Accessibility links

"Құдағидың қымбат тұскілемі". Тоқаевтардың Женевадағы залды жөндеуі туыстарына қандай пайда әкелген?


Сол кезде БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімшесінің бас директоры болған Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен (сол жақта) жақында жаңғыртылған "Қазақ бөлме" деп аталатын залда тұр. Женева, 2 шілде 2013 жыл.
Сол кезде БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімшесінің бас директоры болған Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен (сол жақта) жақында жаңғыртылған "Қазақ бөлме" деп аталатын залда тұр. Женева, 2 шілде 2013 жыл.

Ұланғайыр дала мен ұшар басын қар басқан таулардан мыңдаған километр қашықтағы Швейцарияда Қазақстанға арналған бөлме бар. Женевадағы Ұлт сарайында Қазақстан бюджетінің есебінен "Қазақ бөлме" (Kazakh room) деп аталатын зал ашылған. Швейцария зерттеушілері оған бөлінген қаржының бір бөлігі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарының қалтасына түскен дейді.

"Тұскілем өнерінің негізін қалаушы", "мыңдаған өнерсүйер қауымға аты мәшһүр дарынды суретші", "тума талант иесі". "Хабар" мемлекеттік арнасы қазақстандық шебер Бәтима Зәуірбекованың мақтауын асырып, осылай сипаттайды. Ол туралы бағдарлама биыл қыркүйектің басында эфирге шыққан. Оның үлкен бөлігі Зәуірбековаға емес, оның қолынан шыққан, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде ілулі тұрған тұскілемге (гобеленге) арналған.

2013 жылы БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімшесі – Ұлт сарайындағы зал Қазақстан бюджеті есебінен жаңғыртылған кезде Зәуірбекова төрт үлкен тұскілем дайындап берген. Ол кезде халықаралық ұйымның кеңсесін Қазақстанның қазіргі президенті, Бәтима Зәуірбекованың құдасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған.

Тоқаевтың құдасы үкіметтен бөлінген ақшадан қалай табыс тапты?

Тоқаевтың құдағиы үкіметтен бөлінген ақшадан қалай табыс тапты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:47 0:00

ҚҰДАҒИДЫҢ ҚОЛЫНАН ШЫҚҚАН ГОБЕЛЕНДЕР

Швейцарияға тоғыз жыл бұрын жіберілген тұскілемдер туралы бағдарлама неге енді түсіріліп жатыр?

Бұл сұрақтың жауабын жақында Тоқаевтың "астыртын бизнесі" туралы зерттеу жариялаған швейцариялық Public Eye үкіметтік емес ұйымы да білмейді.

Бірақ зерттеушілер бірнеше жайтқа тоқталып, Тоқаев пен Зәуірбекованың байланысы барын айтады.

Public Eye Тоқаевтың хакерлердің қолына түскен деректеріне сүйеніп, Қазақстанның қазіргі президенті 2010-жылдары мұнай және металл өндірісі саласындағы активтерге иелік еткенін анықтаған. Бұл активтер ресми түрде президенттің ұлы Тимур Тоқаев пен немере інісі Мұхамед Ізбастиннің атына жазылған.

Ақордаға адал telegram-каналдар жұртты бұл материалға сенбеуге шақырып, хат-хабарларды қолдан жасау қиын емесін айтып жатқанда, Қазақстанда Public Eye ұйымының сайты ашылмай қалды. Зерттеу туралы жазған Азаттық сайты да ішінара бұғатталды.

Public Eye материалында Қазақстандағы Тоқаевқа тиесілі өндіріс компаниялары туралы ғана емес, БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтеріндегі залды жөндеу жұмыстары туралы да айтылған. Зерттеу авторлары Тоқаевтың хабарламаларына сүйеніп, реставрация жұмыстарына Тимур Тоқаев жетекшілік еткенін жазған.

"Қазақстан залды жөндеуге 842 357 АҚШ долларын бөлген. Реставрация жұмыстарына бастан-аяқ Тимур Тоқаев жетекшілік еткен. Тимур ол кезде Тичинода орналасқан Mabetex құрылыс компаниясының интерьер дизайнері, Қазақстан элитасымен жақсы араласатын азаматпен байланысып тұрған. Бұл компанияны 1990-жылдардың ортасында Ресейде болған ірі жемқорлық дауымен байланыстырады" деп жазады зерттеу авторлары.

Mabetex – Қазақстанға да белгілі компания. Астанадағы ғимарат құрылысына қатысты тиімді жобалардың біразы осы компанияға беріледі. Компания басшысы Бехджет Паколли астанадағы лауазымды тұлғалардың кабинетіне еркін кіріп-шыға алады.

Бірақ қазір әңгіме Mabetex компаниясы туралы емес.

Швейцария зерттеушілерінің дерегінше, 2012 жылы қазанда Қазақстан мердігер компаниямен келісімшартқа қол қойып, оның Migros банкіндегі шотына 850 мың доллар аударған.

"Бұл қаржының 384 117 доллары Бәтима Зәуірбекова есімді әйелге берілген. Ол төрт үлкен тұскілем дайындап, Швейцарияға салып жіберген" делінген Public Eye зерттеуінде.

Қасым Жомарт Тоқаев (сол жақта) түркімен дипломаттарымен бірге жақында жөнделген залда тұр. Қабырғаға Бәтима Зәуірбекованың қолынан шыққан тұскілем ілінген. Женева, 2 шілде 2013 жыл.
Қасым Жомарт Тоқаев (сол жақта) түркімен дипломаттарымен бірге жақында жөнделген залда тұр. Қабырғаға Бәтима Зәуірбекованың қолынан шыққан тұскілем ілінген. Женева, 2 шілде 2013 жыл.

Зерттеу авторлары Қазақстанның саяси элитасы ерекше құрметтейтін шебер Бәтима Зәуірбекова – Тимур Тоқаевтың енесі (әйелі Елдананың анасы) деп жазады.

– Бізді Қазақстанның ақша жұмсағаны емес, бұл қаржының Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарына аударғаны қызықтырды. Тоқаевтың ұлы Тимур реставрация жұмыстарын басқарған, ал оның енесі Бәтима Зәуірбекова төрт тұскілем сатқан. Бұл жағдай қоғамнан құпия сақталған. Сондықтан бұл тамыр-таныстыққа ұқсайды, – дейді зерттеу авторларының бірі Агат Дюпарк.

"ӘДЕТТЕГІДЕН ҚЫМБАТҚА САТЫЛҒАН"

Дюпарк тұскілемнің әдемі екенін мойындайды, бірақ ол әдеттегіден қымбатқа сатылған деп есептейді.

Public Eye Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігіне хат жолдап, "Түскілем сатып алу мүдде қайшылығы емес пе?" деп сұраған. Бірінші хатқа жауап болмаған. Дипломаттар екінші хатқа жауап берген. Бірақ зерттеушілер өз сұрағына мардымды жауап ала алмағанын айтады.

– Олар бізге Зәуірбекованың сайтына сілтеме жіберіпті. Сайттың жаңадан ашылғаны көрініп тұр, – дейді Дюпарк.

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, еңбек сіңірген өнер қайраткері Бәтима Зәуірбекованың осыдан бір жарым ай бұрын ашылған сайтында суретшінің өмірбаяны жазылған. "Жаңалықтар" айдарында ондаған материал жарияланған, суретші туралы баспасөз мақалаларының сканерленген нұсқасы да бар.

– Әрине, тұскілемге төленген ақшаны ақтау үшін күш салып жатыр, – дейді Дюпарк.

"Хабар" арнасындағы Бәтима Зәуірбекова туралы соңғы бағдарламада жүргізуші "Биік өнердің бағасы да жоғары болады" дейді. Бағдарламада суретшінің сайты жарнамаланып, Зәуірбекованың жұмыстары қаншаға бағаланатыны көрсетілген.

"Күні-түні жалғасатын үздіксіз еңбек. Кейде күндіз-түні бел жазбай кілемнің бір сантиметрін ғана тоқитын шеберлердің еңбегі қашанда жоғары бағаланған. Ежелде гобелен тек бай адамдардың ғана үйінде болған. Бәтима Зәуірбекованың қолынан шыққан туындылар қазір де арзан тұрмайды. Сарапшылардың дерегінше, шебер тоқыған тұскілемнің шаршы метрі 15-20 мың доллардан асады. Бұл әбден орынды баға" дейді жүргізуші.

Швейцария зерттеушілері "Біздің дерегіміз бойынша, 2008 жылы Зәуірбекова ханым Швейцарияға жіберілген гобелендермен бірдей жұмыстарын Қазақстанда тасымал шығынын қоспағанда, екі мың доллардан арзан бағаға сатқан. 2012 жылы 24 желтоқсанда Migros банкінен Тимур Тоқаевтың енесінің шотына 192 мың доллар аударылғанын растайтын құжаттарды таптық. Ақшаның қалған бөлігі тұскілемдер жеткізілгеннен кейін 2013 жылы мамырда төленуі керек болған".

"Хабардан" көрсетілген бағдарламада Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев гобелендерді Швейцарияға жеткізу қиын болғанын, мәселені шешуге Тимур Тоқаев көмектескенін айтады.

"Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев дайын кілемдерді Женеваға жеткізуге көмектесті" дейді Әлімбаев.

Әлімбаевтың сөзінше, зал мен оған кіреберістегі вестибюльді жаңғыртуға 850 мың доллар емес, үш жарым миллион доллар жұмсалған. Мемлекеттік ақпарат құралдары залдың ашылуын "тарихи оқиға" деп атаған. Дипломат содан бері тоғыз жыл өтсе де, залдағы жабдықтар заманауи қалпын жоғалтпағанын айтады.

2015 жылы Женеваға жеке сапармен барған сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт сарайында болып, "Қазақстан" залын көрген. Ақорда бұл зал Назарбаевтың шешіміне сәйкес ашылған және "қазіргі кезде БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтеріндегі техникамен өзгелермен салыстырғанда анағұрлым жақсы жабдықталған"деп жазды.

Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (ортада) бірге Женевадағы Ұлттар сарайында отыр. Қабырғаға суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.
Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (ортада) бірге Женевадағы Ұлттар сарайында отыр. Қабырғаға суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.

Азаттық редакциясы Ақордаға швейцариялық ұйымның зерттеуіне қатысты хат жолдап, "Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет есебінен құдағиынан тұскілем сатып алуды тамыр-таныстыққа жатқызбай ма?" деп сұрады. Мақала жарияланғанға дейін редакция хатына жауап келмеді.

Азаттық тілшісі Бәтима Зәуірбековаға да хабарласып көрді. Ол "Сізге тұскілем үшін 384 мың доллар төленгені рас па?" деген сұраққа "Жоқ, олай емес" деп жауап берді. Ары қарай "Алло? Алло?" деп тұтқаны тастай салды. Одан кейін де бірнеше рет телефон шалғанымызбен, Зәуірбекова жауап берген жоқ.

БІРІНШІ ХАНЫМЫ ЖОҚ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ КІШІ ТОҚАЕВТАР. ПРЕЗИДЕНТ ОТБАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Президент отбасы туралы ештеңе білмейміз. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кірісті. Қазақстан ақпарат құралдары бірінші ханымның аты Надежда Давыдовна деп жазды.

Кейін Ақорда екінші президенттің өмірбаянын жариялады. Онда Тоқаевтың ажырасқаны айтылады.

Тоқаевтың бұрынғы әйелі туралы ақпарат аз. Надежда Тоқаева – Ресей азаматы. Былтыр ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың командасындағы зерттеушілер Тоқаевтың бұрынғы әйеліне Мәскеудегі және Мәскеу түбіндегі бірнеше қымбат пәтер, оның ішінде халық арасында "Генерал саяжайы" деп аталатын Абрамцево ауылындағы үй тиесілі екенін жазды.

Тоқаев әйелімен нақты қай кезде ажырасқаны белгісіз. 2011-2013 жылдары Тоқаев БҰҰ бас хатшысының орынбасары және ұйымның Женевадағы еуропалық бөлімі директоры болып істегенде Надежда Тоқаева да Швейцарияда тұрып, БҰҰ-ның әйелдер гильдиясының құрметті президенті болған. Надежда Тоқаева БҰҰ-ның ресми басылымы – UN Special журналына берген сұхбатында күйеуінің жоғары қызметке тағайындалуы отбасы үшін үлкен мақтаныш болғанын айтқан.

Интернетте Тоқаевтың ұлы туралы ақпарат көп: ол Ресей ішкі істер министрлігі академиясында диссертация қорғаған, немере ағасы Мұхамед Ізбастинмен бірге мұнай саласында бизнеспен айналысқан, ресейлік "Маяк" девелопер компаниясының директорлар кеңесінде болған. Ресей зерттеушілері Тимур Тоқаевтың Мәскеуде көлемі 200 шаршы метр пәтері барын анықтаған.

Қазақстан президентінің келіні туралы көп нәрсе білмейміз. Елдана Тоқаева күйеуімен түйдей құрдас. Жоғарыда аталғандай, ол – тұскілем тоқитын шебер Бәтима Зәуірбекова мен Алматыдағы декоративті-қолданбалы өнер колледжінің бұрынғы директоры Сейітқали Шалабаевтың қызы.

Интернетте шығармашыл отбасында дүниеге келген Елдана да өнермен айналысқан деген ақпарат бар. 2009 жылы Бірінші президент кітапханасында Бәтима Зәуірбекова мен Елдана Шалабаеваның "Ұлттық ою-өрнектің мәңгілік жыры" атты көрмесі өткен. Кітапхана сайтындағы материалға анасы мен қызының суреті қойылған. Бұл қыз Тоқаевтар отбасының желіде жүрген жалғыз суретіндегі Тимурдың әйеліне қатты ұқсайды. Суретте Қасым-Жомарт Тоқаев, әйелі Надежда, ұлы Тимур мен келіні бейнеленген.

Қазақстандық көп шенеуніктің балалары ата-анасының емес, атасының тегін алуға тырысады. Олар елдегі ықпалды отбасыларға өзінің қатысы барын осылай жасырғысы келеді. Тоқаевтар отбасы да осы әдіске жүгінген сияқты.

Ресей зерттеушілері 2019 жылы әкесі Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен кейін Тимур тегін Кемел деп өзгерткенін жазды. Кемел Тоқаев – Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, совет кезіндегі белгілі жазушы. Дәл осылай Тоқаевтың келінінің де тегі өзгерген. Қазақстандық жекеменшік кәсіпорындар базасында Тоқаева Елдана Сейітқалиқызы деген кәсіпкер бар. Компанияның жұмыс бағыты – ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру саласындағы қосымша қызмет, кәсіпорын басшысы – Кемел Елдана Сейітқалиқызы деп көрсетілген.

Президенттің ұлы "кіші Тоқаев" кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

ТОҚАЕВ: КӨЛЕҢКЕДЕГІ ШЕНЕУНІКТЕН ПРЕЗИДЕНТКЕ ДЕЙІН

Қазақстанда бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары, күйеу балалары мен басқа да жақындарының аты-жөнін, немен айналысатынын екінің бірі айта алады.

Ал кәсіби дипломат, бұрынғы премьер-министр және сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке өмірі Tabula rasa іспетті. Қазақстандықтардың көбі президенттің ұлы мен жақындарын танымайды, олардың кәсібі туралы білмейді.

Назарбаев Қазақстанды 30 жыл басқарды. Тоқаевтың билікке келгеніне үш жыл енді болды. Оның екі жылын экс-президент Назарбаевтың көлеңкесінде өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті лауазымын атқаруға кіріскен күні осы қызметті өзіне табыстаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен құшақтасып тұр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті лауазымын атқаруға кіріскен күні осы қызметті өзіне табыстаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен құшақтасып тұр. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті басу үшін ескертусіз оқ атуға бұйрық берген Тоқаев позициясын күшейтіп, дипломатиялық жолмен Назарбаевты сынай бастады.

Жақында Тоқаев "Әлемде не елде болсын, бір адамның жоғары қызметте ұзақ отыруы елге де, өзіне де абырой әпермейді" деді.

Бірнеше ай бұрын президент непотизм туралы сөз қозғап, мұның кадр сұрыптауға кесірін тигізіп, жемқорлыққа жол ашатынын айтқан. Тоқаев Конституцияға президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымға тағайындалуға тыйым салынады деген шектеу енгізуді ұсынды.

Конституция өзгеріп, бірінші президент туралы баптар алынып тасталды. Бұл өзгерістер қазір күшіне еніп те үлгерді. Бірақ Тоқаевтың күйеубаласы Теміртай Ізбастин (қарындасының күйеуі, Public Eye зерттеуінде аты аталған Мұхамед Ізбастиннің әкесі) Қазақстан елшісі қызметінде қалған.

Ізбастиннің тағы бір ұлы Бекет – квазимемлекеттік сектор субъектісіне жататын "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясы PSA кәсіпорнының бас директоры қызметінде. Ресми түрде мұны күйеубаласы мен немере інісі президенттің жақын туыстарына жатпайды деп түсіндіруге болады. Қазақстан заңы бойынша, құдалар да жақын туыстар санатына жатпайды. Сондықтан мемлекеттік арнадан көрсетілген тұскілем шебері туралы фильмде президенттің туысы туралы айтылмаған сияқты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG