Қазақстанда 19 қараша – "тыныштық күні". Кезектен тыс президент сайлауына бір күн қалғанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мен сайлауға қатысты сауалнама нәтижелерін жариялауға, сайлау қорытындысы туралы болжам жасауға тыйым салынған.
Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада елде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алматы, Астана және Шымкентте 86 учаске таңғы сағат 6-да ашылмақ. Қалғаны таңертеңгі сағат 7-де жұмысын бастайды.
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке алты кандидатты тіркеген: "Халықтық коалиция" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, кәсіби әлеуметтік жұмысшылардың ұлттық альянсы кандидаты – Қарақат Әбден, жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев, "Ауыл" кандидаты Жигули Дайрабаев, "Аманат" кәсіподақтар достастығы атынан Мейрам Қажыкен және "Қазақ аналары — дәстүрге жол" кандидаты Салтанат Тұрсынбекова.
Биылғы сайлауда дауыс беру бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген графа енгізілді, бірақ бақылаушылар ол сайлауға еш әсер етпейді деп есептейді, өйткені тіпті дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбі "бәріне қарсымын" деп белгі соққан күннің өзінде сайлау жеңімпазын анықтау барысында ол есепке алынбайды. Тоқаев 2021 жылы қаңтарда парламент сайлауы өткеннен кейін сайлау бюлеттеніне "бәріне қарсымын" графасын енгізуді ұсынған.
Сайлау қарсаңында елде ондаған азаматтық белсенді ұсталды, басым бөлігі бұрынғы "заңсыз митингілер" үшін әкімшілік қамауға алынды. 17 қарашада ҰҚК "сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікпен жеті адам ұсталғанын мәлімдеді. ҰҚК оларды шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты "қолдайтынын" айтты. Әблязов ҰҚК тұжырымдарын жоққа шығарып, билік оппозиция белсенділерін қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.
Сайлау қарсаңында тәуелсіз бақылаушылар да қысым жөнінде хабарлаған. Олардың бірлестіктері ақпараттық шабуылға ұшыраған, бақылаушыларды дайындау тренингтерін өткізер кезде ғимарат таппай қиналған. Бақылаушылар мұны өздерінің жұмысына кедергі келтіру деп бағалады.
Сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтейін отыр. Жыл басында елдің батысында сұйытылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған, бірқатар аймақтарда тәртіпсіздік болды. Билік "террористер" шабуылы жөнінде мәлімдеді, "билікті төңкеруге талпыныс жасалғанын" айтты.
Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015, 2019 жылдары өткен. Төрт рет кезектен тыс болған. Бесеуінде елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз жарияланды. 2019 жылғы сайлауда Назарбаев билікте қалдырып кеткен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз жарияланды. Батыс бақылаушылары елде өткен президент сайлауларын халықаралық стандартқа сай, әділ өтті деп танымаған.