Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының отырысында ұйымның жұмысын сынға алды.
Ол ҰҚШҰ Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыста Ереванды қолдамағанын сынап, Армения Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде бір түнде Алматыға әскер жібергенін баса айтты. Пашинян Армения Қазақстанға әскер жіберу арқылы Астананы хаостан құтқаруға көмектескенін де жеткізді.
"Кейінгі екі жылда ҰҚШҰ-ға мүше ел кемі үш рет Әзербайжан тарапынан шабуылға ұшырады, бірақ ҰҚШҰ тарапынан Әзербайжан агрессиясына қарсы бірде-бір реакция болған жоқ. Бұл – ҰҚШҰ имиджіне үлкен соққы" деді Пашинян.
Биыл 13-14 қырүйекте Армения мен Әзербайжан арасындағы әскери қақтығыс кезінде Ереван Ресейден, ҰҚШҰ-дан және БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінен көмек сұраған. Бірақ ҰҚШҰ жағдайды бағамдау үшін арнайы миссия жіберген.
Ереванда ҰҚШҰ жиыны өтіп жатқанда халық наразылық білдіріп, Арменияны бұл ұйымнан шығаруды талап етті.
Еревандағы отырыста қазақстандық саясаткер Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
ҰҚШҰ-ға Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь мүше. Ұйым келісіміне сай, бес елдің бірінің тәуелсіздігіне, аумақтық тұстастығына қауіп төнгенде басқасы әскери көмек көрсетуі тиіс. Сарапшылар бұл ұйымда Ресейдың ықпалы зор екенін айтады.
Совет одағы ыдыраған соң бірнеше жылдан кейін құрылған ұйым биыл қаңтарда Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде алғаш рет әскерін басқа елдің шекарасына кіргізді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін елге шақырған еді. Тоқаевтың бұл шешімі Қазақстан ішінде қарсылыққа ұшыраған. Қоғамда Ресейдің ықпалы көп ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан шықпай қояды, тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деген пікір айтылған. Ал сарапшылар Тоқаев ҰҚШҰ әскерін елге кіргізу арқылы кланаралық қақтығыста билігін сақтап қалды деген.
ПІКІРЛЕР