Accessibility links

Эр-Рияд Иранның Сауд Арабиясына шабуылдайтынын АҚШ-қа ескертті


Ирандағы студенттер наразылығы.
Ирандағы студенттер наразылығы.

Эр-Рияд барлау қызметінің Иран Сауд Арабиясы аумағындағы нысандарға шабуылдайтыны туралы мәліметін Вашингтонға тапсырды. Таяу Шығыстағы америкалық және басқа да күштер шабуылды тойтаруға дайындалып жатыр.

Бұл туралы The Wall Street Journal Сауд Арабиясы мен Құрама Штаттардағы дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Иран барлау министрлігі мен Ислам революциясы сақшылар корпусының барлау ұйымы АҚШ, Ұлыбритания, Израиль және Сауд Арабиясының барлау қызметтерін белсенді Махса Амини өліміне қатысты наразылық шерулерін жоспарлады, жүзеге асырды деп айыптаған.

Сауд Арабиясының ресми өкілдерінің мәлімдеуінше, Иран Сауд Арабиясына, сонымен бірге Ирактың Күрдістанындағы Эрбильге шабуыл жасауды жоспарлаған. Тегеран қоғам назарын ішкі наразылықтан басқа жаққа аударту үшін осындай әрекетке барады.

АҚШ, Сауд Арабиясы және аймақтағы басқа да елдер қарулы күштерінің дайындығын пысықтай түсті, деп жазды The Wall Street Journal.

Өткен айда корпус қолбасшысы Сауд Арабиясынан Ирандағы наразылық туралы ақпарат таратуды шектеуді талап еткен. "Бұл біздің соңғы ескертуіміз, өйткені сендер біздің ішкі ісімізге БАҚ арқылы араласып отырсыңдар", - деген генерал-майор Хоссейн Салами Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы әскери жаттығулар кезінде.

Иранда бір жарым айдан астам уақыттан бері 22 жастағы Махса Аминидің өліміне байланысты наразылық акциялары өтіп жатыр. Акцияға қатысушылар қыздың өліміне полицейлерді кінәлайды. Наразылықты басу кезінде Иран полициясы қару қолданды, 200-ден астам адам қаза болған, мыңнан астам адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG