Accessibility links

АҚШ Қазақстан билігін алдағы сайлауларда ЕҚЫҰ бақылаушыларының ұсынысын орындауға шақырды


Алматыда полиция дауыс беру күні сайлауға қарсы шыққан белсенділерді ұстады. 20 қараша 2022 жыл.
Алматыда полиция дауыс беру күні сайлауға қарсы шыққан белсенділерді ұстады. 20 қараша 2022 жыл.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына қатысты мәлімдеме жасап, Вашингтон ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясының пікірімен келісетінін мәлімдеді.

ЕҚЫҰ бақылаушылары "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынаған.

АҚШ Қазақстан билігін ЕҚЫҰ бақылау миссиясының ұсыныстарын алдағы сайлауларда, соның ішінде 2023 жылға белгіленген парламент сайлауында орындауға шақырды.

Вашингтон Тоқаев және оның үкіметімен алға қойған мақсаттарды орындау үшін жұмыс істеуге дайын екенін айтады. АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және еркіндігін қолдайтынын да мәлімдеді.

Бұған қоса, АҚШ мемлекеттік департаменті Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын айта келе, "мықты демократиялық институттар мен белсенді азаматтық қоғамды дамыту үшін бұл реформалардың толық орындалуы маңызды" деді.

Вашингтон Қазақстан билігін ел халқы үшін осы реформаларды толық орындауға шақырады.

  • ОСК 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында қазіргі президент Тоқаев 81,3 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп жариялаған. Бұл сайлауға Тоқаевтан бөлек елге аса танымал емес бес кандидат түскен. Сарапшылар сайлауға шынайы қарсылас бола алатын адамдар жіберілмеді деген.
  • ТМД елдерінен келген бақылаушылар "сайлау заңға сай өтті" деп мәлімдеген. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясының "сайлауда саяси бәсеке болмады" деген сынын Қазақстан сыртқы істер министрлігі "объективті емес" деген.
  • ЕҚЫҰ бюросы Қазақстандағы бұған дейінгі сайлауларды демократиялық талаптарға сай емес деп бағалаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG