Accessibility links

Азаптау жайлы шағым көбейген тұста Тоқаев тергеудегі азаматтардың құқығын бұзбау қажеттігін айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада контртеррористік штаб жиынын өткізіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 7 қаңтар, 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада контртеррористік штаб жиынын өткізіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Күштік құрылым өкілдерімен кездесу өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев "лаңкестікке қарсы операциялар мен тергеу шараларын жүргізу барысында азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу қажеттігін" атап өтті. Бұл жөнінде 15 қаңтарда Ақорда сайты хабарлады.

Ресми хабарламаға сүйенсек, жиын барысында "Қазақстанда оның ішінде Алматыда болған қайғылы жағдайларды жан-жақты зерттеу мәселесі, қаза болған бейбіт тұрғындардың нақты санын анықтау, күштік құрылымдардың іс-қимылдарын үйлестірудің жаңа нормативтік базасын әзірлеуге" баса мән берілген.

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесіне "арнаулы операция күштерін жасақтау жұмыстарын жеделдетуді және ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру жөнінде нақты ұсыныс беруді" тапсырған.

Қазақстанның көптеген өңірін қамтыған қаңтардағы наразылық пен тәртіпсіздіктерден кейін әлеуметтік желіде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, тергеу кезінде азапталған азаматтар жайлы хабарлар жиілеген. Тоқаевтың мәлімдемесі осындай шақта жарияланып отыр.

Бір күн бұрын президент "қаңтар оқиғасында" ұсталғандардың жазасын мүмкіндігінше жеңілдетуді тапсырған.

Қазақстанның құқық қорғау органдары азаматтардың азаптау мен қысым жайлы шағымдарына қатысты түсініктеме бермеді.

Бұған дейін құқық қорғаушылар қаңтардағы оқиға кезінде азапталғандар мен қысым көргендерді тіркейтін ортақ базаны іске қосқан. Қазақстанның кез келген өңіріндегі азамат құқық қорғаушыларға хабарласып, адам құқығын бұзу жайттарын хабарлай алады. Бұған қоса, азаптау мен қысымға ұшырағандарға құқықтық көмек те қарастырылған.

Қаңтар айының басында Қазақстанның көп өңірінде Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейбір қалаларда наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Тәртіпсіздіктен қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзсіз жоғалған адамдар да көп.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған: терроризм бабы бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG