Accessibility links

Адвокат: Ермек Нарымбаевтың аштық акциясы – Тоқаев әкімшілігіне саяси месседж


Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.
Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан белсенді Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген фото.

Белсенді Ермек Нарымбаевтың түрмеде аштық жариялап жатқанына 38 күн болды. Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, белсенді түрме медпунктіне ауыстырылған. Адвокат түрмедегі белсендіге 4 қарашада кіріп шыққан.

– Рысбек Сәрсенбайұлы екеуіміз өткен аптаның аяғында кіріп шыққанбыз. Жағдайы орташа. Ол қойған шартын билік орындағанша аштық акциясын жалғастыра беретінін айтты. Яғни Тоқаев саяси тұтқындарды қудалауды назарға алып, саяси белсенділерге жеңілдік жасаса ғана Ермек аштықты тоқтатады. Бұған қоса сайлау комиссиясы сайлау хаттамаларын жарияласын деген талап та қойып отыр. Дегенмен комиссия жарияламаса да, аштыығын 20 қарашадан соң тоқтатады, себебі ол қолынан келген нәрсені істеді. Ал оның талаптарын билік қаншалықты орындағанына қоғам баға береді. Мұнда түрмеде Ермектің аштықтан басқа позициясын жеткізу жолы жоқ. Сол себепті ол аштық жариялаған. Оның аштық акциясы – Тоқаев әкімшілігіне саяси месседж, – деді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, бұған дейін Ермек Нарымбаев түрме медпунктіне жатқызылған. Жағдайы қалыпты.

3 қарашада Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты Ермек Нарымбаевтың аштық акциясын "заңды" деп таныған. Сот "аштығын тоқтатпаған" Нарымбаевты "жазадан жалтарды" деген кінә таққан және 4 қазанда оны тәртіп изоляторына жеті күнге қамаған Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесі әкімшілігінің әрекетін заңға қайшы деп таныған. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросы хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, адвокат Жанар Балғабаева түрме әкімшілігінің әрекетіне қарсы шағым түсіріп, сотта жеңген.

9 қарашада Азаттық тілшісі Ермек Нарымбаев отырған Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінің бастығы Ұлан Арғынбаевқа хабарласты. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Белсенді Ермек Нарымбаев Қазақстандағы саяси тұтқындарды босатуды және сайлау кезінде дауысты әділ санауды талап етіп, қазанның басынан бері аштық жариялап жатыр. Наразылық акциясын бастағалы бері ол жүдеп, шамамен 20 келіге арыған. Жақындары мен жақтастары, белсенділер Ермек Нарымбаевтың денсаулығына алаңдап, одан аштық акциясын тоқтатуын өтінген.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсендінің аштық акциясынан хабардар екенін, 3 қазаннан бері оны дәрігерлер "бақылап отырғанын" бұған дейін мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар түзген "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық іс бойынша жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кетіп қалған еді. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралған белсендіні Алматы әуежайында ұшақтан түскен бетте полиция ұстап әкетіп, қамаған. Адвокаттың айтуынша, Нарымбаевқа сот кескен жаза мерзімінің әлі өтелмеген екі жарым жылы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG