Accessibility links

"Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды


Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған жиында сөйлеп тұр. 13 ақпан, 2022 жыл.
Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған жиында сөйлеп тұр. 13 ақпан, 2022 жыл.

Тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай 2 қарашада тергеу изоляторынан босап шықты. Сот оның бұлтартпас шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген. Сәрсенбі күні оны изолятор алдынан жақындары, жақтастары қарсы алды. Қарауыл оны көлікпен үйіне жеткізген.

2 қарашада оған қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот 7 қарашада №2 Бостандық аудандық сотында өтетіні де белгілі болды.

Қазақстанның демократиялық партиясын тіркей алмай келген саяси белсенді Жанболат Мамай биыл ақпанда – Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыптар тағылды.

Маусымда Иманбай күйеуіне Қаңтар кезінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылғанын да хабарлаған. Мамайдың айтуынша, билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні "ұйымдастырды" деп кінәлағысы келеді. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

Өткен аптада Инга Иманбай Еуропарламентте сөйлемей тұрып бір күн бұрын күйеуіне "жаппай тәртіпсіздік" бойынша тағылған айыптың сәл жеңілірек – "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Ол бұған халықаралық қысым түрткі болды деп санайды.

Бұған дейін бірқатар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатуға шақырған. Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудаламауға, оның ішінде Мамайды босатуға үндеген.

Бір күн бұрын Ұлыбритания парламентінің мүшелері қамаудағы оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың ісі негізінде Қаңтар оқиғасында және оқиғадан кейін Қазақстанда адам құқықтары мен халықаралық құқықтардың бұзылғаны жайлы хабарларды тексеретінін де мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG