Accessibility links

Тоқаев прокуратура, омбудсмен және конституциялық сот туралы заңдарға жария түрде қол қойды


Прокуратура, омбудсмен, конституциялық сот туралы заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 5 қараша 2022 жыл.
Прокуратура, омбудсмен, конституциялық сот туралы заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 5 қараша 2022 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қарашада бірнеше заңға жария түрде қол қойды. Атап айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта жұмысын бастайтын конституциялық сот туралы заңға қол қойды. Биліктің айтуынша, аталған сотқа "барлық азамат шағым түсіре алады". Бұған қоса, прокуратура және омбудсмен, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты бірқатар түзетулерге қол қойды.

Ақорданың жазуынша, бұл биыл маусымдағы Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу жөнінде өткен референдумнан кейін қабылданып отырған заңдар.

5 қарашада заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген Тоқаев референдум нәтижесінде "билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыру" және "мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашу мүмкіндігі" туды, " адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды" деді.

Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі алғаш рет конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отырғанын, бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейгенін атап өтті.

Ақорданың жазуынша, "енді мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады". Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады.

"Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы" деді Тоқаев.

Қазақстанда ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы былтыр өткен. Ауыл әкімін тіке сайлауды билік демократияға жаңа қадамның бір көрінісі деп атаған. Алайда сайлау нәтижесі бойынша аймақтардың басым бөлігінде ауыл әкіміне "Нұр Отан" (биыл "Аманат" болып өзгерді) партиясының мүшелері сайланды. Ауыл әкімдерінің көбі бұрынғы қызметіне қайта отырған.

Биыл Конституцияға екі рет өзгерістер енгізілді. Сарапшылар Конституцияға енгізілген өзгерістер екі жағдайда да Тоқаевтың билігін күшейтуге бағытталған деген.

Маусымдағы референдум алдында билік Конституцияға енгізілетін өзгерістер "суперпрезиденттік басқару жүйесінен күшті парламенті бар президенттік басқару жүйесіне өтуге бағытталған" деп мәлімдеген. Алайда саясаттанушылар мен қоғам белсенділері конституцияға референдум арқылы енетін өзгерістер - парламентті күшейтпейді, саяси жүйені демократияландыра алмайды деп айтқан.

Тәуелсіз саяси шолушылар пікірінше, референдум биылғы Қаңтар оқиғасына жеткізген қоғамдық көңіл күй температурасын түсіру үшін жасалған. Қаңтар оқиғасындағы жаппай наразылық дүрбелеңге ұласып, әскер мен полицияның күштеп басуы салдарынан кемінде 238 адам өлген еді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз атуға бұйрық бергенін көпшілік алдында айтқан. Халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқық қорғаушылар, белсенділер Тоқаевтың бұйрығын сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG