Accessibility links

ЕҚЫҰ жиынында белсенділер Қаңтар қырғынын зерттеуге үндесе, шенеунік биліктің "реформасын" мақтады


Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындау туралы жиын өтіп жатыр. Оған қатысқан кейбір белсенділер Қазақстандағы Қаңтар қантөгісі бойынша халықаралық зерттеу жүргізуге үндеді.

Польша астанасындағы жыл сайынғы конференция биыл Қазақстандағы жаппай наразылық пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш құрылымдарына көшеде ескертусіз оқ атуға бұйрық берген Қаңтар оқиғасынан бері алғаш рет өтіп отыр. Оған Қазақстаннан қатысқан үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдері Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы тұрақты елшісі Қайрат Омаровты бұл жиында көрмегенін айтады. Адам хақылары жөніндегі халықаралық конференцияның жалпы отырысында ресми Астанадан барған ақпарат және қоғамдық даму министрлігі шенеунігі сөйлеген.

Қазақстандық белсенділердің сөзіне қарағанда, осы жиында Қаңтар қырғынында қаза тапқандардың туыстарынан да ешкім көзге түспеген. Негізінен үкіметтік емес ұйымдардан барғандар, құқық қорғаушылар қатысқан. Варшавадағы конференцияға Қаңтар оқиғасында Алматыда полицияда қамауда болғанда өзін азаптағандарды жауапқа тартуды талап етіп жүрген қырғызстандақ музыкант Викрам Рузахунов та барған.

Жиында сөйлеген белсенділер негізінен халықаралық құқық қорғау ұйымдары жылда өз есебінде атап көрсететін мәселелер – азаматтардың бейбіт жиын өткізу және бірлестік құру құқықтары шектелетіні жайлы айтты.

БЕЙБІТ ЖИЫН ӨТКІЗУ ҚҰҚЫ ЖӘНЕ ПАРТИЯ ТІРКЕУ МӘСЕЛЕСІ

Батыс Қазақстан өңірінен шыққан оппозициялық белсенді, кейінгі бірнеше жылдан бері шетелде тұрып жатқан Барлық Меңдіғазиев Қазақстан 20 қарашада президент сайлағалы отырғанын айтып, ЕҚЫҰ-ны кезектен тыс өтетін бұл сайлауды мойындамауға үндеді. Сонымен бірге Қаңтар оқиғасы бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізуге және бірқатар қазақстандық лауазымды тұлғаға қарсы жеке санкция енгізуге шақырды.

Белсенді Барлық Меңдіғазиев.
Белсенді Барлық Меңдіғазиев.

"Қазақстанда 2022 жылы қаңтарда болған жаппай бейбіт наразылыққа билік оқ атты, бейбіт адамдарды ұрып-соғып, азаптады. Ресми ақпаратта 10 мыңнан астам адам ұсталғаны, 238 адам қаза тапқаны (билік дерегінше, олардың алтауын қамауда азаптап өлтірген – ред.) айтылған" деді Меңдіғазиев.

Бұған қоса ол бақылаушылардың қолында Қазақстанда бейбіт жиын өткізгісі келетін адамдарға жергілікті билік келісім бермейтіні жайлы көп дерек барына назар аударды.

– Биылдың өзінде билік бейбіт жиын өткізуге 107 рет келісім бермей, азаматтардың құқын бұзды. Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп жатқан кезде Қазақстан билігі Украинаны қолдайтын бейбір жиын өткізуге рұқсат бермей отыр, – деді белсенді.

Қазақстанда жергілікті билік соғысқа қарсы және Украинаны қолдап бейбіт митинг ұйымдастыруға көбіне келісім бермейді, олардың рұқсатынсыз акция өткізгендерді ұстап, әкімшілік жауапқа тартады.

Варшавадағы жиында Меңдіғазиев ЕҚЫҰ-на мүше елдер үкіметтерін Қазақстандағы "оппозициялық партиялардың барлығын", соның ішінде тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясын да тіркеуді Астанадан талап етуге шақырды. Белсенді елде тіркелмеген екі ұйым – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын жақтайтын азаматтардың қуғын-сүргінге тап болатынын айтты (Қазақстан билігі "экстремистік" деп таныған бұл екі қозғалысты Еуропарламент "бейбіт оппозиция" деп атаған). Меңдіғазиев ЕҚЫҰ-на мүше елдер үкіметтерін Қазақстан билігінен құқық қорғаушыларды, бейбіт наразылыққа шыққан азаматтарды қудалауын тоқтатуды талап етуге үндеді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

"Ар.Рух:Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігін құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған адамдарды түрмеден босатуға, "ой-пікір бостандығы құқын пайдаланғысы келген 1500-ден астам азаматтық белсендіні" қудалауды доғаруға, партиялар мен тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеуге шақырды.

Төреғожина Қазақстанда азаматтардың "ой-пікір бостандығын пайдалану құқығы тапталады, журналистер, құқық қорғаушылар мен белсенділер қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырайды" дейді.

– Арнаулы қызметтер интернетті толық бақылау орнатқан. Тәуелсіз баспасөз жоқтың қасы. Бізде әлеуметтік желіде пост жазғаны я көшіріп жариялағаны, лайк басқаны үшін сотталған саяси тұтқындар бар, – деді қазақстандық құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Варшавада президент Тоқаевты сынға алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00

Ол жиында айтылған сынға Қазақстан билігінен реакция болатын шығар дейді. Төреғожинаның Азаттыққа айтуынша, оның жиындағы сөзін залда отырған Қазақстан үкіметінің өкілі де естіген.

– Олар біздің үнсіз қалмайтынымызды, қоғамның жауап күтетінін ұғуы керек, – деді ол.

Бұған дейін белсенділер мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды қатыстыруға үндеген, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев ол ұсынысты қабылдамады.

ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУ

Варшавадағы жиында қазақстандық "Еркіндік қанаты" үкіметтік емес ұйымының өкілі Роман Реймер биылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу туралы өткен референдум кезінде тәуелсіз бақылаушыларды дауыс беру учаскесінен қуып жібергенін айтты.

– Дауыс беру барысын бақылаушыларды заңсыз шығарып жібергенін айтып сотқа жүгіндік, бірақ нәтиже бермеді. Қазір билікте отырған президент референдумнен кейін үш ай өткенде, өз өкілет мерзімін ұзартатын кезекті өзгерістерді Конституцияға енгізу туралы бастама көтеріп, оны іске асырып алды да, президентті кезектен тыс сайлау күнін 20 қарашаға белгіледі, – деді Реймер.

АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі Майкл Карпентер Қазақстандағы ахуал жайлы сөзінде елде кейінгі 16 жылда алғаш рет кезектен тыс емес, өз мерзімінде өткен 2021 жылғы парламент сайлауына тоқталды. Елшінің сөзінше, Вашингтон Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының сайлауда "шынайы бәсеке болған жоқ" деген бағасымен келіседі. Қазақстан билігі былтыр парламентті сайлау кезінде айтарлықтай заң бұзу оқиғасы болған жоқ деп мәлімдеген еді. Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен сайлаулардың ешбірін ЕҚЫҰ стандарттарына сай келетін еркін, әділ сайлау болды деп айтқан емес.

– Суперпрезиденттік жүйеден биліктегі теңгерім мен қарсы салмақты қамтамасыз етуші күшті парламенттік жүйеге көшіруге талпыныс болғанын білеміз. Бірақ Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум өткізгенде қоғамға [түзетулерді] зерттеп, талқылауға жеткілікті уақыт берілмеді, – деді Карпентер. АҚШ елшісі Қазақстан билігінің ЕҚЫҰ/ДИАҚБ рекомендациясынан кейін осы ұйымға елдегі сот процесстеріне қатысуына рұқсат бергелі жатқанын оң қадам деп атады.

АСТАНА ӨКІЛІ НЕ АЙТТЫ?

Варшавадағы жиында 27 қыркүйекте сөйлеген сөзінде Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Астананың "демократиялық процесстерді дамыту бағытындағы қадамы нық" деп мәлімдеді. Ол биліктің Қазақстанда бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін туралы заңдар жетілдірілді дейтін биліктің бұған дейінгі айтқанын қайталап, "бейбіт митинг өткізу үшін рұқсат керек емес" деп мәлімдеді. Шенеунік Қазақстан Конституциясына өзгертулер енгізуді 5 маусымдағы референдумге дауыс берген азаматтардың 77 пайыздан астамы қолдады деді.

Қазақстан билігі негізгі заңға түзетулер "суперпрезиденттік басқарудан" бас тартып, "күшті парламенті бар президенттік республикаға" өту мақсатында енгізіледі деп мәлімдеген. Бірақ сын айтушылар бұл түзетулерден авторитарлы билік жүйесі өзгермейді дейді. Жиында сөйлеген Қожахмет жергілікті атқарушы билік органдарының белсенділердің бейбіт митинг өткізуіне келісім бермейтіні, билік кейінгі бірнеше жылда партия тіркеу тәртібін "жеңілдететінін" әлденеше рет мәлімдесе де, елдегі бірқатар оппозициялық топтың партия тіркеу туралы өтінішін орындамай отырғаны жөнінде ләм-мим демеді. Қыркүйектің аяғында "Байтақ" жасылдар партиясының құрылтайы өткен, бірақ партия ретінде тіркелу үшін олар кемінде 20 мың адамның қолын жинап тапсыруы керек.

– Биыл 20 қарашада [Қазақстан] президентті сайлайды. Енді президент жеті жылға бір-ақ мерзімге сайланады. Бұл демократияға қарай қарышты қадам, – деп мәлімдеді Мадияр Қожахмет.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, Қазақстан үкіметінің өкілі ҮЕҰ мен құқық қорғаушылардың айтқан сынына ешқандай пікір білдірмеген.

Польша астанасында 26 қыркүйекте басталған халықаралық жиын 7 қазанда аяқталады. Ресей, Беларусь және Тәжікстан оған үкімет делегациясын жіберген жоқ. Конференция бағдарламасында ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі жоғары комиссар ретінде қатысып отырған қазақстандық дипломат Қайрат Әбдірахмановтың аты-жөні жүр. Жыл сайын өтетін бұл жиын ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі адам құқықтары мен негізгі бостандықтарының ахуалын талқылап, үкіметтің осы сала бойынша өз міндеттемелерін қалай орындап отырғанын бағалайтын алаң саналады. Жиынға қатысушыларға өздері халықаралық қауымдастық назар бұруы тиіс кезек күттірмейтін маңызды нәрсе деп санайтын мәселелер жайлы айтуға мүмкіндік беріледі.

Варшавадағы биылғы конференция Қазақстан президентті кезектен тыс сайлауға дайындалып жатқанда өтіп жатыр. Бақылаушылар бұл сайлаудың да кейінгі отыз жылдағы басқа сайлаулардан еш айырмашылығы жоғын айтады: тағы да кезектен тыс және шынайы бәсекесіз өткізіліп жатыр. Сын айтушылар Тоқаев үкіметін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағыдай өзгеше ойлайтындар мен саяси оппозицияны басып-жаншумен айналысып отыр деп айыптайды. Бұл жолғы сайлауда да қазіргі мемлекет басшысы жеңіске жететіні шүбәсіз дейді олар. Негізгі заңға президентті жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайлау туралы өзгеріс енгізілгенін ресми Астана "демократияға қадам" деп атайды, бірақ сыншылар мұны билікте қалуды ұзарту амалы деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG