Accessibility links

Уфадағы башқұрт театры соғысқа қарсы автордың романы бойынша жазылған спектакльді алып тастады


Гүзел Яхина. Фото авторы - Роман Ерофеев.
Гүзел Яхина. Фото авторы - Роман Ерофеев.

Уфада Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры жазушы Гүзел Яхинаның романы бойынша жазылған "Зылиха көзін ашады" спектаклін автордың соғысқа қарсы айтқан сөзінен кейін алып тастады. Бұл жөнінде "Бизнес Online" сайты жазды.

24 ақпанда – Ресей Украинаға басып кірген күні Яхнина "Бұл менің соғысым емес" деп жазған.

Автор осы сөзді жазған соң тоғыз айдан кейін башқұрт драма театры сайтында "театр қызметкерлерінің ой-пікірі автордың ой-пікірімен сай келмегендіктен аталған спектакльді репертуардан алып тастау жөнінде шешім қабылданды" деген хабар пайда болды. Театр "Ресей халқына ортақ рухани құндылықтарды насихаттайды" дейді хабарда.

Бұған дейін театрдың әдеби меңгерушісі Эльвира Дәулетбердина "Бизнес Online" сайтымен әңгіме кезінде "Гүзел Яхинаның шығармалары Ресейдің барлық театрынан алынады" деп мәлімдеген.

Кейбір дереккөздердің айтуына қарағанда, спектакль Башқұртстан мәдениет министрлігінің бастамасымен алынған. Сонан кейін мекеме директоры Иршат Файзуллин "репертуардың жаңаруына байланысты" спектакльді алып тастау жөнінде бұйрық әзірлеген. Актёрлар мен бас режиссерге күтпеген жайт болған.

Совет кезіндегі бай-кулактарды тәркілеу науқанына ілініп, Сібірге айдалған татар әйелінің тағдыры туралы Гүзел Яхинаның "Зылиха көзін ашады" романы 2015 жылы жарық көрген. 2019 жылы соның желісімен қойылған спектакль арнаулы жүлдеге де ие болған.

Гүзел Яхинаның аталған романы бойынша "Зылиха" деп аталатын көп сериялы фильм түсірілген. Ресей мұсылмандарының діни басқармасы фильм авторынан кешірім сұрауды талап еткен. Кейбір татар көрермендері фильм халықтың образын бұрмалайды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG