Өзбекстан парламенті жоғары палатасының Senat.uz сайтын 2 қарашада хакерлер шабуылдаған. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Өзбек билігі шабуылға ұшыраған сайттың жөнделіп жатқанын айтты. Басқа мәлімет таратылмады. Қазір жоғары палатаның сайты nw.senat.uz доменінде ғана жұмыс істеп тұр.
Осының алдында ғана әлеуметтік желілерде белсенділер тобы Ресей президенті Владимир Путиннен орден алған Өзбекстан сенаты төрайымы Танзила Нарбаеваны қызметтен алуды талап етіп, петиция толтыруға кіріскен. Жүзге жуық адамның қолы қойылған петиция сенат пен БАҚ-қа жолданған.
28 қазанда Самарқан қаласында өткен ТМД парламентаралық ассамблеясының 54-сессиясында Танзила Нарбаеваға Ресейдің "Достық" ордені табысталған. Сенат жетекшісі мұндай марапатқа ие болу "зор құрмет" екенін айтып, Путинге алғыс білдірген. "Ресей президенті Владимир Путинге шынайы алғыс білдіргім келеді. Біз бұл орденді міндетті түрде ақтаймыз" деп мәлімдеген сенат спикері.
Өзбекстан басшылығындағы екінші адам саналатын сенат спикерінің Кремльден орден алып, "міндетті түрде ақтаймыз" деуі әлеуметтік желідегі белсенділердің наразылығын туғызды.
ПІКІРЛЕР