткен болуы мүмкін деп топшылайды. Туған ауылы Заргар тұрғындары Эхсон өз еркімен Ресей армиясына барған дегенге сенбейді. Өйткені оның әскери тәжірибесі болмаған, тәжік армиясында қызмет етпеген.

XS
SM
MD
LG