Бірқатар халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің елшіліктері журналист Болат Теміровті Қырғызстаннан Ресейге жіберу туралы шешімге пікірлерін айтты.
АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігі журналисті депортациялау "демократия принциптеріне қайшы" келетінін айтты. Дипломатия өкілдігі журналистер кәсіби міндетін атқаратын кезде кек алады деп қорықпауы тиіс деді.
"Бішкек қалалық сотының журналист Болат Теміровті депортациялау туралы шешімі демократия принциптеріне қайшы. Журналистер кек алады деп қорықпай, еркін жұмыс істей алуы керек. Сөз бостандығы Қырғызстан Конституциясымен қорғалған - бұл құқықтар сақталуы тиіс" деп жазылған АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігінде.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс Twitter парақшасында шешімге алаңдайтынын білдірді.
"Журналистер кәсіби міндетін атқарғаны үшін ешқашан жазаланбауы тиіс. Қырғыз Республикасы белсенді азаматтық қоғамымен танымал. Сөз бостандығын тұншықтыру талпынысы оған нұқсан келтіреді" деп жазды Прайс.
Ұлыбританияның Қырғызстандағы елшілігі Бішкек қалалық сотының Болат Теміровті ұстап, дереу елден шығару туралы шешімінен "көңілі қалғанын" мәлімдеді.
Еуроодақтың Қырғызстандағы өкілдігі құқық қорғау органдарының журналист-зерттеушіге қатысты әрекеті Қырғызстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қайшы деп санайды.
"Біз танымал журналист Болат Теміровті елден шығару туралы Бішкек қалалық сотының шешімі мен оның дереу ұсталғанына қатты алаңдаулымыз. Бұл Қырғызстанның сөз бостандығы, тәуелсіз БАҚ және журналист-зерттеушілердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Қырғызстан билігін халықаралық принциптерден айнымауға шақырамыз" деп жазылған ЕО-ның Қырғызстандағы өкілдігі таратқан хабарламада.
БҰҰ арнайы баяндамашысы Мэри Лолор бұған дейін Қырғызстан билігін Теміровті елден шығару туралы шешімді тоқтатуға үндеген. Лолор сот шешімін "жемқорлықпен күрескен" журналистен "кек алу амалы" деп бағалайды.
"Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарлама үйлестірушісі Гүлноза Саид журналисті елден шығару туралы шешімді Ресейде мобилизация жүріп жатқан шақта Теміровтің өміріне қатер төндірген жауапсыз қадам деп атады.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Теміровті елден шығармауға үндеді.
"Сот 2022 жылы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының сыйлығына ұсынылған Болат Теміровті Ресейге депортациялау туралы шешім шығарды. Президент Садыр Жапаровты (журналист-зерттеуші оның үстінен шағым түсіретінін айтқан) елден шығару шешімін тоқтатып, төлқұжатын қайтаруға шақырамыз" деп жазылған ұйым мәлімдемесінде.
23 қарашада Бішкек қалалық соты Свердлов ауданы прокуратурасының бірінші инстанциядағы үкімге түсірген шағымын қарап, Болат Теміровті Қырғызстаннан шығаруды қаулы еткен. Журналист сот залынан күшпен шығарылып, ізінше Мәскеуге депортацияланды.