Accessibility links

Қызылордада "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған белсенді соты өтіп жатыр


Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов. Қызылорда қаласы, 20 сәуір 2021 жыл.

Қызылордада Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенді Мұратбай Баймағамбетов соты өтіп жатыр. Адвокат Бақыт Қамбаровтың айтуынша, белсенді бастапқыда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап, 2-бөлігі) деп айыпталса, артынша айыбы ауырлаған. Қазір ол "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" (272-бап, 1-бөлігі) деген күдікке ілініп отыр. Денсаулығы нашарлаған белсенді тергеу изоляторында алты ай отырғаннан кейін жазда үйқамаққа шығарылған.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, тергеу органдары белсендінің "кінәсін дәлелдейтін" екі айғақ көрсеткен. Біріншісі бойынша, видеода белсенді қаңтар кезінде тұрып мінберде халықтан тарамауын өтінген. Адвокаттың сөзіне қарағанда, сол кезде белсендінің телефоны да тыңдалған. Сол шақта Мұратбай Баймағамбетов телефон арқылы таныстарына "осы жерге келіңдер, бірдеңе болып жатыр" деген. Осы екі "дәлелді" алға тартқан тергеу органдары белсендіні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыптап отыр.

Осыған дейін белсендінің ісі бойынша екі сот отырысы өткен. Соңғысы кеше, 11 қарашада болған. Адвокаттың сөзіне қарағанда, онда жәбірленушілер тыңдалған.

- Оған тағылған айыптың өзі күлкілі. Қызылордада қаңтар оқиғасы кезінде сот ғимараты өртенген, әкімдік, прокуратура ғимараттары бүлінген. Енді соның барлығына осы кісіні кінәлі етейін деп отырғандай сезіледі. Кеше жәбірленушілердің өкілдері келді. Әкімдік, прокуратура, күзет қызметі, шекара қызметінің өкілдерін жәбірленуші қылып қойған. Мына кісі халыққа "тарамаңдар" дегеннен кейін жұрт тарамай, әрі қарай әрекеттенген деп көрсетуге тырысып жатыр. Ақылға сыймайтын нәрсе, – дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, жәбірленушілер Қаңтар оқиғасы кезінде 38 көлік өртеніп, ұрланғанын, ғимараттар бүлінгенін айтқан.

Адвокат өз пікірін ашық айтып, билікті сынап жүрген белсендінің ісі саясиланған болуы мүмкін дейді.

Бұған дейін белсендінің әйелі Гүлбану Піржан күйеуінің 5 қаңтарда таңертең ұсталып, кешкі сағат 4-де босатылғанын, сол кезде "полицияда оны жеті адам ұрып-соққанын" айтқан еді. Адвокаттың айтуынша, белсенді оған байланысты "дәлелдей алмаймын" деп шағым түсірмеген. Түрмеге жапса, жағдайы қиындап кете ме деп те алаңдағанын айтады. Сот алдында белсенді операцияны бастан кешірген. Адвокаты оның денсаулығы дімкәс екенін айтты.

Sud.kz сайтындағы ақпарат бойынша, сот қазан ортасына белгіленген кезде Баймағамбетов сырқаттанып, алғашқы отырысқа келе алмаған. Кейін сот қазан соңына белгіленген. Келесі сот отырысы 14 қарашада өтеді. Sud.kz сайтында әзірге тергеу тарабының айыптары көрсетілмеген.

Қызылордалық белсенді Мұратбай Баймағамбетов былтыр сәуірде "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен екі жылға бас бостандығы шектелген. Ол Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған).

Белсенді билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.

Осыған дейін құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG