Бір жыл бұрын Қарағанды облысы "Абай" шахтасында болған шахтерлер өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс жабылды. Бұл жөнінде 8 қарашада Қарағандыдағы брифинг кезінде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бас директоры Биджу Наир хабарлады.
– Ол жерде ешқашан болады деп ойламаған, бірде-бір нұсқаулықта жазылмаған газодинамикалық құбылыс болған. Комиссия актісінде нақты бір қателіктер жөнінде айтылмаған. Полиция істі жарты жыл тергеп, кейін жапты, – деді Биджу Наир.
"Абай" шахтасында апат былтыр 7 қарашада болған. Алты шахтер қаза тауып, екі жұмысшы ауыр жағдайда реанимацияға түскен. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, сегізі кенжарда жұмыс істеген. Ресми мәліметке қарағанда, апатқа метан концентрациясының шамадан тыс тарауы түрткі болған. Сол кезде "шахтерлер өзін қорғау жүйесін пайдалана алмай, оқиға орнында қаза болған" деп хабарлаған. Шахтаның кіреберісінде болған екі адам құтқару құралдарын пайдаланып үлгерген, олар ауыр жағдайда ауруханаға түскен.
Полиция әуелде "Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген тау-кен жұмыстарын жүргізу ережесінің бұзылуы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин сол кезде "күдіктілер барын" да мәлімдеген.
Ол АМТ нысандарында қауіпсіздік ережелері "үнемі бұзылатынын" айтқан".
2008 жылы АМТ компаниясының "Абай" шахтасында болған апаттан 30 адам қаза болған еді. Марқұмдардың көбін мамандар үйінді астынан сол күйі шығара алмады.
"Абай" шахтасы 1998 жылы шілдеде құрылған. Қарағанды облысындағы Абай қаласында шоғырланған бірнеше шахтаның ішінде қазір істеп тұрғаны осы. Жергілікті халықтың едәуір бөлігі осы шахтада жұмыс істейді.
Құрамына ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысының бірнеше қаласындағы шахталар кіретін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шетелдік миллиардер Лакшми Митталға тиесілі.