Accessibility links

ШҚО-да белсенді Ыдырышев ұсталды. Әйелі мұны алдағы сайлаумен байланыстырады


Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын қоғам белсендісі Серік Ыдырышевтің үйіне полиция келген сәт. 15 қараша 2022 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын қоғам белсендісі Серік Ыдырышевтің үйіне полиция келген сәт. 15 қараша 2022 жыл.

Бүгін, 15 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын қоғам белсендісі Серік Ыдырышевті Бобровка ауылындағы үйінен полиция алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Гүлмира Базарбекқызы айтты.

Базарбекқызы күйеуінің не үшін ұсталғанын нақты білмейді. Ол "Серікті сағат 12:00 кезінде аудандық полиция бөліміне алып кетті. Әлі сот болған жоқ" деді.

Ол күйеуінің "ұсталуы алда болатын президент сайлауымен байланысты болуы мүмкін" деп санайды.

- Серік 2019 жылы "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, қамалған. Осы жолы Марқакөлге (Күршім ауданы – Ред.) барғанымызда тұратын жеріңнен ескертпей кетіп қалдың деп полиция ескерту жазып берді. Шынын айтқанда, ешқайда шықпау туралы қағаз расымен бар ма, жоқ па білмейміз. Полицияда мұндай шектеу бар екенін растайтын қағазды көрсеткен жоқ. Бір жылдан астам уақыттан бері Серік ештеңе істемеп еді, тыныш болатын, осы сайлау қарсаңында ұсталды, енді полиция себеп табатын шығар, - деді Гүлмира Базарбекқызы.

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің белсендінің үйіне барған видеосы тарады.

Азаттық ШҚО полиция департаментіне Ыдырышев не үшін ұсталғанын білу үшін хабарласқанда баспасөз хатшысы "сұрақ қабылданды" деген, бірақ әзірге ақпарат берген жоқ.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Серік Ыдырышев "ҚДТ ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, 2019 жылы желтоқсанда бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. Ол 2020 жылы ақпанда абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған астаналық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалауды талап еткен акцияға қатысқаны үшін 9 айға түрмеге қамалып шыққан. Оған "рұқсат етілмеген митингіге шақырды", "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптаған.

Саяси тұтқындардың құқықтарын қорғап, оларды ақпараттық жағынан қолдайтын құқық қорғаушылардың "Тірек" қоғамдық альянсы Серік Ыдырышевті түрмеде отырған кезінде "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

  • Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстанда билік сыншысы Әблязовтың қозғалысын қолдағандар жиі қудаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG