Accessibility links

Қайрат Сатыбалды ісі: Агенттік құны $230 млн бағалы бұйымдар елге қайтарылғанын, тағы $300 млн анықталғанын хабарлады


Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен өзге адамдарға қатысты "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру фактілері бойынша" сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлады. Агенттік осы шаралар аясында мемлекетке тағы 530 млн доллар "қайтарылатынын" мәлімдеді.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алыс шет елдерде фигуранттарға тиесілі, құны 230 миллион АҚШ долларынан асатын, мемлекет кірісіне айналдырылған эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар анықталып, елге қайтарылды. Сонымен қатар, Қайрат Сатыбалдыұлының 300 миллион АҚШ долларына шетелдік бағалы қағаздар алғаны анықталды. Көрсетілген қаржы жақын арада Қазақстан бюджетіне түседі" деп жазылған агенттік хабарламасында.

Биыл қыркүйекте Қазақстан соты Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеуге үкім еткен, кемінде енді он жылға дейін мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салған.

Наурыз айында ұсталған Қайрат Сатыбалдыға "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі сот басталмай тұрып тамыз айында "айыпталушылар иемденген құны 500 млн доллар болатын заңсыз активтер тергеу барысында мемлекетке қайтарылды" деп мәлімдеген. Бұған қоса, Сатыбалды үстінен "салықтан жалтару", "қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру" баптары бойынша да іс тергеліп жатқаны хабарланған.

Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кірген.

2021 жылы Азаттық зерттеуінде Люксембургтың LRB реестрінің мәліметі бойынша, Қайрат Сатыбалды Skyline Investment Company S.A офшор фирмасының жалғыз иесі екені айтылған. Ашық дереккөздер Қайрат Сатыбалды 2016 жылы Alatau Capital Invest компаниясы арқылы "Қазақтелекомның" акциясын сатып алғанын көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG