Accessibility links

"Ыдырай бастаған" ҰҚШҰ және Орталық Азияның "әлсіреген Мәскеуге қарсы тұруы"


Қазақстан әскері ҰҚШҰ жаттығуына қатысып жатыр. Армения, 2017 жыл.
Қазақстан әскері ҰҚШҰ жаттығуына қатысып жатыр. Армения, 2017 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдің Украинадағы соғыста әлсіреуі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кесірін тигізгенін жазып, ұйым ыдырай ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Ресейдің «әлсірегенін сезген» Орталық Азия елдері батылдық танытып, Мәскеумен тең құқылы қарым-қатынас орнатуға ұмылып жатқанына тоқталды. Одан бөлек Қытай аймақтағы үстем ойыншыға айнала ма дегенге үңілді.

ҰҚШҰ ВАРШАВА КЕЛІСІМІНІҢ КЕБІН КИЕ МЕ?

«Мәскеу НАТО-ға балама етуді көздеген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы қазір ыдыраудың алдында тұр. Путиннің Украинадағы соғысы Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ықпалына осылайша кесірін тигізіп жатыр». Сарапшы Пол Гоблдың АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтындағы мақалада осындай ой айтады.

Гобл ҰҚШҰ 1992 жылы құрылғанда оған Ресей мен посткеңістік кеңістіктегі бес ел кіргенін, бір жылдан кейін ұйымға мүше елдердің саны тоғызға жеткенін еске салады. Сарапшының ойынша, келесі жылы ҰҚШҰ-да небәрі үш ел – Ресей, Беларусь пен Тәжікстан ғана қалуы мүмкін. Ал Тәжікстан президенті Рахмонның Астанадағы Орталық Азия – Ресей саммитінде Путинге қарата айтқан мәлімдемесін ескерсек, бұл әскери альянста тек Ресей мен Беларусь қана қалуы ғажап емес.

«ҰҚШҰ күйрейтінінің белгілері анық байқалады, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ресейлік сарапшылардың бірі Георгий Филиннің ойынша, “ҰҚШҰ Варшава келісімінің тағдырын қайталап жатыр”», − дейді Гобл. Бұл ретте Филин 1955 жылы КСРО, Болгария, Венгрия, Польша, Румыния, сол уақыттағы Чехославакия мен шығыс Германия қол қойып құрған, 1991 жылы күшін жойған Варшава келісімі ұйымын меңзеп тұр.

Автор ҰҚШҰ-ның ыдырау алдында тұрғанын үш оқиға көрсетеді деп есептейді. «Алғашқысы – Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ бітімгершілік күштері өзінің тарихында тұңғыш рет әскери операциямен Қазақстанға кірді. Артынша Астана мен Мәскеу арасындағы қайшылықтан кейін Қазақстан бұл әскери альянспен әріптестігін тоқтатты».

Гоблдың пайымдауынша, Армения мен Әзірбайжан арасында қыркүйек айында болған Таулы Қарабақтағы қақтығыстан кейін Ереван да ұйыммен әріптестігін үзген. Ереван ол уақытта ҰҚШҰ-дан көмек сұрады, алайда ұйым бұған араласқысы келмеген. Нәтижеде Армениядағы саясаткерлер елдің ҰҚШҰ-дан шығуын талап етті.

Үшіншіден, Қырғызстан Тәжікстанмен шекарада болған қақтығыстан кейін қазан басында өз аумағында жоспарланған ҰҚШҰ әскери жаттығуын өткізуден бас тартты. Автордың ойынша, бұл Мәскеу күтпеген және оны алаңдатқан оқиға болды.

ҰҚШҰ құрылғанда Мәскеу, тіпті Батыста қайсыбіреулер оны НАТО-ға балама болатын ұйым деп қарастырды. Гобл шын мәнінде, ҰҚШҰ НАТО-ға қарсы күш бола алмайтыны белгілі еді дейді. Себебі Мәскеу жыл сайын өткізетін қысқа мерзімді оқу-жаттығудан бөлек, ұйымға жеткілікті қаржы бөлмеді. Оны былай қойғанда, НАТО-ға мүше кей елдер арасында қайшылық болғанымен, ҰҚШҰ-ға әу бастан Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияда бір-бірімен қиян-кескі қақтығыс, тіпті соғыс жүргізген елдер кірді. Ұйым өзін аймақтағы бітімгер деп көрсетсе де, Гобл ҰҚШҰ Қазақстаннан басқа өзінен көмек сұраған мүше елдердің өтініштерін орындамағанына назар аударады.

ҰҚШҰ әскерін Қазақстан аумағынан әкетуді талап етіп тұрған халық. 6 қаңтар Бішкек, 2022 жыл.
ҰҚШҰ әскерін Қазақстан аумағынан әкетуді талап етіп тұрған халық. 6 қаңтар Бішкек, 2022 жыл.

Автор осылайша «ұйым Варшава келісімінің кебін қайталап жатыр» деген Филин мен «Эль Мюрид» атты бүркеншік атпен блог жүргізетін сарапшы Анатолий Несмиянның ҰҚШҰ-да Мәскеу бетпе-бет келген қазіргі жағдай «КСРО ыдырағанға дейінгі ахуалды еске түсіреді» деген пікірімен келіспеу қиын дейді. Филиннің ойынша, ҰҚШҰ-дағы жағдай «онсыз да досы санаулы Ресейдің серіктестері онан бетер азайғанын, ал одақтастары тіпті қалмағанын» көрсетті.

"РЕСЕЙДІҢ ӘЛСІРЕГЕНІН СЕЗГЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАТЫЛДЫҚ ТАНЫТА БАСТАДЫ"

Бірқатар Батыс басылымы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Астанадағы Орталық Азия – Ресей саммитінде Путинге қарата айтқан мәлімдемесін талдап, бұл аймақтың Мәскеумен қарым-қатынасы өзгергенін көрсете ме деген сұраққа үңілді.

«Тәжікстанның автократы Эмомали Рахмонның аймақтағы жиынды пайдаланып, Ресей президентіне кейіп, қиыспайтын кеңес беріп, «құрмет көрсетуді» талап еткен сөздерін сәл ашулы, риза емес кейіптегі Путин үнсіз тыңдады. Бұл Украинадағы соғыста жедел жеңіске жетемін деп болжаған Мәскеудің сегіз айдан кейін қандай қиын ахуалға тап болғанын көрсететін көрініс еді», − деп жазады АҚШ-тағы Bloomberg ақпарат агенттігі.

Мақала авторы Клара Феррейра Маркес Орталық Азия мен Тәжікстан Путинмен Украинадағы соғыс үшін қарым-қатынасын үзбегенін, Мәскеумен экономикалық және сауда байланыстары аймақ үшін маңызды екенін келтіреді. Автор Рахмон түптеп келгенде Мәскеуден көбірек инвестиция мен көбірек қарайласуын сұрады дейді.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң басқа аймақтардағы мүддесіне көңіл бөлмей кетті. Тәжікстан мен Қырғызстан шекарада қақтығысты. Армения мен Әзірбайжан арасындағы шиеленіс ушықты. Қаңтар айында Қазақстанда тәртіпті қалпына келтіруге көмектескен Ресей бастаған ҰҚШҰ әскері бұл жолы күш-қауқарын көрсете алмады. Қырғызстан ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартты, Арменияда ұйымнан шығу туралы талаптар қойылды. Ақпарат агенттігі бұл жайттар Мәскеу өз ықпалынан айырылып жатқанын көрсетеді дейді.

Ал бұл тақырыпқа тоқталған Reuters ақпарат агенттігі «Ресейдің Украинадағы соғыста әлсірегенін сезген Орталық Азиядағы Мәскеудің кейбір жақын одақтастары батылдық таныта бастады», − деп жазады.

Мақала авторы Олжас Әуезовтің жазуынша, Батыс санкцияларын айналып өтуге ұмтылған Ресей Орталық Азияның нарығы мен сауда жолдарына көз салды. Аймақ елдері Ресейге осы тетік арқылы әсер ете алатынын біліп, барған сайын Мәскеуге қарсы тұра бастады. Рахмонның Путинге қарата Орталық Азия елдерін құрметтеуге, аймақ елдеріне "Совет одағындай саясат ұстанбауға" шақырған мәлімдемесі осы үрдісті көрсетеді.

Тәжікстандағы лауазымды тұлғалар өзара әңгімеде Рахмон Ресей Тәжікстанға ондаған жылдар бойы өз ықпалындағы ел ретінде қарап, оқшауда қалған соң ғана Душанбеге бет бұрғанына кейігенін жеткізді.

«Орталық Азия елдері Ресейдің аймаққа белгілі бір дәрежеде тәуелді және мүдделі екенін біледі. Осы сәтті өз реніштерін жеткізіп, тең құқылы қарым-қатынас орнату үшін пайдаланып жатыр», − дейді қазақстандық саясаттанушы Рустам Бурнашев ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Ақпарат агенттігі Путин Украинадағы соғыспен жүргендіктен, Мәскеудің посткеңестік кеңістіктегі конфликтерді реттеуші және қауіпсіздік кепілгері ретіндегі рөлі сын тезінен өтіп жатыр дейді.

Астанаға сапар кезінде Путин Тәжікстан президенті Рахмон және Қырғызстан президенті Жапаровпен үшжақты кездесу өткізіп, қыркүйек айында екі ел арасында қақтығыс тудырған шекара мәселесін талқылады. Путин екі ел арасындағы шекара қалай өтетінін нақты көрсететін Совет кезіндегі карталарды тауып беруге уәде етті, бірақ жалпы алғанда кездесу айтарлықтай нәтиже бермеді.

Бақылаушылар Астанада өткен саммиттер кезінде Қазақстан президенті Тоқаев Түркия, Катар, Әзірбайжан және тағы басқа елдердің басшыларымен кездесіп, Путинмен екіжақты кездесу өткізбегеніне назар аударды.

«Дегенмен Орталық Азиядағы ең ірі екі ел − Қазақстан мен Өзбекстан Мәскеуді ашуландырмауға, өзіне қарсы қоймауға тырысып жатыр, өйткені олар әлі де Ресейді дағдарыс кезінде өздеріне көмектесе алатын қауіпсіздік кепілгері көреді», − дейді Ұлыбританияда тұратын саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Алишер Илхамов.

Саясаттанушының айтуынша, соғыста Путиннің позициясы әлсірей берсе, ұзақ мерзімде Қытайдың аймақтағы үстем ойыншы ретіндегі ықпалы арта түседі.

«Қазір Орталық Азия қамқоршысының рөлі біртіндеп Ресейден Қытайға өтіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл орын бос тұрмайды, оны біртіндеп Қытай басады», − дейді Илхамов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG