Accessibility links

Алматыдағы қамау орындарына барғаннан кейін есеп берген омбудсмен "террорист" ұғымын да пайдаланды


Наразылар Райымбек көшесімен кетіп барады. 5 қаңтар 2022 жыл.
Наразылар Райымбек көшесімен кетіп барады. 5 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) Эльвира Әзімова 17 қаңтар күнгі брифинг кезінде Алматыдағы тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарында болғанын айтып, сапары жөнінде есеп берді. Билік қаңтардағы оқиғадан кейін мыңдаған адамды ұстағанын мәлімдеген. Брифинг кезінде журналистердің сұрақ қою мүмкіндігі болмады.

"Қазір кінәсіз азаматтарды босатып жатыр: 91 адам қамаудан шыққан, 70-тен аса әкімшілік жаза жұмсартылған. Бұл процесс әрі қарай жалғасқанын қалаймыз" деді Әзімова.

Омбудсмен полицияның дөрекі қарым-қатынасы жөнінде 21 шағым түскенін және дене жарақаты туралы шағымды медицина қызметкерлерінің растауы тиіс екенін де атап өтті. Ол сонымен бірге ұсталғандарға адвокатты кіргізбеу, туыстарына хабарламау, ұстаудан кейін медициналық көмек көрсетілмегені жөнінде хабарламалар түскенін де айтты. Әзімова ол жөнінде Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігіне дереу хабарлайтынын айтты. Ол сонымен бірге азаматтарды құқық бұзу фактілері жөнінде "хабар беріп отыруға" шақырды.

Омбудсмен брифинг кезінде тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарында отырғандандарға қатысты "террорист" ұғымын қолданып, оларды бейбіт шеруге қатысқандардан ажырату қажеттігін алға тартты.

"Террористер мен ұрлық жасағандар, тонағандар және бейбіт митингіге қатысқандардың ара-жігін ажырату керек" деді ол.

Әзімова сонымен бірге әлеуметтік желідегі із-түзсіз жоғалғандар туралы хабарламаларға да тоқталды, "Арасында медицина мекемелеріне жатқызылған немесе ұсталғандар да бар" деді ол.

Омбудсменнің сөзінше, кейбір ұсталғандар түрлі себеп бойынша "өздері немесе туыстарының ұсталғаны жөнінде ақпараттың жарияланғанын" қаламайды.

Әзімова осы тұста "жекелеген азаматтардың желіде жоғалғандардың тізімін құрастырып, жариялап жүргенін" алға тартып, ондағы ақпарат үнемі "дәл бола бермейді" деп ескертті, "әділетсіз айыптаулар мен негізсіз сыннан" аулақ болуға шақырды.

"Террористер" туралы тезисті 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Ол "халықаралық террористік топтар" Қазақстанға "шабуыл жасады" деп мәлімдеген еді. Тоқаев осы шабуылды Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскери көмек сұрап, "арнайы операция" барысында "ескертусіз оқ атуға бұйрық беру" үшін пайдаланған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтардағы оқиғаның салдарынан кемінде 225 адам қаза болған, 19-ы - күштік құрылым өкілі. Билік қаза болғандардың бірі бөлігі – "терактіге қатысқан қарулы қарақшылар" екенін айтты. 11 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша он мыңға жуық адам ұсталған.

Елде мыңдаған "шетел содырлары" әрекет етті деген тұжырымға әлі дәлел келтірілмеді. Билік жай-жапсарын да айтпады.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қаңтардағы оқиғадан кейін қаза болғандар, зардап шеккендер мен қамалғандар арасында қоғамдық тәртіпті бұзбаған, қылмыс жасамаған бейбіт тұрғындар да бар.

БҰҰ сарапшылары Қазақстан билігінің "демонстранттарға атыс қаруын пайдалануын" айыптап, "террорист" ұғымын асыра пайдаланып отыр деп мәлімдеген. Ұйым наразылық акция қатысушыларына күш қолдануды тыйып, мұндай жағдайларды тәуелсіз зерттеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG