Accessibility links

Қаңтарда атымен қоса оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев ісі: Сот малшы өлген жерде өтті


2022 жылғы 5 қаңтарда Талдықорған қаласының шетінде мал жаюға шыққан Ерназар Қырықбаевты шаруашылық жерінің іргесіндегі әскери бөлім қызметкерлері атымен қоса атып өлтірді дейді марқұмның туыстары. Қаңтар, 2022 жыл.
2022 жылғы 5 қаңтарда Талдықорған қаласының шетінде мал жаюға шыққан Ерназар Қырықбаевты шаруашылық жерінің іргесіндегі әскери бөлім қызметкерлері атымен қоса атып өлтірді дейді марқұмның туыстары. Қаңтар, 2022 жыл.

11 қарашада Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағуға шыққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың оққа ұшқанына байланысты төртінші сот отырысы өтті. Сот көшпелі форматта болды – процеске қатысушылар малшы оққа ұшқан жер Талдықорғандағы әскери бөлім маңына барды.

"Жалпы біздің дәлелдер тағы бір рет расталды десек болады. Күдікті өзінің кінәсін әлі мойындамаса да, бірақ шатасып, неше түрлі бір-біріне қарама-қайшы жауаптар берді. Сот оқиға болған жерді өзі көзімен көріп, өлшеп, қанша метр қашықтықтан атқанын, қалай атқанын, жолдың қалай жатқанын, жолмен қалай келе жатқанын, бәрін түгел көрді. Бәрін түгел хаттамаға түсірдік" деді жәбірленуші жақтың адвокаты Қадыр Берден 12 қарашада Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, малшыға оқ атқан күдікті осыған дейін сотта марқұмның "өзіне қарай шауып келе жатып, оқ атуға мәжбүр болғанын" айтып келген. Ал 11 қарашада куәлік еткен әскери бөлімшенің медицина қызметінің бастығы аттың және өлген жігіттің қай жерде жатқанын яғни, жолдың бойын нақты көрсеткен.

"Оның сөзі малшыны шауып келе жатқанда емес, жол бойында кетіп бара жатқанда атқанын дәлелдей түседі" деді адвокат.

Бұған дейінгі сотта күдікті, Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің қызметкері Марк Злуняевтің басшылары "оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев әскери бөлімге қауіп төндіретін жерге дейін жақындағанын", күдіктінің әрекеті дұрыс болғанын айтқан. Адвокаттардың "Марк Злуняевтің орнында сіз болсаңыз қайтер едіңіз" деген сұрағына олар "қару қолдану ережесі бойынша мен сөйтер едім" деп жауап берген.

11 қарашада көшпелі сотқа судья, прокурор, күдікті, адвокаттардан басқа тәуелсіз бақылаушылар: "Ар.Рух.Хақ" қоры, "Право на жизнь", ЕҚЫҰ өкілдері қатысқан. "Ар.Рух.Хақ" қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина көшпелі сотта көргендерін Фейсбук парақшасында жариялады.

Сот үкімі 14 қарашада сағат 11-де оқылады деп айтылады.

24 жастағы Ерназар Қырықбаев қаңтардың бесінде Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Туыстарына Ерназар Қырықбаевтың денесін бір аптадан соң ғана берген. Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.

Ерназар Қырықбаев ісіне байланысты сот 20 қазанда басталған.

Қаңтардың бесінде Талдықорғанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше адам қаза болып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам өлгені анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG