Accessibility links

Мәжіліс спикері Батыс елдерінің сайлау туралы мәлімдемесіне эмоциямен реакция білдірді


Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2 мамыр 2022 жыл.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2 мамыр 2022 жыл.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов 23 қарашада мәжіліс кулуарында Батыс елдерінің Қазақстандағы президент сайлауына берген бағасы туралы Азаттық тілшісінің сұрағына эмоциямен жауап берді.

21 қарашада ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынаған. Еуродақ пен АҚШ ЕҚЫҰ бақылаушыларының пікірімен келісетінін атап өткен.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "әуелі бізге кімнің пікірі маңыздырақ екенін анықтап алайық" деді.

—Менің ойымша, бізге халықтың пікірі маңыздырақ. Қазақстан халқы көпшілік болып Қасым-Жомарт Тоқавқа сенім білдірген. Сайлау әділ өтті. Менің ойымша, бұған ешкімнің күдігі болмауы тиіс. Біз аймақтарды араладық және Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдамаған адамды көрмедік, - деді Қошанов.

Видео: "Трафаретті ұсынымдар". Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ бюросының пікірімен келіспейді (23 қараша 2022 жыл).

"Трафаретті ұсынымдар". Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ бюросының пікірімен келіспейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:45 0:00

Ол Қазақстанға бірінші кезекте "тұрақтылық" керектігін айтты.

—Осындай алмағайып кезеңде тәуелсіздігіміз бен территория тұтастығын сақтап қалу маңызды. Сыртта болып жатқан сын-қатерлерді өзіміздің ішімізге кіргізбеуіміз керек. Осыны сіздер, журналистер, әсіресе Азаттық сіздер дұрыс түсінулеріңіз керек деп ойлаймын, - деді мәжіліс спикері. Алайда ол Азаттықты ерекше "бөліп айтуының" себебін түсіндірмеді.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) баяндамасына тоқталған мәжіліс спикері "сіз өзіңіз осы баяндаманы оқыдыңыз ба? Ондағы негізгі жайттар туралы айтыңызшы" деп Азаттық тілшісінен сұрады. Азаттық тілшісі сұрақ қойған кезде негізгі нәрселерін санамалап бергенін айтты.

—Негізгілері ол емес. Негізгілерімен сыртқы істер министрлігі келіспейтінін толық айтты. Бәсекелестік болды. Бес азаматты бәсекелестікке лайық емес деп оларды төмендетіп, олардың құқығын шектеуге болады? Осы дұрыс па? – деді Қошанов.

"Билік Батыстың рекомендацияларын алдағы парламент сайлауына дайындалған кезде ескере ме?" деген сұраққа Қошанов "егер ұсыныстары дұрыс болса, барлығы ескеріледі" деді.

21 қарашада ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп мәлімдеген. Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының жетекшісі Уршула Гацек "плюрализмнің жоқтығы сайлаудағы бәсекенің жолын кесуде едәуір рөл атқарды, ал сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу мүмкіндігін шектеу сыни пікірлер ауқымын тарылта түсті" деді.

Сол күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі ДИАҚБ баяндамасын "объективті емес" құжат деп бағалаған. Қазақстан СІМ баяндамада "трафаретті, үстірт қорытындылар" барын айтып, бұл ұйымның "елдегі ішкі жағдайдың дамуын қабылдауға ықыласы жоғын көрсетеді" деді. Ведеомство ұйым басшылығын "Қазақстан президенті жүргізіп жатқан реформаларға сенімсіздік білдіріп отыр" деп айыптады.

Бұдан соң Еуроодақ Қазақстанды ДИАҚБ рекомендацияларын толық орындауға үндеген. ЕО сонымен бірге "Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев бастамасымен жасалып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жылы қарсы алатынын" айтты. ЕО "сайлау бәсекесіз өтті деген ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның алдын ала қорытындысын" алға тартып, Қазақстан билігін "саяси плюрализмді арттыруға және азаматтардың саяси өмірге араласуға бағытталған реформаларды күшейтуге" үндеді.

АҚШ та ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясының пікірімен келісетінін мәлімдеген.

ОСК мәліметінше, Тоқаев 20 қараша күнгі сайлауда 81,3 пайыз дауыс алған. Инаугурация 26 қарашада өтеді.

XS
SM
MD
LG