Accessibility links

Алматы мен Астанада "митинг орындарында" полиция адамдарды ұстады


Кезектен тыс президент сайлауы күні полиция "Астана" алаңы аумағында бірнеше адамды ұстап әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні полиция "Астана" алаңы аумағында бірнеше адамды ұстап әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Алматыда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күні "Астана" алаңы аумағында полиция бірнеше адамды ұстап әкетті. Бұл жөнінде "Власть" сайты Телеграм арнасында хабарлады.

Сайт жариялаған видеода бірнеше полицейдің ер адамды көлікке ертіп бара жатқаны көрінеді. Ұсталған адамның "не үшін, не үшін?" деп ашуланғаны байқалады. Ақыры полицейлер оны көлікке отырғызып, алып кетеді. Одан бөлек, сайт тағы алты адам ұсталғанын хабарлады.

Бұған дейін қуғындағы экс-банкир, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын сайлау күні осы жерге жиналуға шақырған еді. Аумақты полицейлер бақылап тұр.

"Власть" сайты Адам құқықтары және заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық бюросының заңгері Артур Алхастовқа сүйене отырып, Астанада "Жастар" сарайы маңында да ұстаулар болғанын жазды.

"Жас жігітті ұстап әкеткенін көрдім. Оны арнайы жасақ ұстап, нөмірі жасырылған сары автобусқа отырғызды. Ол аты-жөнін айтып та үлгермеді. Абыржып тұрғаны байқалды" деді Алхастов.

Астанадағы "Жастар" сарайын оппозиция митинг орны ретінде белгілеген еді. Жексенбі күні мұнда күзет күшейіп, полицейлер көбейген.

Жексенбі күні сәл ертерек Алматыда полиция Абай ескерткіші маңында "Демпартия" өкілдерін ұстап әкеткен болатын. Олар "таңдаусыз сайлауға" қарсылық танытқан, белсенді, тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамайды ақтауды талап еткен.

Елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күні Алматыда түрлі саяси топтар митинг орны ретінде белгілеген жерлерде полиция бақылауы күшейді. Жексенбі күні таңертең Азаттық тілшісі Республика алаңында Ұлттық ұлан сарбаздары, полицейлер мен полиция көліктері, автозактар тұрғанын көрді.

Осыған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы мүшелері 20 сайлауда митинг өткізетінін мәлімдеген. Алайда партияның мүшелері сайлау қарсаңында ұсталып, көбі әкімшілік қамауға алынған. ҰҚК осы апта соңында сайлау күні "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болған" топ мүшелерін ұстағанын, олардың шетелде қуғында жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязовты қолдағанын айтқан. Әблязов ҰҚК тұжырымдарын жоққа шығарып, билік оппозиция белсенділерін қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.

Қарай отырыңыз: ҰҚК ұстаған белсенділер кім? (18 қараша 2022 жыл).

ҰҚК ұстаған белсенділер кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG