Accessibility links

Қазақстандағы отын тапшылығы: Министрлік аймақтарға қосымша автогаз жеткізілгенін мәлімдеді


Шымкентте жанар-жағармайға кезекке тұрған көліктер. 23 тамыз 2022 жыл.
Шымкентте жанар-жағармайға кезекке тұрған көліктер. 23 тамыз 2022 жыл.

Қазақстан энергетика министрлігі 16 қарашада аймақтарға сұйытылған газдың қосымша көлемі жеткізілгенін хабарлады.

"Қазіргі кезде Қазақстан энергетика министрлігі көршілес өңірлердің өндірушілерінен Қазақстанның батыс өңірлерін (БҚО және Атырау облысы) газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бөлу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр" деп хабарлады министрлік 16 қарашада.

Ведомствоның айтуынша, қараша айында Атырау облысына "Қазақойл-Ақтөбе" ЖШС мен Gas Processing Company, "СНПС-Ақтөбемұнайгаздан" қосымша 2108 тонна сұйытылған газ бөлінген. 16 қараша күнгі жағдай бойынша, 521 тоннасы жеткізілген.

Одан бөлек, "Орал қаласындағы "Жайықмұнай" ЖШС-мен күн сайын айырбастау негізінде кемінде 60 тонна сұйытылған газды тиеп-жөнелте отырып, қосымша 400 тонна бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, олар Атырау мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс режиміне шыққаннан кейін өтелетін болады" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Энергетика министрлігі сонымен бірге Батыс Қазақстан және Атырау облысына әрқайсысына қосымша 1600 тонна автогаз бөлу туралы "Теңізшевройлмен" келісімге қол жеткізілгенін де хабарлады.

Ведомство қазіргі кезде сұйытылған газды өткізуші субъектілер "бөлген газ көлеміне байланысты жоғарыда аталған зауыттармен келісім-шарт жасасып жатқанын" айтты.

Жуырда Қазақстанның батысындағы бірқатар өңірлерде автогаз станцияларында кезек пайда болып, автогазды талонмен үлестіре бастаған еді.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты Атырау мен Батыс Қазақстан облысына газ тасымалдау көлемі 35 пайызға кеміген. Соның салдарынан станцияларда газ тапшылығы туындаған.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 7-14 қараша аралығында сұйытылған газды сақтау паркіне айдауды тоқтатқан.

Ақпаратқа қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс режиміне 28 қарашада көшеді. Алайда оған дейін 23 қарашадан бастап қондырғылар кезең-кезеңмен іске қосыла бастағаннан кейін тәулігіне 600 тонна сұйытылған газ өндірілмек.

XS
SM
MD
LG