Accessibility links

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы қарыз дағдарысына тап болды


Қытай инженері Пәкістан өзеніне көпір салу жұмыстарын қадағалап жүр.
Қытай инженері Пәкістан өзеніне көпір салу жұмыстарын қадағалап жүр.

Он жылға жуық уақыт бұрын Қытай "Бір белдеу – бір жол" жобасын іске қосып, көптеген елге миллиардтаған доллар несие берді. Экономикалық қысым күшейген тұста Қырғызстан мен Пәкістан секілді елдер қарызын қайтаруға қиналып жатыр. Ал Шри-Ланкада төңкеріс болды. Қарыз дағдарысына тап болған Қытай осы жағдайдан шыға ала ма?

Қаржы дағдарысына ұшырап, дефолт жариялаған Шри-Ланкада наразылық ушығып, президент елден қашты. Содан бірнеше апта бұрын Қырғызстандағы шенеуніктердің бірі мәлімдеме жасады.

"Мемлекеттік қарызымызды төлеуіміз керек екенін үнемі есте сақтауымыз қажет" деді Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров маусымның аяғында өткен парламент отырысында.

Шри-Ланка секілді, Қырғызстанның да сыртқы қарызы көп. Кейінгі он жылда мемлекет Қытай экспорт-импорт банкінен "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында инфрақұрылым жоспары үшін миллиардтаған қарыз алған. Си Цзиньпин "ғасыр жобасы" деп атаған бағдарлама Қытай президенті саясатының негізі саналады.

Қырғызстанның қазіргі қарызы 5,1 миллиард доллардан асады. Оның 42 пайызы Пекиннен алынған дейді елдің сыртқы істер министрлігі. Қырғызстан құлдырап бара жатқан экономикасын көтеруге барынша тырысып жатыр. Бірақ Қытайдан қарыз алып жүзеге асырған жобалардан әлі пайда таппай отыр. Бұл мемлекет несиесін немесе тіпті үстеменің өзін өтей алмай қала ма деген қауіп туғызды. Егер мемлекет қарызын төлемесе, онда табыс әкеліп тұрған активтерін де Қытайға беруі керек. Бұл да Бішкекті алаңдатып отыр.

"Дүрліктіріп тұрғаным емес, бірақ біз бұл қарызды төлемесек, [Қытай] экспорт-импорт банкі [жобаларды] өзіне ала алады. Пәкістан, Шри-Ланка мен басқа да елдердің ісінде осы мәселе талқыланған" деді Жапаров. "Қол қусырып, [Құдайға] сеніп отыра алмаймыз. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бәріміздің бірігуіміз керек".

"Бір белдеу – бір жол" жобасы бойынаш бірнеше мемлекет қарызын қайтармаған соң, Қытай қарыз дағдарысына тап болды. Пекин тек қайтарылмаған қарыздар легіне ғана тап болған жоқ. Ол мемлекеттерге экономикалық қысымын да күшейте түсті.

"Қытайдың қаржы министрлігі мен орталық банкі алдында жатқан панельге қарап отырғанына, ондағы қызыл жарықтың сөніп жатқанына еш күмән жоқ" деді Азаттыққа Вирджиниядағы Уильям мен Мэри колледжіндегі AidData Lab зертханасының атқарушы директогры Брэдли Паркс.

2013 жылы ең ірі инфрақұрылым жобасы ретінде іске қосылған "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасы Пекинге қарыз елдер тізімін арттырды. Олардың қатарында Аргентина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Венесуэла, Замбия, Иран секілді елдер бар. Бұл мемлекеттер Қытайдың сыртқы несие беруді арттырғанын пайдаланып қалуға үміттеніп, ақыр соңында қарыз дағдарысына ұшырады. Дүниежүзілік банк бұл жағдай 1980 жылдардан бері болмаған дефолттар легіне әкелуі мүмкін деп ескерткен еді.

Сарапшылар бұл – Қытайдың сын сағатқа тап болғанын білдіреді дейді. Әрі бұл инфляцияның өсуімен, энергия тасымалдағыштардың қымбаттауымен, коронавирус пандемиясымен және Украинадағы соғысқа байланысты экономиканың әлсіреуімен тұспа-тұс келген. "Бір белдеу – бір жол" аясында Пекин шамамен он жыл бойы несие беріп келген еді. Енді мұндай жағдайларда Пекин бастаманы қысқартып, қайта ретке келтіруге тырысуы мүмкін.

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Орталық Азия басшылары инвестициялық жобаларды талқылап отыр. 25 қаңтар 2022 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Орталық Азия басшылары инвестициялық жобаларды талқылап отыр. 25 қаңтар 2022 жыл.

"Қытай қарызын қайтара алмай қалатынына алаңдап отыр. Сондықтан несие беру азайғанын көріп отырмыз" деді Natixis инвестициялық банкінің Азия-Тынық мұхиты жөніндегі бас экономисі Алисия Гарсия-Эрреро Азаттыққа. "Қытайдың өзі де экономикалық қысымға ұшырады және [қарыз беріп тәуекелге бара алмайтын] елдерге несие беруге деген сенімі азайды. [Бұл] "Бір белдеу – бір жол" жобасының жаңа кезеңіне [жол ашты]".

ҚАРЫЗ ҚЫСЫМЫ

"Бір белдеу – бір жол" жобасы Қытайдың әлемдегі ең ірі екіжақты кредитшіге айналуына көмектесті. Жоба жүзеге аса бастаған сегіз жылда Қытай 932 миллиард доллар несие берген дейді Шанхайдағы Фудан университетінің қаржы және даму орталығы.

Бірақ қазіргі қарыз дағдарысына дейін де жоба біршама қиындыққа тап болған.

Кейінгі жылдары берілген кредиттер өте жылдам нашарлап жатыр. Нью Йорктегі Rhodium Group, консалтинг компаниясы жүргізген зерттеу келіссөзді қажет ететін Қытай қарызы 2020-2021 жылдары 52 миллиард долларға жеткен. Бұл оның алдындағы екі жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Бір топ үздік экономистер жүргізген зерттеу Қытайдың қазіргі қарыз дағдарысының ауқымын көрсетеді. Зерттеуге қарағанда, Қытай кредиттердің 60 пайызын жағдайы нашар мемлекеттерге берген. 2010 жылы "Бір белдеу – бір жол" іске қосылмай тұрып бұл көрсеткіш 5 пайыз болған.

Ал AidData жүргізген зерттеу қазіргі таңда бағдарлама аясындағы жобалардың 35 пайызы қиындыққа тап болғанын байқатты.

Мұндай қысымға тап болған Пекин мұндай жағдайдан құтқарып, дефолттың алдын алу үшін қосымша несие бере бастаған. AidData Қытай несиесін жабуға және дефолттан құтқаруға көмектесу үшін Пәкістан, Беларусь, Египет, Моңғолоия, Түркия, Шри-Ланка секілді елдерге ондаған миллиард доллар берген дейді.

"Біз қазір өзгеріс кезеңінде тұрмыз. Қазіргі қарыз дағдарысы Қытайда бұрын-соңды болмаған. Оған "Бір белдеу – бір жол" жобасын іле-шала өзгертуге тура келіп жатыр" деді Rhodium Group сарапшысы Мэтью Минги Азаттыққа.

Қаржы және даму орталығының шілдедегі есебі "Бір белдеу – бір жол" жобасының енді тәуекелге бара бермейтінін де көрсетті. 2022 жылдың бірінші жартысында Қытай Ресейге инвестиция салмаған және осы уақытта Пәкістанның белсенділігі де 56 пайыз түскен.

Қытай мұнай мен газға инвестиция салуды көбейтті. 2022 жылдың алғашқы жартысында энергетикаға салған инвестицияның 80 пайызы мұнай мен газға, ал 66 пайызы құрылыс келісімшарттарына жұмсалған.

Қытайдың құрылыс жобаларын бейнелейтін суреттер ілінген галерея. "Бір белдеу - бір жол" бастамасының Пекиндегі орталығы.
Қытайдың құрылыс жобаларын бейнелейтін суреттер ілінген галерея. "Бір белдеу - бір жол" бастамасының Пекиндегі орталығы.

Баяндаманы дайындаған орталық директоры Кристоф Недупил Ван Азаттыққа Пекин ресурс бар инвестицияға көбірек көңіл бөле бастағанын, ірі инфрақұрылым жобаларына қарағанда бұл Қытай мекемелері үшін қаржыны қайтарып алудың оңай жолы екенін айтты.

Жаһандық экономика өсімінің бәсеңдеуімен тұспа-тұс келген қаржы дағдарысы мен Пекиннің аяғын аңдап баса бастауы Қытайды бұл проблеманы шешудің жаңа жолдарын іздеуге итермелейді дейді Минги. Тығырықтан шығу үшін берілген қарыз тек уақыт ұтуға көмектесетін шара. Шри-Ланка жағдайында бұл дефолттың алдын алуға бәрібір көмектесе алмады. Ол мәселе Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" аясында басқа елдерден қарызын қайтару үшін көпжақты институттармен бірге қаншалық әрекет ететінінде жатыр дейді.

"Бұрын ойын ережесі қарапайым болатын: кейінге қалдырып, қайта несиелеп, қарыз алушы бәрін шешіп алуы үшін оған уақыт пен орын берілетін" дейді Минги.

"Бірақ Қытай қайта қаржыландыруға қырын қарайды. Қытайдың кредит берушілері де көпжақты мекемелермен, жекеменшік немесе мемлекеттік екіжақты кредит берушілермен істі үнемі жақсы жүргізген емес. Сондықтан мәселе қазір Қытай қандай құралдарды пайдалана алатынында жатыр".

БІШКЕК ПЕН ИСЛАМАБАД ЖОЛЫ

Қарыз дағдарысына жалғыз Қытай несиесі себеп емес. Шри-Ланканың халықаралық қарызы 50 миллиард долларға тең болса, мемлекет оның тек 5 миллиард долларын Қытайдан алған.

Бірақ Пекиннің Оңтүстік Азия елдерін несиелендірі дау туғызған еді. Сарапшылар жобаларға берілген несиенің пайызы жоғары екенін, жемқорлық кесірінен шетелден алынған қарыз мақсатты түрде жұмсалмағанын айтады.

Мұндай әңгіме Қырғызстан мен Пәкістандағы "Бір белдеу – бір жол" жобаларына қатысты да айтылды.

220 миллион адам тұратын Пәкістан "Бір белдеу – бір жол" жобасы бойынша ең көп ақша алған ел болды. Ол "Қытай-Пәкістан экономика дәлізі" деп аталып кеткен инфрақұрылым жобаларына 62 миллиард доллар алған.

Гвадар портында кемені күзетіп тұрған қызметкер. Пәкістан үкіметі бұл портты Қытай корпорациясына пайдалануға берген.
Гвадар портында кемені күзетіп тұрған қызметкер. Пәкістан үкіметі бұл портты Қытай корпорациясына пайдалануға берген.

Шри-Ланка жағдайындағыдай, Пәкістанда да кей жобалардың өміршеңдігіне күмән болды. Солардың қатарында стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазының бойында орналасқан Гвадар портының құрылысы да бар. "Бір белдеу – бір жол" жобасының оған басымдық беретіні айтылған еді.

Бірақ "Бір белдеу – бір жол" жобаларын жүзеге асыруға байланысты шиеленіс Пекин мен Исламабадтың қарым-қатынасына да әсер етті.

Соған қарамастан Пекин дефолттың алдын алуға бағытталған біршама несие берді. Маусымның аяғында Қытай мемлекеттік банктер консорциумы Пәкістанға 2,3 миллиард доллар берді.

Осы тұста Пекиннің Исламабадты Халықаралық валюта қорымен байланысын қалпына келтіріп, 2019 жылы бекітілген несие бағдарламасын қайта қалпына келтіруді ұсынғаны хабарланды. Қор келісілген 6 миллиард доллардың тек жартысына жуығын берген.

Пәкістан қаржы министрі Мифтах Исмаил 1 тамызда Bloomberg агенттігіне дефолттың алын алуы мүмкін кредит бойынша алға жылжу барын айтты. Бірақ сарапшылар Исламабад қаржысы қиын жағдайда дейді. Минги Пәкістан дефолт мүмкіндігі мен қарыз дағдарысын жағдайында Шри-Ланкадан кейін тұрған домино болып отыр дейді.

Қырғызстан шенеуніктері Қытайға шұғыл түрде төлем жасау керек екенін, шетелдік несие беруші алдындағы міндеттерін орындауға қауқары жететінін айтты. Ал президент Садыр Жапаров сыртқы қарызды төлеу "бір сағатқа да" кешікпейді деді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин 2022 жылғы 6 ақпандағы кездесуінде.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин 2022 жылғы 6 ақпандағы кездесуінде.

2021 жылы Жапаров Қытай қарызын қайтармаудың салдары туралы ескерткен еді. Ол дауды шешудің бір жолы ретінде "Жетім ту" темір кен орнының құқығын Қытай фирмаларына беру қарастырылғанын айтты. Содан кейін Жапаров шахта жергілікті деңгейде жұмысын жалғастыра береді, бірақ оның және Бішкек жылу электр станциясын Қытайға беру мүмкіндігі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ деді. Қырғызстан қарызын уақытында төлемесе, бұлар сыртқы басқаруға өтеді.

ЖАҢА ДАҒДАРЫС

Қазіргі қарыз дағдарысының маңызды аспектілерінің бірі – Қытайдың тәжірибесіздігі мен мұндай мәселелерді шешуге келгенде басым бағыттардың болмауы дейді сарапшылар.

Алпыс жылдан астам уақыт бойы қарызды қайта несиелеумен Париж клубы айналысып келеді. 22 мемлекет кіретін ресми емес қауымдастыққа негізінен Батыс елдері мүше. 1956 жылы құрылған топ Халықаралық валюта қорымен жиі жұмыс істеп, әлем бойынша жүздеген келісімшартқа қол қойған.

Қытай Париж клубына мүше емес және кейінгі жиырма жылда ғана ірі кредит беруші елге айналды. Бұл статусқа жетуге оған "Бір белдеу – бір жол" көмектесті.

AidData маманы Паркс қиындықтар кезінде Пекин маңызды несие беруші ретіндегі статусына қалай қарайтыны белгісіз, бірақ осыған дейін Қытай қарызды несиелеуде сәтсіздіктерге ұшыраған. Мұндай жағдайда қарызу алушымен етене жұмыс істеп, мәмілеге бара білу керек және несие беруші өзге де институттармен әріптестік таныту қажет.

"Қарызды құтқару несие берушілердің бәрі келісімге келгенде және олардың ешбірі артық жүк алмайтындай болғанда ғана жүзеге асады" дейді Паркс. "Қытай мен оның қарызды қалай құтқаратынында қандай жаңалық болатынын күтіп отырмыз".

Қытайдың қандай жол таңдағанын Шри-Ланка, Замбия, Лаос, Камбоджа, Эфиопия елдерінен көріп қалуымыз күн. Бұл елдер проблемалық несиелерін шешу үшін Қытайдан және Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры секілді институттардан қосымша несие сұрап отыр.

30 шілдеде Қытай Замбияның қарызын өтеуге жеңілдік беруге келіскенін жариялады. Бұл Халықаралық валюта қорының мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады. Пекин "Қарыз проблемаларын реттеу жөніндегі жалпы бағдарлама" аясында басқа да несие берушілермен бірге жұмыс істейді. Бұл құжатты G20 елдері 2020 жылы қабылдаған еді.

"О баста болжанғандай, "Бір белдеу – бір жол" өзін бастапқы көзқарасқа сай ұстап тұра алмайды. Бірақ қытайларды орынды бағаламағанымыз болмас" деді Паркс. "Олар бұрынғы қателерінен сабақ алуға және бейімделуге мықты келеді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG