Accessibility links

Тәжікстан мен Қытай жылына кемі бір рет бірлескен әскери жаттығу өткізуге уағдаласты


Тәжікстан мен Қытай жылына кем дегенде бір рет терроризмге қарсы бірлескен әскери жаттығу өткізуді көздейтін үкімет аралық келісімге қол қойды. Келісім мәтінін 21 қарашада Азаттықтың Тәжік редакциясы - Радио Озоди көрді. Бұған дейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұл келісімге үкімет атынан қол қоюды ішкі істер министрлігіне тапсырған.

Келісімде екі ел жауынгерлері бірлескен жаттығу барысында террористерге қарсы әрекетті үйлестіру дағдыларын қалыптастыратыны көрсетілген. Бірлескен жаттығуды өткізетін ел жауынгерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп, әскери техниканың көзделген орынға дейінгі жүрісіне жағдай жасауға тиіс.

Тәжікстан мен Қытай жауынгерлері бұған дейін Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы тәжік әскери гарнизонында бірлескен жаттығу өткізген. Ол кезде екі елдің арнаулы қызметі "Ауғанстаннан кірген террористерге" шабуыл тәсілдерін көрсеткен. Жаттығуды Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері бақылаған.

Қытай мен Тәжікстан 2015 жылдан бастап белсенді әскери ынтымақтастық орната бастаған. Оған дейін Қытай Тәжікстанмен негізінен экономика саласы бойынша ынтымақтастық жасап келген еді.

2019 жылы ақпан айында АҚШ-тың Washington Post газеті жергілікті тұрғындардың сөзі мен спутник суреттеріне сілтей отырып, Таулы Бадахшан автномиялы облысының Мургаб ауданында, шекарадан бірнеше шақырым жерде Қытайдың құпия әскери базасы тұрғанын жазған. Тәжікстан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарған.

2021 жылы қазанда Тәжікстан билігі Қытай Таулы Бадахшан автономиялы облысының Ишкашым ауданына әскери база салатынын, бірақ оның Тәжікстан ішкі істер министрлігіне берілетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG