Accessibility links

ҰҚК ұстаған топ немесе "Әблязовқа көңілі ауғандар" және сайлау қарсаңындағы қудалау


Алматыдағы Республика алаңы мен Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, қайта жөнделіп жатқан қала әкімдігі ғимараты. 17 қараша 2022 жыл.
Алматыдағы Республика алаңы мен Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, қайта жөнделіп жатқан қала әкімдігі ғимараты. 17 қараша 2022 жыл.

Президент сайлауға санаулы күн қалғанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті "билікті күшпен алмақ болған" топты әшкерелегенін айтты. Қуғындағы оппозиционер оны "нашар қойылымға" балайды. Құқық қорғаушылар бұл хабар елде белсенділерді қамау жиілеген тұста тарап отырғанына назар аударады.

18 қарашада қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина содан бір күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "арнайы операция" жүргізіп, "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды және билікті басып алуды жоспарлаған" деген күдікпен ұстаған жеті адам кімдер екені жайлы ақпаратты Facebook-парақшасына жариялады.

"Сәния Түнғатарова, Мұратбек (фамилиясы белгісіз), Айдос Іліпбаев, Бағдагүл Андреева (Қалиасқарова), Ақылжан Қисымбаев, Олжас Күлжаханов, Теңлік Нұрланов пен Ержан Төреқұлов" деп жазды "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушының жазуынша, ҰҚК Сәния Түнғатарова мен Мұратбек есімді азаматты босатқан. Бұл ақпаратты YouTube-тегі ND арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім де растайды. ҰҚК ұстаған қалған адамдар жайлы әзірге ақпарат жоқ.

Ұсталған жетеудің бірі Ақылжан Қисымбаев осыған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде полиция абақтысында азапталғанын мәлімдеген.

ҰҚК "АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯСЫ" ЖӘНЕ ҰСТАЛҒАН ЖЕТЕУ

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы мен Алматы облысында 17 қарашада жеті адамды ұстағанын мәлімдеген. Комитет оларды елде кезектен тыс президент сайлау өтетін 20 қарашада "жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды және билікті басып алуды жоспарлаған" деген күдікпен ұстағанын айтады.

Биыл елде кезектен тыс президент сайлау өтетіні жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің басында мәлімдеген.

Қазақстан 20 қарашада президент сайлайтыны туралы жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Тұздыбастау ауылы, Алматы облысы. 14 қараша 2022 жыл.
Қазақстан 20 қарашада президент сайлайтыны туралы жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам. Тұздыбастау ауылы, Алматы облысы. 14 қараша 2022 жыл.

Бейсенбі күні түстен кейін ҰҚК таратқан видеода жұпыны, тар бөлмеге жиналған бірнеше адамның "мергендер қою, тез тұтанатын заттар мен шынжыр табан техника дайындау" жайлы әңгімелесіп отырғаны көрсетілген. ҰҚК-ның сөзінше, бұл видеолар прокуратура санкциясымен 16 сәуірде, 14 және 27 қазанда түсірілген.

ҰҚК "жекелеген радикалды бағыттағы элементтердің елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан әрекеттері" Қаңтар оқиғасы кезеңінен бастап жалғасқан деп отыр.

"Наурыз айынан бастап қашқын банкир Мұхтар Әблязовқа көңілі ауғандарға және іс жүзінде сот тыйым салған ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) мен "Көше партиясы", оған ұқсас көзқарасты ұстанған қылмыстық топқа зерделеу жүргізілді. Топ құрамына әртүрі әлеуметтік топ құрамының өкілдері, криминалдар, нашақорлар, қоғамға жат адамдар және деструктивті діни ағымның жақтаушылары болды" дейді ҰҚК видеосында.

Комитет Қылмыстық кодекстің "Билікті басып алуды не ұстап тұруды насихаттау не оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" және "Жаппай тәртіпсіздік" баптары бойынша тергеу шаралары басталғанын да хабарлады. ҰҚК өзге мәліметтер жариялауға жатпайтынын айтып, күдіктілердің аты-жөнін атамады.

"ҚОЛДАН ЖАСАҒАН НАШАР ҚОЙЫЛЫМ"

Шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бейсенбінің кешінде Азаттыққа ҰҚК-нің күдікті топты ұстағаны жайлы видеосына байланысты пікір білдірді. Ол мұны билікті бейбіт жолмен кетіруді мақсат тұтатын жаппай наразылықтан қауіптенген арнайы қызметтің ондай іс-әрекетті жаманатты етіп көрсетуді көздеген жасанды, нашар қойылымы деп атады. Әблязов біраз уақыттан бері Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау белгіленген 20 қарашада елдімекендерде билікті бейбіт жолмен ауыстыру мақсатымен наразылық митингісін өткізу жайлы айтып жүр.

Мұхтар Әблязов бұған қоса Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп тыйым салған, ҰҚК видеосында айтылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясын" Еуропа парламенті бейбіт саяси қозғалыс деп атағанына назар аударады.

Қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Видеодан скриншот.
Қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Видеодан скриншот.

Әблязов Қазақстандағы авторитарлық билік жүйесін бейбіт жолмен өзгертуді көздейтін бағдарламаларын ешкімнен жасырмай, интернетте ашық жариялап келе жатқанын айтады.

– Билік қатты қорқып отыр. Олар осы видео арқылы біздің билікке бейбіт жолмен келу туралы жоспарымызды дискредитация жасағысы келіп отыр. Екінші жағынан, [Еуропа одағының сыртқы істер және саяси қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп] Боррельдің Қазақстанға келген кезде айтқан, Қаңтар оқиғасына халықаралық зерттеу жүргізу жайлы сөзіне жауап ретінде ел ішінде қаңтарда билікті конституциялық емес жолмен басып алмақ болған деструктивті күштер бар дегенді көрсетпек. Және қазір Францияда маған саяси баспана беруге байланысты сот өтіп жатыр. Соған мені осындай радикал күштер басшысы бейнесінде көрсетуге тырысу, – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде ҰҚК-нің "билікті күшпен құлатып, жаппай тәртіпсіздік жасамақ болған" топтың ұсталғаны туралы ақпаратына күмән келтіріп, пікір білдіргендер осыған ұқсас "әшкереулер" бұған дейін де болғанын еске салады.

Оппозиция шеруі өтеді деп хабарланған жерге "Белсенділер экстремист емес", "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деп ағылшын тілінде жазылған плакат ұстап келген адамдарды билік өкілдері күштеп әкеткелі жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
Оппозиция шеруі өтеді деп хабарланған жерге "Белсенділер экстремист емес", "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деп ағылшын тілінде жазылған плакат ұстап келген адамдарды билік өкілдері күштеп әкеткелі жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Қазақстанда Мұхтар Әбілязовке қатысы бар саналатын саяси қозғалыстарды қолдайтындар жиі қудалауға ұшырап, кейбірі сот үкімімен бірнеше жылға түрмеге жабылған. 2018 жылы интернетте әлдебір пәтерде бетперде киген үш адам "әскери жихадқа үндеген" видеосы жарияланып, кейін белсенділер Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміровты "терроризмді насихаттады, ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деп айыптап, 7-8 жылға абақтыға қамаған. Іс материалында видеода олардың ҚДТ қозғалысына адамдарды тарту туралы ақылдасқаны айтылған. Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Кейін олар мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Кенжебек Әбішев түрмеден шыққан соң көп ұзамай қайтыс болды.

Қазақстан билігі елде саяси астармен сотталғандар барын мойындамайды.

"БИЛІКТІ СЫНАЙТЫНДАРДЫ ҚУДАЛАУ БӘЗ-БАЯҒЫДАЙ"

Жұма күні Бас прокуратура жұртқа елде кезектен тыс президент сайлау өтетін 20 қарашада "заңсыз митингіге" шықпауды ескертті.

18 қарашадағы хабарламасында ведомство әлеуметтік желіде "тыйым салған ұйым заңсыз митинг өткізу, қатысу және өзге де құқыққа қайшы әрекет жасауға" шақырғаны жөнінде хабарламалар таратып жатқанын жазған.

ҰҚК-нің "билікті басып алуды көздейтін топ" туралы ақпараты мен видеосы Қазақстанда сайлау қарсаңында белсенділерді қудалау жалғасып жатқан кезде тарады. 11 қарашадан бастап елдің әр өңірінде билік ондаған адамды ұстап, кейбірін әкімшілік қамауға алып, енді біреулеріне айыппұл салған.

Сайлау қарсаңында белсенділер ұсталып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның дерегінше, Астана, Алматы, Ақсу, Жаңаөзен, Екібастұз, Көкшетау, Павлодар, Талғар, Шымкент қалаларында жиынтығы 20 адам "Бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" (Әкімшілік құқықты бұзу кодексінің 488-бабы) айыбымен 5-18 күн аралығында әкімшілік қамауға алынған. Олардың арасында "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын ұйымдастыру комитетінің бірнеше мүшесі бар.

Билік олардың кейбірін биыл жазда саяси партияларды тіркеуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, "заңсыз" наразылық акциясын өткізгенін ілік етіп, әкімшілік жауапқа тартқан. Енді бірінің қамалуына әлеуметтік желіде Мұхтар Әблязовтың 20 қарашада бейбіт митингі өткізу туралы постын көшіріп жариялағаны себеп болған.

15 күнге қамалған Сандуғаш Қаңтарбаева өзін заңсыз ұстағанына наразылық ретінде 12 қарашадан бері аштық жариялап жатыр. Ол жатқан Астанадағы арнайы қамау мекемесінің қызметкерлері белсендінің жағдайы қалыпты екенін, дәрігерлердің бақылауында екенін айтады.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мамыр айынан бері ұйымды тіркетуге әділет министрлігіне жеті мәрте құжат тапсырған. Бұған дейін министрлік тіркеу құжатындағы тізімде өлген адамдардың аты-жөні жазылғанын айтып, партияның бастамашыл тобын тіркеуден бас тартқан.

Қуанышәлинге партия құруға тағы да рұқсат бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Партияның ұйымдастыру комитеті сотқа жүгініп, әділет министрлігінен нақты фактіні ашып көрсетуді сұраған. Бірақ министрлік өкілі жеке мәліметтерге сілтеме жасап әрі сотқа әкелген электронды құралдың ашылмай тұрғанын айтып, ешқандай құжат көрсетпеген. Сот министрлікті қолдаған шешім шығарды.

ІІМ ӨКІЛІ: ПРЕВЕНТИВТІ ҰСТАУ ДЕГЕН ЗАҢДА ЖОҚ

Қазақстандық құқық қорғаушылар билікті сынайтын белсенді адамдарды сайлау алдында превентивті қамау елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсынан бері әбден қалыптасып, үрдіске айналғанын айтады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина билік бұл жолы да сайлау алдында саяси алаңда белсенділік танытып жүргендерді қатаң бақылауда әрі тырп еткізбей ұстағысы келіп отыр дейді. Ал ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидж жұмысы департаментінің басшысы Альбина Махамбетова превентивті ұстау ұлттық заңда қарастырылмаған деген уәжбен ондай қудалау барын жоққа шығарды.

– Превентивті қудалау, ұстау деген заңда мүлде қарастырылмаған. Сондықтан ішкі істер органы ешкімді превентивті түрде ұстап жатқан жоқ, – деді Альбина Махамбетова.

Алайда "онда адамдарды неге жаппай қамап жатыр?" деген Азаттықтың сауалына жауап бермей, телефонын өшіріп тастады.

2019 жылғы 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау өткен кезде бірнеше қалада жиынтығы мыңдаған адам билікке наразылық білдіріп, қарсылық акциясына шыққан. Ішкі істер министрлігі сол кезде төрт мың адам ұсталғанын хабарлаған. Олардың үш мыңға жуығын үш сағат ұстап, ескерту жасап босатқан, жүздеген адамды әкімшілік жауапқа тартқан еді.

20 қарашада өтетін сайлау алдындағы жаппай ұстауларды бақылап, мониторинг жасап жүрген құқық қорғаушы Айдар Сыздықов билікті сынайтындарды қудалау сайлаудан кейін де жалғасуы мүмкін деп топшылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG