Accessibility links

Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева өзін полицияға алып кеткенін хабарлады


Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл
Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл

17 қарашада таңертең Алматыда полицейлер белсенді Бибігүл Иманғалиеваны үйінің маңынан ұстап, Әуезов ауданы басқармасына әкеткен. Бұл жөнінде белсендінің өзі Азаттыққа хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, полицейлер ештеңе түсіндірмеген, шақырту да бермеген.

​ - Ештеңе берген жоқ. Қолдарындағы қызметтік куәліктерін зорға сұратып жатып, көрдім. Біреуі Айбол, біреуі Арсен деген жігіт. Қазір аудандық басқармаға алып бара жатыр, – деді Бибігүл Иманғалиева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, кешеден бері үйінің маңын екі көлік торуылдап жүрген. Ол бейсенбі күні сағат 11-дегі ұшағына үлгеру үшін ертерек шыққан кезде полицейлер өзін үйінің маңынан тосып алғанын айтты.

Әуезов аудандық полиция басқармасында кезекші болып отырған қызметкер Ұлан Мелдібеков сағат 10 жарым шамасында бөлімшеге Бибігүл Иманғалиева есімді азамат жеткізілмегенін хабарлады.

Бибігүл Иманғалиева – билік тіркемей отырған "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі. Ол бұған дейін саяси тұтқындарды босатуды, белсенділерді қудалауды доғаруды және саяси партияларды тіркеу митингілеріне қатысып, әкімшілік жазаға тартылған.

20 қарашаға белгіленген оппозиция митингісі қарсаңында Қазақстанда белсенділер жиі ұстала бастады. Бұған дейін билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдерінің "митинг өткізу туралы өтініштерін" қанағаттандырмаған еді. Белсенділер кезектен тыс президент сайлауы, Қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мәселесі жөнінде пікірлерін айтпақ болған.

Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтініштерін қайтарып келеді.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

Сайлау қарсаңында ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған белсенділер:

  • Венера Жанбаева - 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Сандуғаш Қаңтарбаева - 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Мереке Нұғыманов – 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Марат Жыланбаев – 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Марат Мұсабаев – 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Естай Қарашаев – 6 тәулікке қамалды, Жаңаөзен (488-бап, 7-бөлігі);
  • Әсет Әбішев – 15 тәулікке қамалды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Семигүл Ошақбаева – 91 890 теңге айыппұл салынды, Астана (488-бап, 6-бөлігі);
  • Уәлихан Негметов – 7 тәулікке қамалды, Көкшетау (488-бап, 11-бөлігі);
  • Алмагүл Құдайбергенова – 91 890 теңге айыппұл салынды, Көкшетау (488-бап, 6-бөлігі);

(Тізім жаңарып жатыр).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG