14 қарашада Өзбекстан парламентінің заң шығарушы палатасы қырғыз-өзбек шекарасындағы жекелеген учаскелерді делимитациялау және Кемпірабад су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы заң жобасын мақұлдады.
Заңды үш оқылымда 100-ден астам депутат қолдаған. Депутаттар алдында сөйлеген Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріпов шекара туралы келіссөз оңай болмағанын айтқан.
"Жалпы ұзындығы 302 шақырым шекара бөлігі бойынша келісім аяқталуға жақын. Осы келісімге бес жылдан аса уақыт жұмсадық. Бұл құжат республикамызға стратегиялық маңызы бар бірқатар мәелелерді шешеді",- деді Әріпов.
3 қарашада Бішкекте Қырғызстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері қырғыз-өзбек шекарасының жекелеген учаскелері мен Кемпірабад су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойған.
12 қарашада заң жобасы Қырғызстан парламентіне түскен.
Бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы келісім бойынша Кемпірабад су қоймасы төңірегіндегі 4485 гектар жер Өзбекстанға өтетінін, Қырғызстан Ош және Жалалабад облыстарына Өзбекстаннан 18 мың гектардан астам жер алатынын айтқан. Оның сөзінше, жаңа келісімнен кейін Қырғызстан картасы 15 806 гектарға "ұлғаяды".
Қырғызстанның оппозициялық көңіл-күйдегі саясаткерлері мен белсенділері Өзбекстанмен жасалған келісімге көңілдері толмай, Кемпірабад су қоймасының жерін көрші мемлекетке беруге мораторий жариялауға шақырған.
Қазан айында Бішкекте 26 саясаткер мен белсенді ұсталған. Оларды "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деп айыптаған. Ұсталғандар бұл істі өздерінің Кемпірабад су қоймасы жөніндегі ұстанымдары мен оны қорғау бойынша комитет құрғандығымен байланыстырған.
ПІКІРЛЕР