Украинада қаржы мәселесіне байланысты Starlink спутник байланысының 1300 терминалы істен шықты. Бұл жөнінде құпия дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
Байланыс 24 қазанда үзілген. Соның салдарынан биыл наурызда Украина британ компаниясынан сатып алып, әскери операцияларда қолданған терминалдар істемей қалған. CNN жазуынша, украин әскері Starlink'тің 1300 терминалының әрқайсысына айына 2500 доллардан төлеген. Қыркүйекте жалпы шығын көлемі 20 млн долларға жетіп, украин әскері терминалдар ақысын төлей алмай қалған.
CNN'ның жазуынша, қазан басында Украина қорғаныс министрлігі британ әскеріне қайырылып, айына 3,25 млн доллар төлеуін өтінген.
"Ресей басқыншылығына тойтарыс беруде украин әскеріне тікелей тактикалық маңызы бар бірқатар терминалдардың жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырмыз" деді британ шенеунігі телеарнаға.
Қыркүйек айында SpaceX компаниясы АҚШ қорғаныс министрлігіне ескерту-хат жолдап, Starlink'тің Украинадағы қызметтерін қаржыландыра алмайтынын хабарлаған. Компания Пентагоннан жобаны қаржыландыруды өтінген. 15 қазанда Илон Маск SpaceX шығынға қарамастан Украинадағы Starlink спутник байланысын қаржыландыра беретінін мәлімдеді.
Бірақ соған қарамастан CNN'нің Пентагондағы дереккөзінің айтуынша, АҚШ қорғаныс министрлігі мен SpaceX жобаны қаржыландыру жөнінде келіссөзді жалғастырып жатыр.
"Біздің оларды қаржыландырайын деп отырғанымызды ведомство өкілдерінің барлығы біледі" деді Пентагондағы жоғары лауазымды тұлға.
Украина армиясы миллиардер Илон Масктің Starlink спутниктерін өзара байланысқа, барлау деректерін алуға қолданып жатыр. Байланыспен Viasat компаниясы қамтамасыз еткен. CNN'нің жазуынша, украин әскерінің қанша терминалды пайдаланып отырғаны белгісіз, алайда істемей қалған 1300 терминал олардың едәуір бөлігін құрайды.
ПІКІРЛЕР