Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Өзбекстан қазағы рақымшылыққа ілінді


Қаңтар бойынша айыпталып, бір жыл шартты жазаға кесілген Өзбекстан қазағы Сәкен Тәліпов және анасы Кәмшат Дербісәлиева. Алматы, 11 қараша 2022 жыл.
Қаңтар бойынша айыпталып, бір жыл шартты жазаға кесілген Өзбекстан қазағы Сәкен Тәліпов және анасы Кәмшат Дербісәлиева. Алматы, 11 қараша 2022 жыл.

11 қарашада Алматының Алатау аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған Өзбекстан қазағы 18 жастағы Сәкен Тәліповке рақымшылық заңын қолданып, соттылығын алып тастады. Шілдеде Алматы соты оған бір жыл шартты жаза берген еді. Енді заңға сәйкес, Тәліповтың пробациялық бақылауы алынады.

Анасы Кәмшат Дербісәлиеваның айтуынша, үкім он күннен соң күшіне енеді. Бұған дейін Тәліповтің соттылығы оның Қазақстан азаматтығын алуына кедергі келтіріп келген. Енді анасы азаматтық алуда кедергі болмайтын шығар деп үміттенеді.

– Олар [азаматтыққа құжат қабылдайтындар] "жазасы өтелді" деген қағаз алып келіңдер деді. Оны жаза біткенше бермейді ғой. Жалынып, жылап, күте тұрыңдар деп жүрген кезде амнистия деген шығып қалды. Кеше сот жөнінде айтып едім, олар да қуанып қалды. "Алып келіңдер анықтаманы" деді. Енді бұйырса, екі айдың ішінде азаматтық алуы керек, – деді Кәмшат Дербісәлиева соттан кейін Азаттық тілшісіне.

19 шілдеде Алматы соты "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған Сәкен Тәліповке бір жыл шартты жаза беріп, қамаудан босатқан еді. Тәліпов қаңтардан бері тергеу изоляторында отырған. Анасының айтуынша, ол ​қаңтарда өзге ұсталғандармен бірге азапталған. Осыған дейін азаптау ісі жабылып қалған. Ал медициналық көмекке зәру болған Сәкен Тәліповті қаладағы ауруханалар "қаңтарға байланысты сотталған" деп емдеуден бас тартқан.

– Жылап, жалынып жүріп бір жеке ауруханаға бардық. Күндізгіге. Соңына қарай емнің дауы-жырынан балам да шаршап кетті де, жұмысқа шығып кетті, – дейді Кәмшат Дербісәлиева.

Өзбекстан қазағы Сәкен Тәліпов Қазақстанға былтыр күзде, осында бірнеше жылдан бері тұратын анасының қасына көшіп келген. Кәмелетке толмағандықтан азаматтық алып үлгермеген. Анасымен бірге Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, ол 4 қаңтарда «Алматы аренадағы» бейбіт жиынға барған. Көпшілікпен бірге әкімдікке дейін жеткен. Сол жерде жатқан полиция қалқаны мен дубинкасын алғаны камераға түсіп, ақпанның басында қамауға алынған.

Кәмшат Дербісәлиева осыған дейін ұлы қаланы дұрыс білмейтінін, шеруге қасындағы досы ертіп барғанын айтқан.

Ақпанда Өзбекстанның Алматыдағы бас консулдығы Сәкен Тәліповке байланысты Қазақстанға нота жолданғанын мәлімдеген.

Қаңтар оқиғаларына байланысты Қазақстанда оннан астам шетел азаматы ұсталған. Екі қырғыз, бір өзбек азаматы қайтыс болды. Билік қаңтардың басынан бері дүрбелеңге «сыртқы күштерді» айыптап келеді. Олар Орталық Азия елдерінің бірінен келгенін айтады. Бірақ нақты айғақ келтірмейді. Бұған дейін «бүлікші» ретінде аталған екі қырғыз азаматы үшін Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдап, азаматтарын елге қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG