Accessibility links

Астанада белсенді Айдар Сыздықов 15 тәулікке қамалды


Астанадағы ауданаралық мамандырылған әкімшілік соты азаматтық белсенді Айдар Сыздықовты "заңсыз митинг ұйымдастырды әрі шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамады. Оны Facebook парақшасында қаңтарда жариялаған посты үшін айыптаған.

Полиция Айдар Сыздықовты 22 қараша кешкі 10-да көшеден ұстап алып кеткен. Белсенді сотта полицияның өзіне күш көрсеткеніне шағымданып, судьядан бөлек ұйғарым шығаруды сұрады.

- Мені қабырғамнан ұрды. Дәрігерлік көмек көрсетпеді. Тамақ та бермеді. Бүгін күні бойы екі самса мен шәй берді. Камерада дәретханаға жібермеді. Есіктен дәлізге қарата дәрет сындыруға мәжбүр болдым, өзім отырған жерге дәретке отырмаймын ғой, - деді ол.

Сыздықовтың сотта айтуынша, оны Facebook парақшасында биыл 19 қаңтарда митингіге шақырған пост жариялады деп айыптаған. Белсенді бұл посты үшін 18 шілде де сот өтіп, судья оның кінәсі жоқ деп танып, босатқанын айтады.

- Мен мұны саяси қудалау деп санаймын. Осы жолы да сол постты себеп қылып тұр. Бір іспен екі рет жазаға тарту – соның көрінісі. Мен пробациялық бақылауды бұзған жоқпын, - деді ол сотта.

Ол судьядан өзін қудалауға қатысы бар деп санайтын полицейлерден жауап алуды сұрады. Сот тек оның қасында отырған учаскелік полиция қызметкерінен жауап алды.

Айдар Сыздықов парақшасында жариялаған поста шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Қаңтар оқиғасынан кейінгі қуадалуды тоқтатып, наразылыққа шығуға шақырған.

Прокурор соттан Айдар Сыздықовты кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қамауды сұрады. Судья прокурордың ұсынысын қуаттап, белсендіні "заңсыз митингіге шақырды, ұйымдастырды" деп айыптады.

Судья белсендінің полиция әрекетіне қатысты шағымдары бойынша бөлек ұйғарыммен шығарып, полицияға ескерту жариялады.

2021 жылы 3 маусымда Астанадағы №2 Cарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Айдар Сыздықовты "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды, қатысты" деп айыптап, бас бостандығын үш жылға шектеген. Бұдан бөлек оған 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерде жазба жазуға тыйым салынған.

Айдар Сыздықов "заңсыз митинг ұйымдастыру" айыбымен бұрын да бірнеше әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

37 жастағы Айдар Сыздықов кейінгі кездері адам құқығын қорғаумен көбірек айналысып, билік пен құқық қорғау органдары қудалағандарға мониторинг жасаумен айналысып жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG