Accessibility links

Омбудсмен: Қаңтар бойынша азаптау істерінің 80 пайызы жабылған


Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова.

Қаңтар оқиғасы бойынша азаптау істерінің 80 пайызы жабылған. 3 қарашада Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова Азаттық тілшісіне осылай деп мәлімдеді. Ол сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі құзырында болған істер жайлы айтып отырғанын нақтылады. Омбудсмен мұндай жайтпен келісуге болмайды дейді.

"Егер азаптау әрекеттері полиция мекемесінде немесе изоляторда болған жағдайда қызметкерлерден басқа осы мекемелерге жауап беретін бастықтары бар. [Солар сұралуы тиіс], бұл - бір. Екіншіден, қандай заң механизмдері дұрыс істемеді [соны анықтау керек]. Себебі Конституцияда азаптауға қарсы нақты ережелер көрсетілген. Соның бәрін қазір біз мәселе ретінде көтеріп отырмыз. Құқық органдары бізбен қазіргі уақытта келіспей жатыр. Бірақ бұл мәселені күн тәртібінен алмаймыз" деді Эльвира Әзімова.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қамау орындарында "азапталдым" деген жүздеген адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Азаптауға ұшыраған азаматтардың туыстарының айтуынша, полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторларында күш құрылымдары өкілдері жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен күйдірген, электрошокер қолданып, ауясыз ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнағының көбесіне ине жүгіртті" деп шағымданған азаматтар да бар. Бұған дейін ақпарат құралдарында азаптауды дәлелдейтін көптеген суреттер мен видеоайғақтар жарияланған.

Бірақ соған қарамастан бұған дейін азаптауға ұшыраған адамдар мен олардың туыстары азаптау қылмысы жөнінде берген шағымдарын қарау баяу жүріп жатқанын, кейбірінің ісі жабылып қалғанын да айтқан. Адвокаттар жәбірленушілер жазған арыздар бойынша тергеу құпия әрі шала-шарпы жүргізілгенін айтқан.

Қазір Қазақстан бойынша тек бір өңірде – Талдықорған қаласында азаптау бойынша 24 жәбірленушінің арызын сот қарап жатыр. Адам азаптаған және тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған деген күдікке ілінген қызметкерлердің жалпы саны – 15 адам. Бұған дейін жәбірленушілер өздеріне күдікті полицейлердің қоқан-лоқы жасағанын айтқан.

Халықаралық ұйымдар да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын әділ, жан-жақты тергеуге, азаптауға кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген. Ресми Астана халықаралық ұйымдардың Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысынан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG