Accessibility links

Түркістанда "журналисті өлтірмек болды" деп айыпталған азаматтарға сот үкімі шықты


Журналист Амангелді Батырбеков
Журналист Амангелді Батырбеков

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты республикалық «Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековтің өміріне қастандық жасау ісі бойынша үкім шығарды.

Журналисті өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған бұрынғы шенеунік Бауыржан Майрихов 11 жыл үш ай, Сабыржан Молдаходжаев 11 жыл, Әбдухамит Қуандықов 13 жыл, Мейіржан Досболов 12 жыл, Нұрғали Қыдырәлиев 12 жыл алты ай түрме жазасына кесілді.

Азаттықтың қолындағы сот үкімі оқылған видеода судья айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін, жаза тағайындау барысында олардың бұрын сотталмағаны, жәбірленушінің үш сотталушыға кешірім бергені, жауапқа тартылып жатқан үш азаматтың жас баласының бары назарға алынғанын айтады.

Соңғы сот отырыстарының бірінде прокурор айыпталушылардың жазасын ауырлатуды сұраған. Бірақ журналист Амангелді Батырбеков бұған қарсы болған.

– Кінәсін мойындаса болды, бәрі қазақтың баласы ғой. Сондықтан олардың жағдайын ауырлатуға келіспедім. Осы айыптың өзі оңай емес, – деді Батырбеков.

4 қаңтарға қараған түні Түркістан облысы Сарыағаш қаласында журналист Амангелді Батырбековтің ұлына үйінің маңында белгісіз біреулер оқ атқан. Кейіннен полиция қылмысқа қатысы бар деген бес адамды ұстаған.

Олардың қатарында Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов бар. Іс материалдарына қарағанда, журналист Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында Сарыағаш аудандық білім бөлімі қызметкерлері мен басшылығының жұмысын сынап, мақала жазған. Тергеу тарабының нұсқасы бойынша, Майрихов осы материалдар негізінде жұмыстан босатылып, Батырбековтен өш алу үшін журналисті өлтіруге тапсырыс берген. Оқиға орнында Батырбековтың ұлы Дінмұхамедке оқ тиіп, жараланған.

– Осыған дейін 16-дай сот отырысы өтті. Іс әділ қаралды. Жаза дұрыс тағайындалды деп есептеймін. Менің ойымша, мұндай жағдай қайталанбауы керек. Бұл деген масқара ғой. Журналистерді сынағаны үшін тапсырма беріп, атқызып, өлтіру – барып тұрған жабайылық, ортағасырлық әрекет. Мұндайдың тамырына балта шабу керек, – деді журналист.

Азаттық тілшісі айыпталушылардың адвокаттарына да хабарласып көрді. Адвокаттардың бірі телефон арқылы пікір беруден бас тартты. Екінші адвокат журналиспен сөйлесті, бірақ кейін қорғауымдағы азаматтың рұқсатын алуым керек деп, пікірін жариялауға келіспеді. Қалған қорғаушылар телефон қоңырауына жауап берген жоқ.

Айыпталушы Майрихов пен Молдаходжаев Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен, Қуандықов пен Досболов «Адам өлтіру», «Қаруды заңсыз жасау», «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», Қыдырәлиев «Адам өлтіру» және «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен айыпталған.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG