Түркістан облысы Ақсукент ауылында тәуелсіз бақылаушы сайлау учаскесінен шығарылды. Бұл жөнінде "Еркіндік қанаты" қоғамдық бірлестігі хабарлады.
"Бақылаушы комиссия мүшелерінің үстеліне топтап қойылған бюллетеньдерді байқаған. Бақылаушы оларды көрсетуді сұраған кезде оған учаскеде жүріп, фото-видео түсіруге тыйым салған. Ол жәшікке топтап салынған бюллетеньдер жайлы заңбұзушылық жөнінде акт толтырды" деді "Еркіндік қанаты" ұйымы құрылтайшыларының бірі Елена Швецова.
Оның айтуынша, әуелі бақылаушыға "прокурор шақыртамыз" деп қорқытқан, кейін №531 учаскеден шығарған.
"Оны суретке түсіріп, видеофиксация жасағаны үшін учаскеден шығарды. Ал сайлау туралы заңның 20-бап 1-бөлігі 9-тармақшасына сәйкес, бақылаушының барлық процедураны қадағалауға құқығы бар" деді Елена Швецова.
Оның айтуынша, бұл - сағат 18.00-ге дейін тіркелген төртінші оқиға. Бұған дейін "Еркіндік қанатының" үш бақылаушысы учаскеден шығарылған. Үшеуі де Астанада болған.
Түркістан облысы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азаттық тілшісінің қоңырауына жауап бермеді. "Еркіндік қанатының" мәліметінше, аталған аймақтағы №804 учаскеде бюллетеньдерді топтастырып салу оқиғалары тіркелген, сурет-видеосы да бар.
Бұған дейін "Еркіндік қанатының" тәуелсіз бақылаушылары мен Қазақстан жастар ақпараттық қызметі (МИСК) түске дейін тіркелген заңсыздықтар жөнінде хабарлаған еді. Заңсыздықтар арасында сайлау комиссиясы мүшесінің қолынсыз бюллетень үлестіру, бақылаушылардың қозғалысына шектеу қою, басқарушы "Аманат" партиясы атынан бір учаскеде қатарынан екі бақылаушы болуы сияқты фактілер бар.